Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмахановтың елді мекендерді аралап, халықпен кездесулері басталды.
Бүгін аудан әкімі бірқатар сала басшыларымен бірге Басықара, Құмжиек және Жалаңтөс батыр ауылдарына барып, тұрғындармен кездесіп, халықтың ұсыныс пікірлеріне құлақ түрді. Үш ауылда да өткен кездесулерде аудан басшысы алдымен елімізде Президентіміздің бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар, өңірде атқарылып жатқан игі жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында тоқталып өтті.
-Биыл Президентіміз айтқандай еліміз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашты. Мемлекет басшысының қатысуымен Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Құрылтайда еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды реформаларды жарияланды. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум арқылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, еліміздің бір палаталы жоғары заң шығарушы органы – Құрылтай құрылды. Мемлекет басшымыздың Жарлығымен жоғары консультативтік орган – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылып, өз жұмысын бастады. Мемлекет басшымыз барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойып, Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын 29 қарашаға белгіледі. Бұл жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы саяси жаңғыру үдерісін жеделдетуге, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан», «Қуатты Қазақстан» және «Таза Қазақстанды» құруға бағытталған реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен ауданымызда елдің игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің құрылыс саласындағы әлеуетін арттырып, Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Президентіміздің реформалары мен Жолдаудан туындаған міндеттер аясында алдағы уақытта да аудан орталығы мен елді мекендерде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары кеңінен жүргізілетін болады. Бастысы елдің бірлігі мен ауызбіршілігі. Сондықтан баршаңызды елдік істерге бірлесе атсалысуға шақырамын, — деді аудан басшысы.
Халықпен өткен кездесулерде аудан әкімі жыл басынан бері ауданда әрбір салада атқарылған игі жұмыстарға кеңінен тоқталып, халыққа алдағы жүзеге асырылатын жоспарлардың жайын жеткізді.
Үш ауылда өткен кездесулер барысында тұрғындар ауылішілік жолдарды жөндеу, электр желілерін жаңғырту, балабақша салу, сондай-ақ мал суаруға қажетті жайылымдық жерлердегі бұлақ көздерін ашу мәселелерін көтерді.
Аудан басшысы тұрғындардың әрбір ұсынысы мен өтінішін мұқият тыңдап, қойылған сұрақтарға нақты жауап берді. Электр желілерін жаңғырту және жол жөндеу жұмыстары қаржылық мүмкіндіктерге қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті. Ал балабақша салуға ниетті жергілікті кәсіпкерлерге заң аясында жер бөлу және мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар ауыл әкімдеріне мал суаруға арналған жайылымдық жерлердегі бұлақ көздерін ашу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды.
Кездесу қорытындысында аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, олардың шешілуі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары елді мекендердің дамуына бағытталған жұмыстарға қолдау білдіріп, алдағы жоспарлардың жүзеге асуына сәттілік тіледі.
Аудан әкімінің халықпен кездесулері алдағы уақытта өзге де елді мекендерде жалғасады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!