Алматыда әлеуметтік желіде жол ережесін бұзғанын ашық көрсетіп, ешқандай жауапкершілікке тартылмайтынын айтқан әйелді полиция анықтады. Тексеру кезінде оның бұған дейін сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әйел көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай басқарып, бұл әрекеті үшін ешкімнің жаза қолдана алмайтынын мәлімдеген. Ол тіпті құқық қорғау органдарында ықпалды таныстары бар екенін айтып мақтанған.
Алайда жарияланған видео полиция қызметкерлерінің назарына іліккен. Тәртіп сақшылары жүргізушінің жеке басын анықтап, көлігін тоқтатқан. Құжаттарын тексеру барысында әйелдің бұрын сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге қайта отырғаны белгілі болған.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, әйелге қатысты бірнеше құқық бұзушылық бойынша әкімшілік іс қозғалды. Атап айтқанда, көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның автомобиль басқаруы, қауіпсіздік белдігін тақпау, сот шешімін орындамау және жалған ақпарат тарату деректері бойынша материалдар рәсімделген.
Іс материалдары сотқа жолданып, автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Сонымен қатар жүргізуші куәлігінен айырылған адамға көлігін берген автомобиль иесі де жауапқа тартылған.
— Заң алдында бәрі тең. Ешқандай байланыс, таныстық немесе дабыралы мәлімдеме заңды бұзуға құқық бермейді, – деп мәлімдеді полиция.
Әйелдің әлеуметтік желідегі қандай мәлімдемесі жалған ақпарат ретінде қарастырылып отырғаны нақтыланбаған. Оған қатысты түпкілікті жаза туралы шешімді сот қабылдайды.
Дереккөз: Алматы қаласының Полиция департаменті, Polisia.kz.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!