Президенттің Мәскеуде өткен халықаралық форумда «Қазақстанда бір кездері мешіт салу сәнге айналған еді, енді кітапханалар салу маңызды» деген сөзі жұртты екіұдай сезімде қалдырды. Біріншіден, мешітті ешкім сән үшін салған емес. Салынған мешіттің бәрі иманды, адал ұрпақ тәрбиелеу үшін қызмет етеді. Қоғам үшін пайдалы. Әрбір мешітте өзіндік кішігірім дегенімізбен кәдімгідей кітап қоры болады. Жастар тек бұл кітапханалардан тек діни ғана емес, ғылыми, көркем әдебиеттерді де, тіпті шет тілдердегі кітаптарды да оқи алады.
Екіншіден, айтылған пікірден елімізде мешіт қаптап кетіп, кітапхана саласы сүмірейіп қалған тәрізді көрінеді. Іс жүзінде бүкіл Қазақстандағы мешіттер саны 2700-дей ғана. Ал Статистика агенттігінің деректеріне қарағанда Қазақстанда 4000-дай көпшілік кітапхана болса, орта мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының кітапханаларын қосып алғанда барлығы 12 000-дай (!!!) кітапхана бар. Ондағы барлық кітап қоры – 112 млн. Оның 28 млн-ы – қазақ тілінде, 70 млн-ы – орыс, ағылшын, неміс, қытай тілдерінде. Жекеменшік кітапханалар да баршылық.
Мектептерді мешітпен салыстыратындар үшін айта кетейін, Қазақстанда жалпы білім беретін 8000-нан астам мектеп бар. Мешіттер 2700-дей деп айтылды. Әр мешіттің сыйымдылығы орташа есеппен – 50-200 адам. Сонда бүкіл мешітке жұма күндері жарты миллиондай ғана жамағат сияды. Мұсылмандар қазір халықтың 80 пайызына тақады. Халықаралық өлшем бойынша 2000 адамға бір мешіт салыну керек болса, Қазақстанға әлі де 7500-8000-дай мешіт салынуы керек!
Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист.
Facebook-тағы парақшасынан алынды.
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!