Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бектенов өрт датчиктерін орнатуға салғырт қараған алты өңірді сынға алды

10.11.2026, 11:20 13

Қазақстанның алты өңірінде әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне өрт туралы ескертетін датчиктерді тегін орнату жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов жергілікті әкімдіктердің жұмысын сынға алып, кемшіліктерді жоюды тапсырды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

10 қарашада өткен Үкімет отырысында тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселесі қаралды. Олжас Бектеновтің айтуынша, өрт оқиғаларының көпшілігі жылыту құрылғылары мен электр желілерін пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан туындайды.

— Өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, өрттердің басым бөлігі жөнделмеген пештерден, тазаланбаған мұржалардан және электр сымдарының нашар жағдайынан шығады. Кейбір жағдайларда электр желілері мен газ көздеріне рұқсатсыз қосылу да төтенше жағдайларға әкеледі, – деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр әсіресе әлеуметтік осал санаттағы тұрғындардың үйлеріне назар аудару қажеттігін атап өтті. Мұндай баспаналарға өрт туралы ескертетін датчиктерді тегін орнату тапсырылғанымен, бірқатар өңірде жұмыс баяу жүріп жатыр.

— Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында бұл жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмей отыр, – деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар министрлігімен және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, бір апта ішінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын үйлердің тізімін жаңартуды тапсырды.

Сонымен қатар жауапты қызметтер тұрғын үйлерді қайта аралап, бұрын анықталған кемшіліктердің жойылуын тексеруге тиіс. Әкімдіктерге өрт датчиктерін сатып алу және орнату үшін қажетті қаржы қарастыру міндеті жүктелді.

Үкімет басшысы қауіпсіздік шараларын жылыту маусымы кезінде күшейтудің маңызын атап өтті. Өйткені пеш пен электр жүйесіндегі ақауларды дер кезінде анықтау, ал өрт туралы ескертетін құрылғыларды орнату тұрғындардың өміріне төнетін қауіпті азайтуға мүмкіндік береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: