Оқушылар сарайында «ZHASTAR PRO: жастармен жұмыстың жаңа форматы» атты облыстық оқыту семинары өз жұмысын жалғастырып, екінші күннің бағдарламасы аясында жастар саясатының басым бағыттарына арналған мазмұнды кездесулер өтті.
Жастар ісі жөніндегі мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған үш күндік семинар аясында бүгін түрлі сала өкілдерімен мазмұнды кездесулер ұйымдастырылып, жастар саясатының басым бағыттары бойынша өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесулер барысында «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілі Мырзайым Махатаева жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары мен баспана алу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат берді. Қатысушылар тұрғын үй жинақ жүйесі мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы мәліметтермен танысты.
Облыстық қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ердаулет Жаукеев қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін сөз етті.
Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің сарапшысы Айгүл Төлекова жастар кәсіпкерлігін дамыту, жас кәсіпкерлердің бастамаларын қолдау және бизнесті өрістету мүмкіндіктеріне тоқталды.
Бұдан бөлек, облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары Айбек Жылқыбай азаматтық қорғаныс жүйесі, төтенше жағдайлардың алдын алу және қауіпсіздік шаралары жөнінде түсіндірді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлім басшысы Смат Сейдахметов әлеуметтік қолдау бағыттары мен мемлекеттік көмектің қолжетімді тетіктерін таныстырды.
Сондай-ақ, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының аға маманы, теолог Бақтияр Оспанов жастардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов жастар ісі жөніндегі мамандармен кездесіп, Н. Ілиясов және Бесарық ауылдарының тәжірибесі негізінде ауылдық жерлерде жастармен жұмысты ұйымдастырудың тиімді үлгілерімен бөлісті.
Сала мамандарымен өткен кездесулер өзара тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және жастармен жұмыс жүргізудің жаңа қырларын зерделеуге мүмкіндік берді. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісті бағыттар бойынша жан-жақты мәлімет алды.
Үш күнге жоспарланған оқыту семинары ертең де жалғасады. Басқосудың басты мақсаты – жастармен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін жетілдіру, салааралық ықпалдастықты арттыру және өңірдегі жастар саясатын жүзеге асырудың тиімді жолдарын қалыптастыру.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!