Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық шаруалардың 8,5 млн теңгесін сақтап қалды

26.04.2022, 9:30 250

HALYQLINE.KZ

Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік субсидия алған қызылордалық кәсіпкерлерден уәкілетті орган қаржыны кері қайтаруды сұраған. Істің мән-жайын Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері зерделеп, нәтижесінде олардың құқығын қорғап, шаруалардың 8,5 млн теңгесін сақтап қалды.

Шиелілік кәсіпкер Махсұт Көзайдаров мал шаруашылығымен айналысады. Ол төрағалық ететін «Алишах» шаруа қожалығы 2020 жылдың ақпанында күн панеліне кеткен шығынына мемлекеттік субсидия алу үшін өтінім береді. Кәсіпкердің өтініші қанағаттандырылып, сол жылдың мамырында 4 млн теңге субсидия беріледі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылы бекіткен «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» қағидаларына сәйкес сатып алынған тауарларды электронды шот-фактуралармен растау электронды шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Махсұт Көзайдаров күн панелдерін сатып алу барысында кәсіпкермен келісімшарт жасап, тауарды сатқан кәсіпкер шот-фактураны веб-порталға салады. Ал субсидия беруге жауапты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары «Алишах» шаруа қожалығында тауарлардың тұрғанына қатысты уақытында қарап-тексеру актісін жасайды.

Алайда кәсіпкер 2021 жылдың қарашасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан мемлекеттен алған субсидияны қайтару туралы ескертпе хат алады. Ол жағдайдың бұлай өрбігеніне алаңдап, Кәсіпкерлер палатасына өтініш білдіріп, құқығын қорғауды сұрады.

«Бұл жерде кәсіпкердің кінәсі жоқ. Күн панелдерін сатқан кәсіпкер уақытында веб-порталға электронды шот-фактураны салған. Дегенмен кейін құжатты қателесіп қайтарып алады. Ол туралы өздері де хатпен түсініктеме беріп отыр. Азаматтық кодексте міндеттеме тиісті дәрежеде орындалған жағдайда тоқтатылатыны айтылған және адал иеленуші туралы арнайы баптар бар. Біз сол баптарды негізге алып, сотта кәсіпкердің құқығын қорғап шықтық», дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қызылорда облысындағы бизнес-омбудсменнің өкілі Салават Құлмахан.

Кәсіпкерлер палатасы директоры орынбасарының айтуынша, күн панелдері үшін субсидия алған тағы екі кәсіпкер – «Айболат» және «Қарасай» шаруа қожалықтары осындай мәселемен палатадан көмек сұраған. Палата заңгерлері сотта бұл кәсіпкерлердің де мүддесін қорғады.

Нәтижесінде Кәсіпкерлер палатасы шаруалардың 8,5 млн теңгесін сақтап қалды.

Қызылорда облысы  кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: