Бұған дейін әннің ғұмырын сазгердің шабыты, ақынның сөзі, орындаушының дара үні мен тыңдарман талғамы айқындайтын. Енді осы шығармашылық үдерістің едәуір бөлігін алгоритм атқара алады. Бірнеше минутта мәтін жазып, әуен құрастырып, адам дауысына барынша жақын вокал ұсынатын жасанды интеллект музыка өндірісінің қалыптасқан тәртібіне өзгеріс енгізді. Алайда техникалық мүмкіндіктің кеңеюі өнердің көркемдік деңгейін де көтере ме? Авторлық еңбек пен алгоритм жасаған өнімнің арасы қай тұстан ажырайды? Ең бастысы, музыкада адамның орны қандай болмақ?
Ән әлеміндегі технологиялық өзгерісті кезекті цифрлық жаңалықтың бірі ретінде қабылдау жеткіліксіз. Себебі де сол, жасанды интеллектінің ән шығару қабілеті шығармашылық туралы қалыптасқан түсінікті қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Мәселен, бұрын әннің тууы белгілі бір ізденісті, музыкалық сауат пен көркемдік талғамды, кейде ұзақ жылғы тәжірибені қажет ететін. Қазір арнайы музыкалық білімі жоқ адамның өзі мәтіндік нұсқау арқылы дайын композиция жасата алады. Жанрын, ырғағын, аспаптық сүйемелдеуін, дауыс сипатын белгілейді. Алгоритм соған сәйкес музыкалық туынды ұсынады. Мұның өнерге әкелген мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Шығармашылыққа қызығатын адамның өз идеясын жүзеге асыруына жол ашылды, музыка өндірісіндегі кейбір шығын мен уақыт қысқарды. Сазгерлер мен аранжировщиктер (дыбыс әрлеушілер) үшін де жаңа құрал пайда болды. Бірақ ән шығару оңайлаған сайын, оның көркемдік құны мен авторлық еңбектің бағасы қалай сақталмақ?
ЖИ ЖАСАҒАН ЖҮРЕКСІЗ ТУҒАН ӘНДЕР…
Жасанды интеллектінің музыкалық мүмкіндігі оның бұрыннан бар шығармашылық үлгілерді талдап, солардың негізінде жаңа комбинациялар құрастыру қабілетіне сүйенеді. Ол белгілі бір жанрдың ерекшелігін, әуендік құрылымды, ырғақ пен үндестікті меңгеріп, берілген тапсырмаға сай нәтиже шығарады. Алғаш тыңдағанда, мұндай композиция кәсіби туындыдан кем түспеуі мүмкін. Дегенмен, музыкалық сауаттылық пен көркемдік тереңдікті бір өлшеммен бағалау жаңсақтық болар еді. Әннің техникалық тұрғыдан мінсіз орындалуы оның тыңдарман жадында ұзақ сақталатынына кепіл емес. Музыканың көркемдік қуаты дыбыстардың үйлесімінен ғана тұрмайды. Оның астарында автордың дүниетанымы, өмірлік тәжірибесі, белгілі бір кезеңге берген бағасы, кейде қоғам айта алмаған шындықты өнер тілімен жеткізу ниеті жатады. Әннің тағдыры да көбіне осы мазмұнмен айқындалады. Әлбетте, жасанды интеллект сағыныш, махаббат, жалғыздық немесе елге деген сүйіспеншілік туралы мәтін құрастыра алады. Бірақ тақырыптың мағынасын тану мен оны адамның өз тәжірибесі арқылы сезіну арасында айырма бар. Алгоритм эмоцияны сипаттайтын сөздер мен әуендік қалыптарды үйлестіреді. Алайда сол сезімнің өмірдегі салмағын бастан өткерген жоқ. Сондықтан оның туындысы әсерлі естілуі мүмкін болғанымен, сол әсердің табиғаты мен көркемдік негізі – бөлек мәселе. Мұнда жасанды интеллектіні адаммен бәсекеге түсірудің өзі – шартты салыстыру. Бірі – деректер мен үлгілерді өңдейтін жүйе, екіншісі – тәжірибе, таным, сезім және шығармашылық шешім арқылы өнер жасайтын тұлға. Технологияның артықшылығы – жылдамдық пен нұсқалардың көптігі. Ал адам шығармашылығының басты ерекшелігі – сол мүмкіндіктердің ішінен мәндісін таңдап, оған өзіндік мазмұн бере білуінде.
Жасанды интеллектінің музыка саласына ықпалы эстетикалық мәселемен шектелмейтіні рас. Оның кәсіби ортадағы еңбек қатынастарына әсері де күн тәртібіне шықты. Мәселен, ән мәтінін жазатын ақын, әуен шығаратын сазгер, аранжировка жасайтын маман, дыбыс режиссері мен орындаушының әрқайсысы белгілі бір шығармашылық міндет атқарады. Енді осы жұмыстардың бірқатарын алгоритмнің орындауы олардың кәсіби қызметіне деген сұранысты өзгертуі ықтимал.
Әрине, бұл пайым технологияны пайдаланатындардың бәрі мамандарды ығыстырады деген сөз емес. Керісінше, кәсіби музыканттар ЖИ-ді өз жұмысының сапасын арттыратын құрал ретінде қолдана алады. Бірақ тапсырыс беруші үшін жылдам әрі арзан жасалған өнім тартымды бола бастаған жағдайда, кәсіби еңбектің нарықтық бағасы төмендеу қаупі бар. Әсіресе, ән жазу мен дыбыс өңдеуді негізгі табыс көзіне айналдырған мамандар үшін бұл өзгерістің салдары елеусіз емес.
Ұлыбританияда жарияланған 2026 жылғы «Brave New World?» зерттеуіне 10 мыңнан астам шығармашылық сала өкілі қатысқан. Сауалнамаға қатысқан музыканттардың 73 пайызы реттелмеген генеративті жасанды интеллектіні өз кәсібінен табыс табу мүмкіндігіне қауіп төндіреді деп бағалаған. Бұл дерек бүкіл әлем музыканттарының көзқарасын білдірмегенімен, кәсіби ортадағы алаңдаушылықтың негізсіз еместігін көрсеттті.
Мәселенің тағы бір қыры – музыкалық өнімнің шамадан тыс көбеюі. Егер кез келген адам бірнеше минутта ондаған композиция жасай алса, музыкалық кеңістік бұрынғыдан да толыға түседі. Бірақ ұсыныстың артуы сапаның өсуіне тікелей ықпал етпейді. Керісінше, мазмұны мен көркемдік ерекшелігі бір-біріне ұқсас туындылар көбейіп, тыңдарман назарын иелену бәсекесі күшеюі мүмкін. Мұндай жағдайда әннің құнын оның қалай жасалғаны ғана емес, музыкалық ортада қандай орны бар екені де айқындайды.
ӨНЕРДІ АЛГОРИТМГЕ АМАНАТТАДЫҚ ПА?
ЖИ жазған әнге қатысты ең күрделі мәселенің бірі – авторлық иелік. Алгоритм музыканы бұрыннан бар шығармалар мен дыбыстық материалдарды талдау арқылы үйренеді. Демек, оның жаңа композицияларының артында басқа авторлардың интеллектуалдық еңбегі тұруы мүмкін. Осы тұста шығармашылық өнімді пайдалану мен оны заңсыз иемденудің аражігін ажырату қажеттігі туындайды.
Мысалы, белгілі бір әншінің дауысын айнытпай қайталайтын жасанды вокал жасалса, орындаушының келісімі ескеріле ме? Белгілі сазгердің музыкалық қолтаңбасына тым жақын композиция пайда болса, оның шығармашылық дербестігі қалай қорғалады? Ал алгоритмге тапсырма берген адам дайын әнді өз туындысы ретінде жарияласа, оның авторлық үлесі қандай өлшеммен бағалануы керек?
Бұл сауалдар халықаралық музыка индустриясында нақты құқықтық дауларға ұласты. 2026 жылғы 31 шілдеде Мюнхеннің өңірлік соты Германияның GEMA авторлық құқық ұйымы мен Suno компаниясы арасындағы дауда компанияның бірқатар музыкалық шығарманы рұқсатсыз пайдаланғаны туралы талаптарды негізінен қанағаттандырды. Сот жасанды интеллект моделін оқыту барысында қорғалатын музыкалық элементтердің пайдаланылуын және олардың жүйе жасаған туындылардан танылуын назарға алған. Бұл іс генеративті технологиялардың дамуы авторлық құқық талаптарын айналып өтуге негіз болмайтынын аңғартады.
Қазақстанда да бұл мәселені реттеудің құқықтық негізі қалыптасты. 2025 жылғы 17 қарашада қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң 2026 жылғы 18 қаңтардан бастап күшіне енді. Заңның 23-бабында жасанды интеллект көмегімен жасалған туындыға авторлық құқықты тану үшін адамның шығармашылық үлесі болуы қажеттігі белгіленген. Сонымен бірге, зияткерлік-шығармашылық қызмет нәтижесі саналатын мәтіндік тапсырмалар да заң талаптарына сәйкес қорғалуы мүмкін.
Алайда, құқықтық норманың болуы барлық дауды шешіп бермейтіні анық. Адамның шығармашылық үлесі қай деңгейден басталады? ЖИ-ге әннің тақырыбы мен жанрын ғана көрсету жеткілікті ме әлде әуендік құрылымға, мәтінге, композицияның мазмұнына тікелей араласуы қажет пе? Мұндай туындыны тіркеу мен авторлық иелікті дәлелдеудің нақты тетіктері де маңызды. Сондықтан технология дамыған сайын заңнаманы қолдану тәжірибесі мен кәсіби сараптаманың да қатар жетілуі қажет. Алгоритм мен авторлық құқықтың арасындағы бәсекені бағамдау үшін «MUKHASAN studio» негізін қалаушы, сазгер, дыбыс әрлеуші Нұрмұқасан Болатұлымен пікірлескен едік.
Сазгердің сөзінше, қазір алгоритмнің адаммен бәсеке болуының екіжақты тұсы бар.
– Негізінен, жасанды интеллект 1943 жылы пайда болған. Ал, музыкаға арналған платформасы 2023 жылы дамыды. Жасанды интеллектінің музыка саласына келуі шығармашылыққа жаңа мүмкіндіктер ашты. Қазір арнайы платформалар арқылы поп, хип-хоп, рок, джаз секілді түрлі жанрда мыңдаған ән жасалып, YouTube пен TikTok желілерінде кең таралуда. Мұндай туындылар кейде адам қолынан шыққан музыкалармен бәсекеге түсіп те жүр. Меніңше, ЖИ-дің артықшылығы – жаңа идея ұсынып, аранжировка жасауға, шығармашылық ізденіске шабыт бере алатынында. Мәселен, Suno платформасы арқылы түрлі жанрда ән жасап, музыкалық шешімдерді сынап көруге болады. Дегенмен, оның кемшілігі де жоқ емес. Кейбір дыбыстық партиялар мен аспаптардың үйлесімінде олқылықтар кездеседі. Ең бастысы, жасанды интеллект музыкаға техникалық тұрғыдан өң берсе де, адамға тән сезім мен эмоцияны толық жеткізе алмайды. Сондықтан ЖИ-ді музыканттың орнын басатын құрал емес, шығармашылыққа көмектесетін технология ретінде пайдаланған дұрыс. Оның пайдалы мүмкіндіктерін игеріп, музыканың көркемдік құндылығын сақтай білу маңызды, — дейді Нұрмұқасан Болатұлы.
Жасанды интеллектінің музыка өндірісіне араласуы кәсіби музыканттардың еңбегі мен авторлық құқыққа қатысты жаңа мәселелерді де алға шығарды. Әсіресе, аранжировка, дыбыс өңдеу және дайын музыкалық өнімнің сапасы төңірегінде сауал көп. Осы ретте музыкант Нұрмұқасан Болатұлы ЖИ платформаларының жұмыс ерекшелігіне, оның кәсіби музыка өндірісіне ықпалына тоқталды.
– Музыка өндірісінде аранжировкалау мен микстеу (сведение) деп аталатын екі бөлек жұмыс бар. Аранжировкашы әннің музыкалық құрылымын жасап, барабан, бас-гитара, гитара секілді аспаптардың партияларын құрастырады. Ал сводчик (дыбыс режиссері) сол жазылған партиялар мен вокалды бір-бірімен үйлестіріп, дыбыс деңгейін, тембрін, жиілігін реттейді. Яғни, музыканы тыңдарманға сапалы әрі жағымды етіп жеткізу үшін барлық дыбыстың балансын келтіреді. Қазір Suno сияқты платформалар осы жұмыстардың біразын бірнеше минутта орындауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл, әсіресе, авторлық әнін кәсіби деңгейде әрлетуге қомақты қаржы жұмсағысы келмейтіндер үшін тиімді көрінуі мүмкін. Мәселен, бір әннің аранжировкасына 500 мың теңге жұмсағанша, ЖИ көмегіне жүгінуді жөн санайтындар бар. Алайда Suno ұсынған дайын аранжировканың дыбыс сапасы кәсіби студияда жасалған жұмыспен әрдайым бірдей емес. Аспаптардың тембрі, дыбыстардың тазалығы мен жалпы микс сапасында айырмашылық байқалады.
Тағы бір ескеретін жайт – авторлық құқық мәселесі. Suno арқылы толық жасалған музыканы авторлық туынды ретінде таратуда платформаның лицензиялық талаптары мен контент жариялайтын сервистердің ережелерін ескеру қажет. Ал ЖИ-дің жекелеген аспаптық кейбір элементін пайдаланып, негізгі аранжировканы өзің жасау – шығармашылыққа қосымша мүмкіндік. Меніңше, технологияны тұтас шығармашылық еңбектің орнына қолданбай, қажетті тұстарын ғана пайдаланған дұрыс. Мысалы, Сырым Исабаевтың «Сол бір сезім» әні өткен жылдың қысында хит болды. Бұл ән осы «SUNO AII»-мен, яғни жасанды интеллектімен жасалған. ЖИ-дің кейбір элементін ала отырып, аранжировканы маманның өзі жасаса, авторлық құқық сақталады, — дейді Н.Болатұлы.
ТЕХНОЛОГИЯ ДАМИДЫ, АЛ ӨНЕРДІҢ ТАЛҒАМЫ ШЕ?
Жасанды интеллектінің музыкаға енуі – уақытша құбылыс емес. Оның мүмкіндіктері кеңейген сайын ән өндірудің тәсілдері де өзгереді. Бірақ бұл өзгерісті шығармашылықтың жеңісі деп біржақты бағалау қиын. Өйткені әннің техникалық сапасы мен көркемдік құндылығы бір ұғым емес. Жылдам жасалған композицияның көп болуы музыкалық ортаның байығанын білдірмейді.
Мәселе ЖИ-ді қолдану немесе одан бас тартуда емес. Мәселе – технологияның мүмкіндігін пайдалана отырып, авторлық жауапкершілікті, кәсіби еңбекті және көркемдік өлшемді сақтай білуде. Тыңдарман да әннің қалай жасалғанына, оның артында кімнің шығармашылық шешімі тұрғанына бейжай қарамауы керек. Себебі музыкалық талғам тек дайын өнімді тұтынудан қалыптаспайды, ол сапаны ажырата білуден, мазмұнға мән беруден басталады.
Бәлкім, алдағы уақытта әннің кім жазғанынан гөрі, оның қандай технологиямен жасалғаны жиі талқыланатын шығар. Бірақ өнердің шынайы бағасы алгоритмнің жылдамдығымен немесе дыбыстың мінсіздігімен өлшенбейтінін ескеруіміз қажет. ЖИ әуен құрастыра алады, мәтін жазады, дауыс қалыптастырады. Ал сол туындыға мән беретін, оның көркемдік шегін белгілейтін және қоғам алдындағы жауапкершілігін мойнына алатын адам болуы керек. Өйткені технология музыканы өндіру тәсілін өзгерте алғанымен, өнердің адамға не үшін қажет екенін әлі де адамның өзі айқындайды.
Жасанды интеллект жасаған әндердің көбейгеніне тыңдарманның көзқарасы да әртүрлі. Әлеуметтік желілерде мұндай туындылардың жиі кездесуі біреулерге қызық көрінсе, енді бірі музыканың бірсарынды сипат алуынан жалыққанын айтады. Тыңдарман үшін әннің техникалық сапасынан бөлек, оның мазмұны мен адамға әсері де маңызды. Осы орайда ЖИ көмегімен жасалған музыкаларға қатысты тыңдарман Жанел Тоқтамыстың пікірін білген едік.
– Басында ЖИ арқылы жасалған әндер қызық көрінетін. Әуені де жаман емес, дауысы да кәдімгі адамдікіндей естіледі. Бірақ қазір әлеуметтік желіні ашсаң да, YouTube қоссақ та, осындай әндерден көз сүрінеді. Бір сарынды әуендер, жасанды дауыс, қайталанатын мәтіндер көбейіп кетті. Кейде әннің авторы кім, орындаушысы кім екенін де түсінбей қаласың. Мен технологияға қарсы емеспін, алайда өнерді жаппай жасанды өнімге айналдырып алмасақ екен. Қазір жаңа әннен бұрын, шынайы сезіммен орындалған жақсы музыканы сағынатын болдық, — дейді тыңдарман Жанел Тоқтамыс.
Өнердің қадірі әннің тыңдарман жүрегінде қанша уақыт сақталатынымен бағалы. Жасанды интеллект әуенді көбейте алғанымен, сол әуенге өмірдің шындығын, адамның жан күйзелісі мен қуанышын дарыта ала ма? Технология дамыған сайын музыканың мүмкіндігі кеңейгенімен, оның көркемдік өлшемі арзандамауы керек. Өйткені ән жасау оңайлаған заманда нағыз өнерді тану бұрынғыдан да маңызды бола түсті.
Перизат ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!