Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, орфография сөздігін жаңарту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және ұлттық тіл саясатын жүйелеу мәселелерін көтерді.
Қазақ тілінің дамуы тек оның ресми мәртебесімен немесе заңнамалық талаптармен өлшенбейтіні анық. Ең алдымен, тілдің күнделікті өмірде, білім беру жүйесінде, ғылымда, технологияда және шығармашылық индустрияда, бәрі-бәрінде қаншалықты қолданылатыны маңызды. Президент сөйлеген сөзінде осы мәселелерге кеңінен тоқталып, қазақ тілінің бүгінгі әлеуеті мен алдағы міндеттерін атады.
«КОНСТИТУЦИЯ МӘТІНІН ЖАЗУҒА ӨЗІМ ДЕ ТІКЕЛЕЙ АТСАЛЫСТЫМ»
Мемлекет басшысы Конституция мәтінін әзірлеуге өзі де тікелей қатысқанын айтып, ондағы әрбір сөз бен бапқа ерекше назар аударғанын жеткізді. Оның сөзінше, негізгі заңда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерінің бас әріппен жазылуының да өзіндік мәні бар.
– Конституция мәтінін жазуға өзім де тікелей атсалыстым. Әр сөзіне мұқият қарап, әр бабына ерекше назар аудардым. Мен үшін бұл – ең алдымен азаматтық парыз.
Мәселен, Конституцияда біз халқымыз үшін киелі «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазатын болдық. Мұның терең мәні бар. Біз осылайша әрбір ұғым-түсінікке үлкен жауапкершілікпен қарап, тұтас қоғам санасына, әсіресе, өскелең ұрпақтың бойына елдік қасиеттерді сіңіреміз.
Жалпы, Конституция халқымыздың дүниетанымына және озық заңнама талаптарына сай жазылды. Қазақстанның Конституциясы кәсіби тұрғыдан өте сапалы дайындалған құжат деп күмәнсіз айтуға болады, — деді Президент.
Мемлекет басшысы тіл мәселесін Конституциядағы ұғымдармен ғана шектемей, қазақ тілінің қоғамдағы нақты қолданысына тоқталды. Оның сөзінше, соңғы жылдары мемлекеттік тілдің білім беру жүйесіндегі орны нығайып, қазақ тілінде білім алатын балалардың үлесі артып келеді.
1-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ 71 ПАЙЫЗЫ ҚАЗАҚША ОҚЫП ЖАТЫР
Президент келтірген деректерге сүйенсек, бүгінде балабақша мен мектептерде балалардың басым бөлігі қазақ тілінде тәлім-тәрбие алып жатыр. Биыл бірінші сыныпқа барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Колледждер мен жоғары оқу орындарында да қазақ бөлімдерінің саны көбейген.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің білім беру жүйесінен бөлек, креативті индустрияда да кеңінен қолданыла бастағанын атап өтті. Ана тілінде жарық көретін кітаптар, әндер мен фильмдердің нарықтағы үлесі артып келеді.
– Қазақ тілі барлық салада, соның ішінде креативті индустрия саласында кең қолданыс табуда. Ана тілімізде жарық көрген кітаптардың, әндердің, фильмдердің нарықтағы үлесі ұлғая түсті. Мысалы, былтыр баспадан шыққан 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылды. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде жарыққа шықты.
Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек, — деді ол.
Президенттің пайымынша, қазақ тілі бүгінде ұлтты ұйыстыратын құрал ғана емес, елдің мәдениеті мен зияткерлік әлеуетін әлемге танытатын «жұмсақ күшке» айналып келеді. Бұл ретте ол тарихи тұлғалар мен қазіргі заманның танымал азаматтарын мысалға келтірді.
– Төл тіліміз ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналуда. Мысалы, әлемге әйгілі тарихи тұлға Бейбарыс сұлтанның, ұлы ойшыл Абайдың, аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың ұлт өркениетіндегі орны мен еңбегі бірегей.
Ал бүгінде жаһан жұртының сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген, әйгілі Канн фестивалінде үздік актриса деп танылған Самал Еслямова, белгілі шахматшы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева, бүкіл жапон халқына, соның ішінде императорға да өте танымал, кәсіби сумода жүрген жалғыз қазақ балуаны, жеңімпаз Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) және Higgsfield AI жаһандық стартап жетекшісі Ерзат Дулатов сияқты нағыз дарын иелері қазақтың мәдениетін, руханиятын, зияткерлік қуатын жан-жақты дәріптеп жүр, — деп мақтанышын білдірді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ЖИ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МҮМКІНДІГІН КЕҢЕЙТЕДІ
Қазақ тілінің технологиялық кеңістіктегі қолданысы да Президент сөзінің маңызды бөлігінің бірі болды. Цифрлық платформалардың қазақ тілінде қызмет көрсетуге көшкені, ал әлемдік технологиялық компаниялардың ана тіліміздің әлеуетіне назар аудара бастағаны айтылды.
OpenAI компаниясының зерттеуінде қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп келе жатқан тілдердің қатарына енді. Ал Yandex компаниясы өз өнімдерінің бірін қазақ тілінде пайдаланатын адамдар саны былтырдан бері 30 пайызға артқанын мәлімдеген. Сонымен қатар, Google компаниясы өткен жылы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізген.
Президент бұл өзгерістерді қазақ тілін ғылым мен технология тілі ретінде дамыту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалады.
– Елімізде сан алуан цифрлық платформа табысты жұмыс істеп тұр. Оның бәрі қазақ тілінде қызмет көрсететін болды. Ана тіліміздің әлеуетін әлемнің озық технологиялық компаниялары да мойындай бастады.
Мәселен, OpenAI компаниясы жүргізген зерттеуге сәйкес қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген.
Ал Yandex компаниясы өзінің бір белгілі өнімін былтырдан бері қазақ тілінде қолданатын адамдардың саны 30 пайызға артқанын мәлімдеп отыр. Сондай-ақ өткен жылы Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізді. Мұның бәрі – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін жүргізілген жүйелі жұмыстың бір нәтижесі.
«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек, — деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, тіл ғылымына қатысты әмбебап әрі баршаға қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу қажеттігі сөз болды. Мұндай міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылуы керек. Ал оның қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі.
– Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды. Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«КӨНЕ СӨЗДЕРДІҢ ОРНЫНА АРАБ СӨЗДЕРІН ЖИІ ҚОЛДАНУ СӘН БОЛЫП КЕТТІ»
Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі дамуы оның жазу нормаларын біріздендіру мәселесін де күн тәртібіне шығарады. Президент осыған байланысты қазақ тілінің орфография сөздігін жаңарту қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы ресми түрде бекітілген Қазақ тілінің орфография сөздігі 1983 жылы, Кеңес заманында жарық көргенін еске салды. Одан кейін бірнеше сөздік шыққанымен, олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген және заңды күші жоқ.
– Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен ресми түрде бекітілген Қазақ тілінің орфография сөздігі Кеңес заманында, яғни 1983 жылы шыққан. Әрине, одан кейін де бірнеше сөздік жарық көрді. Алайда олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген, заңды күші жоқ.
Кейбір көрші мемлекеттерде мұндай ғылыми еңбектер бес жыл сайын жаңартылып отырады. Сондықтан біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет, — деді ол.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы қазақ тілінің сөздік қорын байыту барысында шектен тыс жасанды балама жасаудан сақ болу керектігін ескертті.
– Әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты.
Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар, — деді Президент.
ТІЛДІ ДАМЫТУҒА ҚОҒАМ БОЛЫП АТСАЛЫСУ ҚАЖЕТ
«Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген іргелі ұйымдардың бірі.
– Қоғам құрамында үш жылдан бері Qazaq Tili Endowment Qory жұмыс істеп тұр. Мен өзім де бұл маңызды бастамаға қолдау көрсеттім. Ел азаматтары да осы игі іске өз үлесін қосуда. Кәсіпкерлеріміз де өз ынтасын көрсетіп, «Қазақ тілі» қоғамына белсенді түрде қаржылай жәрдем беретініне күмәнім жоқ, — деді Президент.
Қазақ тілінің дамуы мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық қоғамның, кәсіпкерлердің, білім беру ұйымдарының және әрбір азаматтың қатысуын қажет етеді. Әсіресе, мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті адамдарға қолайлы жағдай жасау маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы ретте қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің еңбегіне арнайы тоқталды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде ана тілімізді дәріптеп жүрген азаматтардың үлесін атап өтті.
Президенттің құрылтайдағы сөзінен қазақ тілін дамыту мәселесінде жаңа кезеңге өту қажеттігі байқалады. Бұған дейінгі жұмыстардың нәтижесін сақтай отырып, ендігі кезекте тілдің ғылыми негізін жаңарту, цифрлық мүмкіндіктерін кеңейту, емле нормаларын жүйелеу және қоғамдағы сұранысқа сай дамыту міндеті тұр.
Қазақ тілінің болашағы оны күнделікті өмірде қаншалықты қажет ететінімізге де байланысты. Ал бұл үшін тілге деген құрметті талаппен ғана емес, сапалы біліммен, қолжетімді технологиямен, өміршең жобалармен және нақты қоғамдық бастамалармен бекіту қажет.
Ырыскелді ТӘЖІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!