Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайсар қаламгер мұрасы

18.11.2026, 9:35 27

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры тағ­дырлы талант Зейнолла Шүкіровтің көзі тірісінде пайдаланған заттармен толығып отыр. Өмір бойы тө­секке таңылған қайсар қаламгерден қалған құнды дүниелер «Бір жұлдыз болып жанам мен, бір жұлдыз болып қалам мен», деп жырлап өткен ақын өмірінен сыр шертеді.

Автордың «Москва» деп аталатын кә­дімгі жазу мә­шің­кесі  – әрбір әрпіне мына өмірді барынша сүйген, жанына батқан дертпен жағала­сып, жарық сәуледегі әр сәтін ұзартуға ұмтылған қайсар жанның саусағы тиген құнды дүние. Аяғын баса алмаса да, алқалаған жұрты алақаны­нан түсірмеген қаламгердің талай туындысы басылған қымбат жәдігер. Көз алдыңа «Бұл дүниеге перiште боп келiп ем, кетiп барам сол перiште қалпымда», деп мұңға батқан ақын елестейтіндей. «Неге, жаным, шығарып сала алмадың?» деп сезімін ақ қағазға төккен сәтінің де куәгері – осы қара мәшіңке.

Сосын сия қалам мен өзіне арнайы тігілген туфли. Осы заттардың бәрін ақынның інісі Алпысбай Шүкіров әуелгіде Қала тарихы музейіне табыстаған екен. Ол мекеме жабылғалы бері жәдігерлер облыстық тарихи-өлкетану музейінің мұрасына айналып отыр.

«Бұл заттарды өткізген Алпысбай Шүкіров ағамыз да өмірден озып кетті. Бұлар­мен қатар сол әулеттен қалған ағаш бақыраш, ақынның кітаптары, сағат пен транзис­тор, «Ростов-Дон» маркалы пианино  да бар. Амандық болса, ақынның келер жылы аталып өтілетін 100 жылдығына орай осы жәдігерлерден көрме жасақталады», дейді музейдің бас қор сақтаушысы Кенжегүл Ибрагимова.

Мұрат  ЖЕТПІСБАЕВ.

egemen.kz

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: