Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Оңтүстікмұнайгаз» шетел компаниясына қалай сатылды?

19.11.2026, 8:00 22

1994  жылдың соңында меншік түрі өндіріс­тік бірлестік «Оңтүстікмұнайгаз» мемлекеттік акционерлік қоғамы (МАҚ) болып қайта құрылды. 90 пайызға жуық акцияны мемлекет өзінде сақтап қалды, қалған 10 пайызы еңбек ұжымының арасында өтеусіз таратылды. Еңбек ұжымына тегін таратылған акцияның құны 10 (он) тиын бағамен берілді. Қазіргі уақытта 10 тиынға бір қорап сіріңке де ала алмайсың. Қалыптас­қан жаңа экономикалық жағдайларда осы өзгеріс халықтың акцияларды иеленуіне жол бастайтын бірден-бір ақылға қонымды қадам болды деп кезінде баспа беттерінде жарыса жазып жарнамалағанымен, бүгінгі күні осылар жайлы ҚР Үкіметі тарапынан көбіне-көп әрі қызу  айтылып  қалып  та  жүр.

1996 жылы 23 сәуірде Министрлер кабине­тінің, Премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің қолы қойылған «Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру мәселелері» атты қаулысы жарық­қа шықты. Қаулыда жекелей алғанда, былай делінген: «ҚР Президентінің 1995 жылы 23 желтоқсандағы «Жекешелендіру туралы» Заң күші бар Жарлығын орындау мақсатында, дербес жоба бойынша жекешелендірілетін кәсіпорындардың тізбесі бекітілген…». Солардың ішінде №88 нөмірмен «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ аталған жекшелендіруге тәуелсіз Қазақстан экономикасы­ның  тізбекті негізін құрайтын барлығы 152 акционерлік қоғам жатқызылды. Осы 152 акцио­нерлік  қоғамның  көбі  өнім өнді­ріп, мемле­кетке  табыс әкеліп тұрған, КСРО-ның  кезінде  салынған   мекемелер  болатын.

1996 жылы «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ мұнай өндіру  көлемі жылына 2,5 миллион тоннаға дейін жеткізу жобаланды. Дегенмен, асыра орындап,  3 миллион  тонна  өндірді.

Қазақстанда өнім беріп тұрған, мемлекет экономикасының негізін құрайтын стратегиялық мекемелерді шетел компанияларына сату басталды. Бірінші кезекте мұнай компаниялары «Теңіз» (дүниежүзіндегі мұнай кеніштерінің ішінде қоры бойынша бестіктің бірі, американдық «Шевройл» компаниясына 1,1 миллиард АҚШ долларына сатылды), «Оңтүстікмұнайгаз», «Ақтөбемұнай», т.б., Қазақстанның мыс, темір өндірісінің флагмандары Жезқазғандағы «Қазақ­мыс», Теміртаудағы «Қармет», электр қуатын өнді­ре­тін Екібастұздағы ГРЭС-2 шетел компанияла­рына  арзан  бағамен  сатылып  кетті.

Кезінде «Теңіз», ГРЭС-2, «Қазақмыс» және «Кармет»-тің шетел компанияларына қалай сатыл­ғаны жайында БАҚ беттерінде, Парламент қабыр­ғасында қызу айтыстар болғаны да белгілі. Серікболсын Әбділдин бастаған депутаттар «Теңіз» мұнай кен орнын сатудан түскен ақшаның қайда екені туралы Үкіметке сұрау салды. Сол кездегі Үкіметті басқарып отырған Премьер-министр И.Тасмағанбетов аталған мұнай кенішінен түскен қаржының қайда екенін айтып, депутаттардың алдында есеп берді.

Хош, сонымен «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ-ын жекешелендіру жөніндегі тендерге американдық «Самсон» және әлемдік мұнай нарығында ешкім біле бермейтін канадалық «Харрикейн Хайдрокорбонз ЛТД»-ның еншілес кәсіпорны «Харрикейн Құмкөл  Лимитед»  компаниясы  қатысты.

«Соңғысы бейне бір Қазақстанның жер қойнауын игеруге арнайы құрылғандай. Неге десеңіз, ол 1992 жылы «Тұран Петролеум» БК (бірлескен кәсіп­орын) құра отырып, өңірімізге алғаш келген шетелдік компаниялардың бірі болды. Алайда, жұмыс атқаруда асығыс қимыл жасамай, өзіне неғұрлым ауқымды жобалардың шығуын күтті. Осылайша, «Оңтүстікмұнайгаздың» атынан өкілдік етуге қол жеткізді», — деп еске алады, сол уақыттағы бағалы қағаздар  бөлімінің  бастығы  Александр  Акимов.

«Бірақ, өкініштісі, сол кездегі үкіметтің мұнай саясатында көзқарасы өзгешелеу болды. Шетелдіктердің пайдасына жекешеленіп жатқан мұнай кеніштері сол жердің ыстық-суығын көрген адамдар үшін жүрекке жүк түсірді. Қанша еңбекпен салын­ған өзіңнің үйің жат біреуге дұшпан күлерлік арзан бағаға сатылып жатса, қалай болар еді? Ал бүгі­нін ғана ойлайтын жоғарғы лауазым иелеріне 1911 жылдан келе жатқан «Доссор» да, кеше ғана ашылған «Құмкөл» де бәрібір болды. Дайын асқа келген шетелдіктер тек салық пен айлықты төлеп отырса болды. Міне, осының бәрі – ауыр да болса мойындайтын факт», — деп сол уақыттағы жұмыс істеп тұрған өндірістерді жекешелендіруді желеу етіп, «солақай» саясаттың қалай іске асырылғанын бұрынғы «Оңтүстікмұнайгаз» ӨБ-нің бас инженері, «Теңіз Шевройл» бірлескен кәсіпорнының Астанадағы  өкілі  Төлеген  Хасанов  еске  алады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдин өзінің журналистерге берген сұхбатында мемлекеттік мүлікті жекешелендіру саясаты қалай жүргені туралы: «Елде приватизация емес, шын мәнінде «прихватизация» болды…» деп сол уақыттың куәгері, қалай жекешелендірудің «солақай» жүргенін  көзімен  көргенін  айтады.

Президенттің 1995 жылғы 23 желтоқсандағы «Жекешелендіру туралы» Заңы жайында тәуелсіз баспа беттерінде халықтың жанайқайын келістіре жазған журналистер болды. Сол уақыттағы тәуелсіз басылымдар мен тәуелсіз журналистердің мақалалары баспа беттерінде жарық көрді. Макс Моралевичтің «Харрикейн» пропадает без следа» атты мақаласында: «…Но курс Кабмина на приватизацию был непреклонен. Региону оставалось смириться с этим «дамокловым мечем» и с интересом наблюдать, как народная собственность перетекает в частную, именуемую «рыночными отношениями», саму идею навязали Кабмину эксперты Всемирного Банка Развития. Они, кстати, предлагали и  форму  акционирования.  Народного.

В тендере на приватизацию «ЮНГа» участвовали американская компания «Сомсон» и никому до этого неизвестная на мировом нефтяном рынке «Харрикейн  Кумколь  Лимитед» – дочка  канадской «Харрикейн  Хайдрокорбонз  ЛТД». …

На пресс-конференций в Алма-Ате, посвященной сделка века, председатель «Межведомственной комиссии по приватизации нефтегазового комплекса РК» Сарыбай Калмурзаев, выразит полную уверенность в том, что «Харрикейн» выполнит все свои  обещания, а сама операция не подлежит перес­мотру  и  не  вызывает  сомнений», — деп  жазды.

Сол сияқты Андрей Губенконың «Канадские бульдозеристы шабашат на Кумколе», «Деньги на ветер», Алексис Корнердің «Ураган» на Кумколе», Евгений Косенконың «Самсон» уже есть. Ждем Далилу?», А.Ревиннің «У «Южнефтегаза» новый хозяин», Николай Дроздың «Различие в подходах государственных  структур  к приватизации в нефтегазовом секторе предопределяет «рваный» характер ее проведения», «Подписание контракта о приватизации «Южнефтегаза» сопровождали серьезные разногласия внутри государстенных структур» («Панорама», №46, 47, 48, 1996), Владимир Лидің «Кумколь на распутье» («Казахстанская правда», №103, 22.05. 1996) және т.б.  мақалалары  жарияланды.

«Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ-ын сату туралы бол­ған бірінші тендерде американдық «Самсон» фирмасына сатылғаны туралы «Хабар» арнасынан берілген болатын. Бір апта өтер-өтпестен «Хабар» арнасы «канадалық «Харрикейн» компаниясына сатылды» деп қайта жариялады. Сонымен, «Хабар» арнасының  соңғы  хабары  шындыққа  айналды.

«Свидетельством серезных противоречий, сущес­твующих внутри казахстанских властных структур по этому поводу, стало письмо заместителя председателя Высшего экономического совета Ержана Утембаева и советника Президента по правовым вопросам Игоря Рогова, адресованное Президенту Назарбаеву. В письме под сомнение ставится соответствие некоторых положений зак­люченного контракта существующим в Казахстане правовым нормам (речь идет о передаче $ 10 млн на счет Кызыл-Ординской области для завершения строи­тельства больницы, вознаграждение консультантов из первого и второго транша, выплачиваемых «Харрикейном»). Кроме того, под сомнение ставится неодинаковость гарантий продавца и покупателя в ходе  заключения  контракта, а также в качестве мину­са упоминается  малоизвестность  «Харрикейна …», — деп  жазады.

«Кроме того, «Харрикейн Хайдрокарбонз», по данным канадского посольства, располагает под­держ­кой инвестиционных учереждений Северной Америки с совокупными капиталом около 54 миллиард  доллара.

Противоречия вокруг собственности в Казахстане вылились в нечто беспрецедентное – войну консультантов… тем не менее не признан частью казахстанский элиты распоряжающейся собственностью», — деп Канада елшілерінің берген жалған ақпаратында сатып алушы «Харрикейн» пайдаланған.

ҚР Үкіметінің  атынан «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ-ын шетел компанияларына сатуға келісім жасау­ға, уәкілетті орган Мұнай және газ өнеркәсібі министрі Нұрлан Балғымбаев канадалық «Харрикейн Хайдрокарбонзбен» арадағы келісімшартқа қол қойған жоқ, оның орнына басқа адамның қолы тұр және аты-жөні, лауазымы да жазылмаған. Бір қызық жері, канадалық «Харрикейн Хайдракарбонз» «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ-тың 89 пайыз акция­сын 120 миллион АҚШ долларына сатып алғанымен, осы ақша толық төленбеді деген әңгіме әлі күнге дейін айтылады. Құзырлы органдар тексергенімен, нәтижесі болған жоқ, соған қарағанда меншік иесі «Харрикейн Хайдрокарбонзды» «мықты адам» қолдап отырған болуы ықтимал. Тағы бір қызық  жері, «Харрикейн Хайдрокорбониз» Қазақстанның ең ірі мұнай өңдеу өнеркәсібі «Шымкент мұнай өңдеу зауы­ты» акцияларының 91 пайызын иеленді. Соны­мен, оңтүстіктегі мемлекеттік маңызы бар екі үлкен кәсіпорын «Оңтүстікмұнайгаз» бен «Шымкент мұнай өңдеу зауытының» егелері канадалық «Харрикейн  Хайдрокарбонз»  болып  шыға  келді.

1996 жылы 4 желтоқсанда Министрлер кабинеті «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ-ын жекешелендіру туралы мәселеге нүкте қояды. 1997 жылдың сәуірінде акционерлердің жалпы жиналысы өтті. Осы жиналыста компанияның президенттігіне Киит Маккрей сайланып, Роберт Бердығожин отставкаға кетті. Ал «Оңтүстікмұнайгаздың» атауы «Харрикейн Құмкөл Мұнай» (ХКМ), кейін «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» болып өзгерді. ҚР Үкіметі атынан уәкілетті орган мен кәсіпорын иесі қол қойған келісімшартқа сәйкес, соңғысы бірқатар міндеттемені өз мойнына алды. Айталық, 280 миллион доллар тікелей инвес­тиция  құю.  Бұл  міндеттеме  де  орындалған  жоқ.

Мемлекеттің еңбек ұжымына тегін таратылған акциялардан, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» мұнай сатқан пайдасынан жұмысшыларына дивиденд­терді  (құны 10 тиын)  жөнді  берді  ме  екен?

Оқырманға түсінікті болу үшін «Харрикейн» аты өзгеріп, бас мекемесі «ПетроҚазақстан Инк» АҚ деп аталды. Осы мекемеге «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресо­риз» АҚ-ның (ПКҚР) – 100%, «Торғай-­Петролеум» АҚ-ның – 50%, «Қазгермұнай» БК» ЖШС-нің – 50%, «Көлжан» ЖШС-ның – 100%, «ПетроҚазақстан Оверсиз Сервисез Инк» — 100%, «ПетроҚазақстан Сауда үйі» ЖШС-ның – 100% және «ПетроҚазақстан Ойл Продакс» ЖШС «Шымкент мұнай өңдеу зауытының» (ШНОС) 100% акциясы бұйырды. Бұдан бөлек «ПетроҚазақстан Венчерс Инк» пен «Ориент Петролеум (Сентрал Эйжа)  ЛТД»  ақцияларын  да  иемденеді.

Кезінде Қазақстан Үкіметінің араласуымен «ҚазМұнайГаз»   ҰК АҚ   «ПетроҚазақстан Инк»  АҚ-ның  33%  акциясын сатып алды. Соны­мен, «Петро­Қазақстан Инк» АҚ-на тиесілі 67%, «Қаз­МұнайГаз» ҰК АҚ-на тиесілі 33% болды. Инвестицияның тапшылығы кезінде шетелдік компанияларға арзан бағаға сатылған мұнай-газ активтерін Үкімет қымбат бағамен қайта сатып алғанын мақтан тұтады. Оған да шүкір дейміз, қайтарып алуға кіріскендері  қуантады.

Осы арада оқырманға «Қазгермұнай» БК» АҚ-ның қалай құрылғанын айтып кеткеннің артықшылығы болмас. Себебі, 90-жылдардың басында Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелден инвесторлар мен технологияларды ауқымды тарту арқылы ел экономикасын жылдам дамыту міндетін алға қойды. Осы міндетті орындау үшін Оңтүстік Торғай иініндегі жерасты кенін игеруге «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің балан­сындағы 12 мұнай-газ кеніші тендерге шығарылды. Соның ішінде бір лотпен «Ақшабұлақ», «Нұралы», «Ақсай» кеніштерінде 52 миллион тонна мұнай қоры бары анықталған. «Қазгермұнай» БК» АҚ-ның алғашқы бас директоры Жеңіс Жалғасов: «Сол уақытта аты-жөні Қазақстанға бұрын танымал болмаған, тіпті өз елдерінде де аты беймәлім «компаниялар» табан астында жаңадан құрылып, тендерге қатысқан. Иә, ондай да болған. Таңдауда көздеген мақсатымыз мемлекеттің мүддесі болды. Сондықтан да шығар, біз тапсырманы абыроймен орындадық»,  — деп  еске  алады.

Тендерге қатысқан 12 мұнай-газ кәсіпорнының ішінде таңдау жасалынып және «Оңтүстікмұнайгаз» ӨБ, «Феба ойл АГ» және «Эрдойл — Эрдгаз Гомерн ГмбХ» неміс компанияларының құрылтайшы­ларымен келісімшартқа  қол  қойылды. 1993 жылы 19 қазанда сол уақытта Қазақстан Үкіметін басқарып отырған Премьер-министр С.Терещенконың қолымен «Қазгермұнай» бірлескен кәсіп­орны құрылды, 50% акциясы неміс компаниясына, 50%-ы «Оңтүстікмұнайгаз» ӨБ-ге қарады. «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директоры болып «Оңтүстік­мұнайгаз» ӨБ-нің бас инженері Жеңіс Жалғасов тағайын­далса, бірінші  орынбасары болып немістер жағынан  Краус  Валтьер  отырды.

1995 жылы «Феба ойл АГ» компаниясы активтерінің 25%-ын немістің «RWE-DEA» компаниясы және 7,5%-ын «IFC» халықаралық қаржы корпора­циясы иемденді. 1996 жылы «Оңтүстікмұнайгаз» ӨБ-ны «Харрикейн Хайдрокорбониз» компаниясының сатып алуына байланысты, «Қазгермұнайдың» 50% активі канадалықтарға, 50%-ы немістерге тиесілі болды. 2006 жылы неміс компанияларының біріккен кәсіпорнының акцияларын «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ сатып алды. 2007 жылдың сәуірінде біріккен кәсіпорынның 50%-ы қытайдікі, 50%-ы қазақстандікі болып есептеледі. Сонымен, «Қазгер­мұнай» компаниясы неміс қаржысымен салынды. Неміс құрылтайшылары Қазақстан нарығынан шығуға  мәжбүр  болды.

Президент Н.Назарбаев пен Премьер-министр Ә.Қажыгелдинге «Оңтүстікмұнайгаз» МАҚ-тың 89 пайыз акциясын канадалық фирма «Харрикейн Хайдрокорбонизге» сатқаны туралы «Гермұнай» БК компаниясының құрылтайшыларының атынан У.Кессель хат жазды. Олар қалған мемлекеттің есебіндегі 50 пайыз ақциясын сатып алуға өтініш білдірді. Өтініштері Қазақстан жағынан қараусыз қалды. Аяғында, БК «Гермұнай» компаниясының құрылтайшыларын Қазақстан нарығынан қуып шықты, тек БК «Гермұнай» деген аты қалды. «Қазгермұнайдың» басында болған жағдай аргентиналық ком­пания  мен  жеке  қазақстандық қомпания «Қуат Амлон Мұнайдың» да басында болды. Қазіргі уақытта «Қуат Амлон Мұнай» компаниясының 100%  активі  қытай  компаниясының  еншісінде.

Кезінде қаламының ұшында «желі бар» жергі­лікті журналистер жер-көкке тигізбей «Харрикейн­ді» мақтағанымен, олар өз майымызды өзімізге қуырып, өз байлығымыздан (итке сүйек тастағандай) қайырымдылық деп, халықтың қорғалмаған әлжуаз тобына, соғыс және еңбек ардагерлері, мүгедек­терге, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларына атаулы мақсатта бергендерін жарыса жазды. Сонда деймін-ау, мемлекетіміз ай қарап отыр ма? Байлығымызды шетел компанияларына сатпасақ, еліміздің жетім-жесірге жақсылық жасауы қолынан келмейтін болғаны ма? Олардың уәжі: «мемлекетке уақытында салығын төлеп, жұмыс­шылар айлығын мезгілінде алады, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді, астарыңда шетел көлігін мініп жүрсіңдер, қолдарыңда ұялы телефон, не ішем десең де базар толған тағам». Бір журналист ағамыз: «Алғашқы жылдары қазақстандық журналистердің от алып кеткен сындарынан сүрінбей өтті. Әсіресе орыстілді басылымдардың айтпағаны жоқ. Олар қитұртқы байбаламның неше түрлі тәсілін жүдемелетіп бақты. Көздеген мақсаттарын кейін аңғардық, екіжақты ықпалдастықтың арасында жәдігөйлікпен сына қағу екен… Бекерге назаланбаңдар, қиындық өтеді, кетеді, жарық дүниенің жақсылығы мол» деп «Харрикейн» компаниясының сойылын соғатын мақала жазды. Ал осы ағамыз елді шулатқан «Харрикейн Хайдрокорбониздің» бүгінгі күні жер шарының қай түкпірінде «мұнай өндіріп» жатқанын  біле  ме  екен?

Канадалық «Харрикейн» («ПетроҚазақстан Инк» АҚ) компаниясы тоғыз жыл (1996-2003) ішінде Құмкөл мұнайының «қаймағын» сыпырып алып сатып, шаш етектен пайдасын көрді де, қалғанын Қытай компаниясына сатып кетті. Қазіргі уақытта (2025) «Құмкөл» мұнай кенішінен 97 пайыз су өндіріле­ді.

Оңтүстік Торғай иініндегі мұнай кеніштерін иелену құқығы үшін қытайлық инвесторлар 2005 жылы «ПетроҚазақстан Инк» копаниясына қарай­тын 12 мұнай-газ кеніші мен «Шымкент мұнай өңдеу зауытын» қоса (ШНПЗ) 4,2 миллиард АҚШ долларына сатып алғаны белгілі. Құмкөл кеніші мен Оңтүстік Торғай иініндегі бірқатар кен орнын игеруші еншілес компанияларының меншік иесі «Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы» (CNPC) болып  есептеледі.

Қазақстанның оңтүстігіндегі Қызылорда облысының мұнай кеніштерінің жартысынан көбі «Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының» (CNPC) қарамағанда. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның 100%, «Торғай-Петролеум» АҚ-ның 50%, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-нің 50%, «Көлжан» ЖШС-нің 100%, «ПетроҚазақстан Венчерс Инк» компаниясының 100% активі солардың еншісінде. Осы мұнай мекемелерінен 2017 жылы 5 миллион 186 мың тонна мұнай өндірілген, соның 4 мил­лион 686 мың тоннасын жанар-жағармай өндіру үшін «Шымкент  мұнай  өңдеу  зауытына»  берген.

Екінші бір Қытай мұнай компаниясы «CNPC АйДанМұнай» АҚ-ның 100%, «Қуат Амлон Мұнай» БК» ЖШС-ның 100%, Батыс Тұзкөлдің 50%  акция­сын иемденеді, осы мұнай мекемелерінен өндірі­летін мұнай өнімі тағы бар. Ал Қытай компания­сына қарас­ты жаңадан зерттеліп жатқан мұнай кеніштерін қосыңыз. Оған «Белқұдық», «Ақжар», «Тасқұдық», «Жаңбыршы» кен орындары кіреді. Ертеңгі күні солардан да мұнай шығады. Қазіргі уақытта «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның қарамағында 16 мұнай-газ кен орны бар. Сонда Қызылорда облысының аумағынан өндірілетін  мұнайдың 70-80%-ын еншілеп отырса, Қытай елінің  мұнайы  болмай,  кімдікі  болады?

Бұған Шымкент мұнай өңдеу зауытының 66 па­йыз акциясын қоссақ, мұнай зауытынан шығатын жанар-жағармай өнімдері Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Өскемен қалаларында орналасқан Қытай компаниясына қарайтын 100-ге жуық май құю бекетінде (АЗС) сатылады. Жанар-жағармай өнімдеріне бағаны қоятын да – солар. Жыл сайын жанар-жағармай бағасы шарықтап барады. Сатылған жанар-жағармайдан  түскен  табыс – тағы  да  қытайдікі.

«Өзгелерден озық болып көш бастаған жақсы ғой, әйтсе де көмірсутектердің орны бөлек». Осы бір көпке мәлім қытай мақалының мағынасын басқаша сөзбен саралай келсек, корпорацияның көлемі мен маманданған бағыттарының қаншалықты болғаны маңызды емес, ең бастысы – елді қымбат бағалы шикізатпен толық қамтып отырса жеткілікті деген түйінге саяды», — деп Қытай компаниясының сая­сатын ескертіпті журналист Қасым Иманбер­диев («Сырдария» журналы, №4 (14). 2011. Кұмкөлдің жасампаз­дығына – ширек ғасыр. 33-б).

Қытай компаниясы «Ақтөбемұнайгаздың»  89 пайыз, «Маңғыстаумұнайгаздың» 50 па­йыз акция­сын сатып алған. Оның үстіне Атырау-Кенқияқ-­Кұмкөл-Атасу-Алашанькоу мұнай және газ («Азия газ құбыры» ЖШС) құбыры салынып, елімізден өндірген өнімдерін тікелей Қытайға тасы­малдайды. Мұнай және газ құбырлары Қытай инвестиция­сының көмегімен салынды, яғни меншік иесі – Қытай компаниясы. Елімізде өндірілетін мұнайдың көлемі жылына 90 миллион тонна болса, соның 30-40 пайызы аспанасты еліне тиесілі. Тәуелсіз сарапшылар, саясаткерлер Қазақстанның стратегиялық көмірсутегі өнімдерінің 40 пайызы аспанасты елінің меншігінде болуына қатты алаң­даушылық білдіруде. Екіншіден, шетелден алынған сыртқы қарызымыз 176 миллиард АҚШ доллары­нан асып жығылады. ТМД елдерінің арасында бұл ең жоғарғы көрсеткіш болса, соның үштен біріне жуығы Қытайдан алынған. Әлі де үкіметтің шетелден  қанша  қарыз  алатынын  бір  Құдай  біледі!

Өндіріс нысандарын жекешелендіреміз деген желеумен Қазақстандағы мұнай-газ өндіріп тұрған мекемелер бірінен кейін бірі қазаққа емес, шетел компанияларына сатылып кетті. Мұның аяғы айна­­лып келгенде, тендерден ұтқандардан алынған «откадтар», «ҚАЗАҚГЕЙТ», «РАХАТГЕЙТ», «ПАНАМА­ГЕЙТКЕ» әкелді. Мұнай кеніштерін шетелдік компанияларға сатқанда, солармен байланысы бар «мықтыларды», тіке жолмен «адастыр­май», шетел тергеушілерінің алдына алып барды. Шетел басылымдары Қазақстандағы мұнай-газ саудасында болып жатқан жемқорлықты әшкерелеп, ашық түрде жарыса жазып, бүкіл дүниежүзіне таратты. Ал «жоғарғы жақ» ешнәрсе көрмегендей, білмегендей, естімегендей, аузын ашпайды. Иә, «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген рас-ау. Кезінде С.Әбділдин бастаған бір топ парламент депутаты Қазақстан Үкіметінің шетел компанияларымен жасасқан келісімшарттарды жариялауды Үкіметке  сұрау  салғанымен,  жауапсыз  қалды.

Кезінде  саясаттанушы  Расул  Жұмалы  «Мұнай – қазақтың  бағы  ма,  соры  ма?»  атты  мақаласында: «Естеріңізде болар, сонау 2005 жылы Қазақстан билігі өндірілетін мұнай көлемін 70 миллионнан 150 миллионға жеткіземіз деп мәлімдеді. …Содан бері он емес, он үш жыл өте шықты. Экологтар мен жергілікті жұрттың жанайқайына қарамастан, мақтаулы Қашаған кәсіпорны іске қосылды. Алайда мұнай көлемі сол 70-80 миллионнан асар емес. Қазақ­станда  өндірілетін  мұнайдың  баррелінің  (159 литр) өзіндік құны – 6 доллар. Бұл – әлемдегі ең төмен өлшем. Келетін пайда неғұрлым көп болса, әділ есептеу бойынша жалақы да соғұрлым жоғарғы болатыны ақиқат. Бізде олай емес. Қазақстанда аталмаш көрсеткіш айына 600-1000 долларды құраса, Саудияда – 5000-8000 доллар. Салыстыру үшін: Америкада мұнайдың өзіндік құны 32 доллар бола тұра, орташа жалақы – 10000 доллар, 17 долларлық мұнай өндіретін Норвегияда орташа жалақы – 13000 доллар, мұнайдың өзіндік құны 15 долларлық Аус­тралияда 14 000 долларға жетеді. Әлемдегі ең төмен жалақы алатын мұнайшылары Суданда 5000 доллар. …Отандық  мұнай  серкелерінің табысы құпия. Бірақ  уақыт  өткен  сайын олардың жасырын шоттары әшкере­леніп,  миллиондаған долларға яхта мен арал, тоқалдарына бриллиант пен виллалар сатып алады. …Мұнай бағасы 120 доллар болғанда экономиканы өркендете алмаған шенділердің бұл көрсеткіш 60 долларды құрағанда бір нәрсені тындыра­тына сенудің өзі қиын…», — деп жазыпты («Халық»  газеті, №47 (951), 29 қараша, 2018 жыл).

Еліміз егемендік алғаннан бері 35 жыл ішінде, Қазақстан Үкіметінде 13 Премьер-министр ауыс­ты. Солардың үшеуі Әкежан Қажыгелдин сырттай сотталып шетелде жүр, Серік Ахметов істі болып, түрмеден шықты, Кәрім Мәсімов  түрмеде отыр. Келесі Премьер-министрдің  алдынан  көзіне  көрінбейтін, білінбейтін жасырынып тұрған қандай «…ГЕЙТ» күтіп тұр екен? Көпшілігімізді мазалайтын да, көкейімі­зде  жүрген  де – осы  сұрақ.

Әлібек  САБЫРБАЕВ,

зейнеткер,  мұнай-газ  саласының  еңбек  ардагері.

(«Құмкөл – Сыр  бойының  «қара  алтын»  қазынасы.

Құмкөлдің  тарихы  және  энциклопедиясы» атты  кітаптан  үзінді).

Фото: qaz.ulysmedia.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: