Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жемқорларға жеңілдік болмауы керек»: Тоқаев елдің алдағы даму бағытын айтты

19.11.2026, 14:30 27

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен III Стратегиялық серіктестер форумында еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары, ғылым мен жоғары білімнің болашағы, жасанды интеллект технологияларын енгізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы айтты. Халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдері мен жетекші университеттердің басшылары қатысқан жиында Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы дамуында адами капитал мен технологиялық әлеуетке басымдық берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент соңғы жеті жылда елімізде жүргізілген реформаларға тоқталып, бірқатар экономикалық көрсеткішті келтірді. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі биыл 398 млрд долларға жетуі мүмкін. Жеті жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 181 млрд доллар болған. Тоқаевтың айтуынша, 2019 жылдан бері ел экономикасына 155 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылып, сыртқы сауда көлемі 150 млрд долларға жуықтаған. Сонымен қатар алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 129 млрд доллардан асқан.

Жемқорлыққа қарсы күрес жалғасады

Мемлекет басшысы форум барысында қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мәселесіне де тоқталды. Президент жемқорлықпен айналысатын адамдарға жеңілдік жасалмауы керектігін атап өтті. Бұл мәлімдеме мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық мәселелері қоғам назарында тұрған кезеңде айтылып отыр.

Еске салайық, 13 қарашада Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» компанияларының басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасап, Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін жемқорлық тәуекелдерін азайту және квазимемлекеттік сектордың жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын.

Қазақстан 100 мың шетелдік студент тартуды көздеп отыр

Президент жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне ерекше назар аударды. Былтыр Қазақстанда 31 мың шетелдік студент білім алса, биыл олардың саны 41 мыңға жеткен. Оның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылық қолдауымен оқып жатыр. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізу міндеті тұрғанын айтты. Сонымен қатар биыл Қазақстанның 18 университеті QS халықаралық рейтингіне, ал 10 жоғары оқу орны Times Higher Education ұйымының 2027 жылғы рейтингіне енгенін атап өтті.

– Ғылым мен білімде жаттандылыққа, формализмге жол беруге, сайып келгенде, өзіңді алдауға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Халықтық құрылыс»: жоғары оқу орындарына жаңа міндет жүктелді

Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасына да тоқталды. Бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде мектептер, балабақшалар, емханалар, спорт кешендері, оңалту орталықтары, театрлар, әуежайлар, теміржол вокзалдары және басқа да инфрақұрылымдық нысандар салу жоспарланған. Сонымен бірге атом, су және жылу электр станцияларын, деректерді өңдеу орталықтарын салу көзделген. Президент аталған жобаларды жүзеге асыру үшін білікті инженерлер мен жаңа буын мамандары қажет болатынын айтып, жоғары білім беру жүйесіне ерекше жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. 

Шымкенттегі университетке ұлттық мәртебе беріледі

Форумда айтылған маңызды жаңалықтардың бірі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне қатысты болды. Мемлекет басшысы аталған оқу орнына ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бүгінде Шымкенттегі әрбір бесінші студент осы университетте білім алады. Алдағы уақытта Шымкентті еліміздің оңтүстік өңіріндегі ірі ғылыми-білім беру орталығына айналдыру көзделіп отыр.

Президент шетелдік университеттердің филиалдарын ашумен шектелмей, олардың ғылыми әлеуетін Қазақстанда орнықтыру қажеттігіне де тоқталды. Академиялық ынтымақтастықтың келесі кезеңінде бірлескен зерттеу зертханаларын ашу, технологиялық жобаларды іске асыру және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу жоспарланған. 

Форум қорытындысында Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен БҰҰ университеті арасында қол қойылған келісіммен алмасу рәсімі өтті. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: