Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Билік беделіне соққы

01.11.2026, 15:05 27

HALYQLINE.KZ

Кеше, 31 қазан күні Вице-президент Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен 2026 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның соңғы отырысында дауыс беру қорытындысы бойынша ортақ келісімге келе алмағандықтан биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілмейтін болыпты (?).

Бұл хабар құлақ түріп отырған зиялы қауымды, әдебиет пен мәдениет саласы қызметкерлерін, жалпы көпшілікті пұшайман халде қалдырды. Өте таңданарлық түсініксіз жағдай.

Елімізде ең басты марапаттардың бірі Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық беру тарихы 1966 жылдан басталады. Бұрын ол жыл сайын берілсе, 1971 жылдан бастап екі жылда бір рет берілетін болған. Бірақ менің білуімде осы 60 жылда бірде-бір рет Мемсыйлықтың берілмей қалған кезі жоқ.

Комиссия мүшелері ұсынылған жұмыстарды талқылаудың алғашқы кезеңінде ашық, соңғы кезеңінде жасырын дауыс береді. Ал кеше комиссия мүшелерінің соңғы отырыста ортақ келісімге келе алмауы, әлгіндей шешім қабылдануы масқара болды! Конкурстың екінші кезеңіне өткен 7 жұмысқа да обал.

Комиссия мүшелері консенсусқа келе алмаса, ары қарай жұмыс істеулеріне моральдық құқықтары жоқ деп ойлаймын. Жалпы, трайбалистік ұстанымдардан мемлекетшілдік ұстаным жоғары тұруы тиіс. Мұндайда комиссия өздерін өздері таратуы қажет. Президентке өз міндетін орындай алмайтын мұндай консультативті-кеңесші органның не қажеті бар?

Әдебиет, театр және бейнелеу өнері салаларындағы ізденістерді мойындамаудан кім ұтты? Мұндай шешім идеологиямыздың ойсырап тұрғандығын, тіпті толықтай тоқырауда екендігін білдіреді. Ең сорақысы мұндай шешім – өзі төрағасы болып отырған Вице-президенттің беделіне соққы. Тек Вице-президент емес Президенттің де беделіне соққы.

Көзге ұрып тұрғаны – комиссия мүшелерін жаңарту және комиссия қызметін жетілдіру қажеттілігі. Ұсынылған жұмыстарды бейтарап бағалау жүйесін қалыптастырмай енді алға жылжу мүмкін емес.

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист

facebook-тегі парақшасынан алынды.

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: