Бүгін Қазалы ауданында ақын, Қазақстан Журналистер одағының және Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Алмагүл Шәріқызы Қаржаубаеваның 70 жас мерейтойына арналған «Өмірім – өрнек, жырым – жүрек үні» атты әдеби-сазды кеш өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Руханият пен тағылымға толы кеште мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы, елге сіңірген еңбегі мен шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды.
Салтанатты кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов мерейтой иесін мерейлі жасымен құттықтап, оның ел дамуына сіңірген еңбегі мен ауданның рухани-мәдени өміріне қосқан үлесі жайында атап өтті. Сондай-ақ мерейтой иесіне қазақы дәстүрге сай камзол мен жаулық жауып, құрмет көрсетті.
— Қазыналы Қазалы ауданы – қашанда сөз өнерін қадірлеген, жыр мен сазды жанына серік еткен, талай ақын мен жазушыны, өнер майталмандарын түлеткен қасиетті өлке. Сол рухани көштің ішінде өзіндік қолтаңбасымен танылып, туған жерінің абыройын асқақтатып жүрген азаматтардың бірі – Алмагүл Шәріқызы. Алмагүл апайымыз еңбек жолын кітапхана саласында бастап, мемлекеттік қызметте және қоғамдық жұмыстарда абыройлы еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-мәдени өміріне зор үлес қосты. Алмагүл Шәріқызының болмысын айшықтайтын басты қасиеттердің бірі – ақындық өнері. «Сыр самалы», «Қасиетті Қазалым – ел дегенім», «Жүректегі жауһарлар» атты жыр жинақтары оқырман жүрегінен орын алып, рухани қазынамызды толықтырды. Аудандық мәслихатта жауапты қызметтер атқарып, аудандық мәслихаттың алғашқы шақырылымының депутаты ретінде елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, ауданның рухани-мәдени дамуы жолында аянбай еңбек етті. Апайымыздың көп жылғы еңбегі мен шығармашылық жолы лайықты бағаланып, Қазақстан Журналистер одағының және Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі, Қазалы ауданының Құрметті азаматы атануы – ел алдындағы еңбегінің айқын көрінісі. Елге сіңірген еңбегіңіз бен руханият саласына қосқан үлесіңіз үшін Сізге зор алғысымды білдіремін. Қазалы жұртшылығының құрметіне бөленіп, ел игілігіне арналған еңбегіңіздің зейнетін көре беріңіз, — деді аудан әкімі.
Әдеби-сазды кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған сахналық көріністер қойылып, өлеңдері оқылды. Сондай-ақ сөзіне жазылған әндер орындалып, жергілікті өнерпаздар мен жас таланттар мерейтой иесіне өз өнерлерін тарту етті.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – жас оқырмандардың ақын өлеңдеріне деген ықыласы болды. Әсіресе, жас оқушының Алмагүл Шәріқызының жырларын бала кезінен оқып, жатқа білетінін айтып, арнайы өлең арнауы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Мерейтой аясында қаламгердің «Өлең деген жүректе көктемім бар», « Көңіл көкжиегі» атты жаңа қос кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.
Кеш соңында мерейтой иесі Алмагүл Шәріқызы сөз сөйлеп, мерекелік іс-шараны ұйымдастырушылар мен ақжарма тілектерін арнаған барша қауымға шынайы алғысын білдірді. Сондай-ақ туған жері Қазалыға арналған жүрекжарды өлеңін оқып, жиналған жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады.
Қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келген Алмагүл Шәріқызы саналы ғұмырын білім мен еңбекке, елдік мүдде мен руханиятқа арнады. Кітапхана саласында еңбек етіп, кейін аудандық мәслихат жүйесінде жауапты қызметтер атқарды. 1995 жылы аудандық мәслихат депутаты болып сайланып, ел сенімін арқалаған азамат ретінде ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. 2005-2016 жылдары аудандық мәслихат аппаратының басшысы қызметін атқарды.
Сонымен қатар қаламгерлік жолда да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, туған жердің тарихын, елдің тағдырын, адамдық асыл қасиеттерді жырына арқау етті. «Сыр самалы», «Қасиетті Қазалым – ел дегенім», «Жүректегі жауһарлар» атты жыр жинақтары оқырманға жол тартты. Бүгінде 500-ден астам өлеңнің авторы ретінде әдебиет әлемінде өзіндік орны бар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!