Күзгі жиын-терін аяқталып, диқандар биылғы шығыны мен табысын есептеп болған тұста, су шаруашылығындағы түйткілдер қайта күн тәртібіне шықты. Соңғы жылдары саланы реформалауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жаңа Су кодексі қоғам назарын өзіне аударған еді. Алайда Астанадағы жиындарда таныстырылған ауқымды жоспарлар мен бөлінген миллиардтаған қаражат өткен маусымда оңтүстік шаруаларының егістігіне нақты су жеткізе алды ма, әлде түйткілдің түйіні әлі де шешілмей отыр ма?
Ұлттық статистика бюросы мен Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректеріне үңілсек, Қазақстандағы тұщы судың шамамен 65 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Бір қарағанда, аграрлық сектор суға қарық болып отырғандай әсер қалдырады. Шын мәнінде, сол судың 40 пайызға жуығы егістікке жетпей, топыраққа сіңіп, буға айналып жоғалады. Мұның басты себебі кеңес заманынан бері күрделі жөндеу көрмеген магистральдық каналдардың тозуында жатыр. Еліміздегі 21 мың шақырымнан астам суару желісінің тең жартысынан көбі әбден ескіріп, апатты жағдайға жеткен.
– Су кодексі қабылданды, бірақ қазақстандық фермерлер әлі күнге дейін егістік басында су тапшылығынан зардап шегіп отыр. Ирригациялық желілердің тозуы мен инфрақұрылымның ескіруі салдарынан шаруаларға тиесілі судың едәуір бөлігі жол бойында ысырап болуда, — деген еді Құрылтай депутаты Серік Егізбаев.
Жоғары аудиторлық палатаның су ресурстарын басқару тиімділігіне жүргізген мемлекеттік аудит қорытындылары да бұл сөзді толық растайды. Аудиторлар су шаруашылығы нысандарын салу мен реконструкциялауға бөлінген қаражаттың игерілуінде жүйелі кемшіліктер барын анықтаған. Жоба-сметалық құжаттамалардың сапасыз жасалуы салдарынан нысандардың құны құрылыс барысында еселеп өсіп отырған. Кейбір каналды бетондау жұмыстары аяқталғанымен, су өлшеу құралдары орнатылмаған күйі қалған. Одан қалды, суармалы жерлерді айналымға қосу жоспары мен нақты игерілген алқаптар арасында мыңдаған гектар алшақтық шыққан. Бұның артында мемлекеттік сатып алу тендерлерін ұтқан мердігерлердің жауапсыздығы мен саладағы бақылаудың әлсіздігі тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Жаңа Су кодексі саладағы «ойын ережесін» түбегейлі өзгертуі тиіс еді. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов заң жобасын таныстыру барысында құжаттың басты өзегі үнемдеу технологияларына негізделгенін алға тартқан.
– Жаңа Су кодексінде суды үнемдеу аса маңызды рөл атқарады. Су пайдаланушылар су ресурстарын ұтымды пайдалануға, суды үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйелерін енгізуге міндеттеледі, — деп мәлімдеді министр.
Ведомство тарапынан тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін енгізген шаруаларға субсидия мөлшерін 50 пайыздан 80 пайызға дейін көтеру көзделгенімен, бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек заң жобасының шикі тұстарын және су нысандарын басқарудағы көлеңкелі схемаларды ашық сынаған еді.
– Бұл кодекс – асығыстықпен кірген заң жобасы. Су қоймаларының тағдырын мафия шешіп отыр, су қорғау белдеулерін ығай мен сығай жайлап алған. Суға бөлініп жатқан миллиардтаған қаражаттың қайда кетіп жатқаны түсініксіз, саладағы өзекті мәселенің белең алуына сыбайлас жемқорлық пен тәртіптік жауапкершіліктің жоқтығы себеп болып отыр, — деді экс-депутат.
Мұның үстіне, «көлеңкелі су нарығы» мен инфрақұрылым олқылықтары оңтүстік өңірлердің экологиялық және әлеуметтік ахуалын одан әрі күрделендіріп отыр. Қазақстанның оңтүстік және батыс аймақтары сырттан келетін суға тікелей тәуелді екені белгілі. Еліміздегі жалпы су қорының 45 пайызы Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан аумағынан бастау алатын трансшекаралық өзендерден құралады. Сырдария бассейніне тәуелді Қызылорда мен Түркістан облыстары жоғары ағыстағы елдердің вегетация кезінде суды көп жинауынан зардап шексе, Жамбыл облысындағы Шу мен Талас өзендері бойынша Қырғызстан тарапымен су бөлу кестесінің сақталмауы жиі қиындық туғызады. Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Сыр бойы мен Арал өңіріндегі су тапшылығының салдарын мінберден талай рет ашық айтты.
– Сыр елі – экологиялық апат аймағы. Сырдария өзенінің ағынын реттеу, Солтүстік Аралды сақтап қалу және диқандарды вегетациялық кезеңде сумен тұрақты қамтамасыз ету бағытында нақты нәтиже қажет. «Көкарал» бөгетін жаңғырту мен арналарды тазарту жұмыстары уақытылы әрі сапалы атқарылмаса, өңірдің ауыл шаруашылығы мен экологиясына үлкен қауіп төнеді, — деді Мұрат Әбенов.
Саладағы нақты ахуалды сандар тілімен сөйлетсек, көңіл көншітерлік көрініс байқалмайды. Қазақстанда бір гектар суармалы жерге орта есеппен 12-14 мың текше метр су жұмсалады. Ал су үнемдеу технологиясын баяғыда меңгерген Израиль мен Австралияда дәл осындай алқапқа 4-5 мың текше метр су жеткілікті. Ресми дерек бойынша еліміздегі бір миллион алты жүз мың гектар суармалы жердің небәрі 20 пайызға жуығында ғана заманауи суару жүйелері орнатылған. Бір ғана Қызылорда облысындағы күріш алқаптары жыл сайын шамамен 3,5-4 миллиард текше метр суды қажет етеді. Құрғақшылық жылдары дақыл құрылымын әртараптандыру туралы бастамалар көтерілгенімен, тұзды топырақты жерде күріштен басқа дақыл өсіру агротехникалық тұрғыдан қиынға соғады.
Қызылордалық диқандардың маңдай терімен кептірген күріш алқаптары мен Сырдарияның суалған арнасы көз алдымызда тұрғанда, бұл мәселенің шын мәнінде кімге ауыр тиетіні түсінікті болады. Су дағдарысы бүгінгі азық-түлік қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі көрсеткішіне айналды. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы 20 жаңа су қоймасын салуды, 15 су қоймасын реконструкциялауды және 14 мың шақырымнан астам каналды жаңғыртуды қарастырады. Алайда бұл жұмыстардң нәтижелі болуы мемлекеттік сатып алулардың ашықтығына, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына және диқандар мен билік арасындағы өзара түсіністікке тікелей тәуелді. Нақты бақылау мен ашықтық болмаса, кез келген заң мен тариф су тапшылығы мәселесін шеше алмайды.
Ердәулет ҚАЛИЕВ.
Фото: qalampir.uz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!