Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Самұрық-Қазына» ісіне қатысы бар деген күдікпен «Қазатомөнеркәсіптің» басшысы ұсталды

25.11.2026, 11:56 73

Қазақстанда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бұрынғы басшылығына қатысты сыбайлас жемқорлық ісі аясында тағы бірнеше адам ұсталды. Олардың арасында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков те бар. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, күдіктілер 23 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, деп хабарлайды Halyqline.kz.

ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің хабарлауынша, Қуаныш Омарбеков пен өзге де тұлғалар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған деген сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабының 4-бөлігі, яғни пара беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

— Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді, — делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.

Қуаныш Омарбеков «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма мүшесі, өндіріс жөніндегі бас директоры қызметін атқарған. Бұған дейін, 4–6 қараша күндері ол компания делегациясын бастап, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығына жұмыс сапарымен барған. Сол кездесуде радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және екі ұйым арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланған.

Еске салайық, бұған дейін, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. Кейін тергеу сотының санкциясымен оларды күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғаны мәлім болды.

ҰҚК мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері жария етілмейді. Сондықтан күдіктілердің нақты қандай әрекеттері тергеліп жатқаны, болжамды параның мөлшері және іске қатысы бар өзге адамдардың кім екені әзірге хабарланған жоқ. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: