Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

26.11.2026, 7:00 15

ҚҰСТАР  ТУРАЛЫ

Қыран десе («Қыран бүркіт нe алмайды салса баптап») Абай, қызғыш құс десе («Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!») Махам­бет, қарлығаш десе («Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?») Мұқағали, қасқалдақ десе («Қара бауыр қасқалдақ») Есенғали ойға оралады. Барлық жырда құстардың ғана емес, адамның  да  тағдыры   бар.

ӘННІҢ  ТӨРКІНІ

Халық әніндегі «Барында оралыңның ойна да күл» деген жолдарды көп кісі түсіне қоймайды. Әннің төркіні белгілі. Жас­тық шақ айналып келмейді, қызық­тан құр қалма деген мағынада. Менің ойым­ша «оралыңның барында» дегені сол дәурен қайта оралып келмейді дегенге саятын секілді. Әнді тыңдаған сайын қуаныш пен жабырқау  сезімі  қатар  тұрады.

ҚАРИЯНЫҢ  АЙТҚАНЫ

Тоқсанды алқымдап қалған бір қария:  «Жас кезімде үлкендердің қолына су құйған­да: «көп жаса, ғұмырлы бол!» деп  бата беретін. Солардың батасы қабыл болды ма, бірақ, қазір соны қабылдау да қиын, өйткені, сай-сүйегің сыр­қырап, әртүрлі дерт меңдеп, ауыздан сілекей, мұрыннан маңқа, көзден сора, құлақтан бұлақ ағып отырғанда қар­тайып өмір сүрудің  не  қызығы  бар?»  деген  екен.

НЕ  АРМАН  БАР?

Ит тұмсығы өтпейтін қалың орманы бар тайгада да, ағашы сирек, қысы қатты тундрада да, мұз құрсауындағы Антарк­тида мен Арктикада да адамдар тұрады. Бізге ата-бабамыз аманат қылып кеткен жерімізде тау да, су да, орман да бар. Табиғат­тың игілігін дұрыс пайдалана білсек  не  арман  бар?

ӨМІР

«Өмір – күрес» деген сөзді жиі естиміз. Сол өмірді бәйге деп, жарыс деп, аударыспақ деп, көкпар деп те айту­ға  болатын  секілді.

ҚАРҒЫС

Бала-шағаға қатты ашуланған кезде кейбір әженің аузынан жетпегір деген сөз шығатын. Бейбіт елді қырып жатқан озбырларды көргенде сол қарғыс ойыма оралады. Сол кездегі әжелер тірі болса, «жерге кіргір, жетпей жығылғыр, желкең қиылғыр» дер еді. Қарғыс алмай, алғыс алғанға  не  жетсін?!

ТІЗГІНШІ

Қазақ сөзінің жанашыры Серік Ерғали: «Атты да, арбаны да, автоны да АЙДАЙ­ТЫН қазақ «жүргізуші» болыпты. Водитель – айдаушы, ведущий – жүргізуші» деп жазыпты. Менің ойымша осы екеуін де тізгінші деп айту қолайлы тәрізді. Орыстар водитель, телеведущий десе, біз бәрін де жүргізуші деп жүрміз. Дұрысы:  тізгінші,  телетізгінші.

БІР  ТУҒАН

Жұрт: «Қазақ-ноғай бір туған», «Түрік тектестер бір туған», «Славян тектес халықтар бір туған» деп жатады. Шынтуайтқа келгенде барлығымыз Адам ата мен Хауа анадан тараймыз. Олай болса барлық халық, әртүрлі ұлт тілі бөлек, діні  бөлек  болса  да  бір  туған.

ЖАРЫҚ

Терезеден ішке түскен сәуле үйдің ішін жап-жарық қылады. Ал үй ішінде жанып тұрған жарық шамның сәулесі сыртқа  шықса  да  ондай  бола  алмайды.

ЕСІМДЕР

Орыс тілінде Коля атанған ұл бала есейген кезде Николай деп аталады. Катя деген қыз бала Екатерина болады. Бозбала мен бойжеткен шақтан өткен соң оларға әкесінің есімі, яғни отчество қосылады.

Біздің қазақтың дағдысы бұдан бөлек. Мәселен, құлағына азан айтып қойған есімі Рақым болса, ата-анасы еркелетіп Рақымжан  немесе Рақымтай десе, ат жалын тартып мініп, елге сыйлы жігіт ағасы болса Рақа деп атайды. Рақым аға деген атқа ие болып, жақсы қартайса, Рақым ата болады. Есімге ешкім де қазіргі құжатта жазылғандай әкесінің атын  жапсырмайды.

Осындайда ойға келетін ұсыныс өзгеге еліктемей, барлық құжатта әуелі кісінің есімі, содан соң барып әкесінің аты  жазылғаны  орынды  секілді.

ӨТКЕЛ  БАР

Өмір деген қиын жолда ұзақ жолға шыққандар, байқасаңдар, жаз бен қыс­тың ортасында көктем бар. Жақсылық пен жамандықтың арасында қыл көпірдей өткел бар. Сол көпірден өтпеген бар, өткен бар. Жақсыдан жаманға бет бұру оңай. Жаманнан жеріп, жақсы болу қиын.

АҚЫЛ мен АҚША

Ақылдың да, ақшаның да түбірі – ақ. Ақ деген – тамаша сөз, керемет ұғым. Ақыл ағарған қалпынан таймайтыны белгілі. Ал ақша қиянатқа жұмсалса, тез қарайып кетеді. Ақылы бар адам содан сақ болуы керек.

ЖАҒАДАН  АЛУ  және  АЯҚТАН  ШАЛУ

Аяқтан шалғаннан көрі жағадан алған дұрыс секілді. Өйткені жағадан алғанды жағаласып жатып жеңіп шыға аласың, ал аңдып тұрып аяқтан шалғанда оның кім екенін де аңғармай, омақаса жығыласың.

КӨҢІЛГЕ  ҚОНЫМДЫ

«Шыңғыс ханның артында түк те қалған жоқ» деген негізсіз пікір бар. Шын мәнісінде оны көзі тірісінде бас болған ел-жұрты ең ірі империя құрғаны тарихтан белгілі. «Ұлы жасақ» атты заңдар жинағы қалды. Пошта жүйесіне негіз болған бекеттер қалды. Армияның іргетасын қалаған қатаң тәртіп қалды. Айта  берсек  толып  жатыр.

Мұхтар Мағауинның Шыңғыс ханға әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға, жаужүрек қолбасшы  және  мемлекет қайраткері деген  баға  беруі  көңілге  қонымды.

НЕЛІКТЕН?

Жылқы біздің досымыз, құс та біздің досымыз, олай болса неліктен жылқы менен  құс  етін  сүйіп  жейміз  осы  біз?!

АЯҒЫ  ЖАМАН…

«Аяғы жаман төрді былғайды» дейді. Былғаныш аяқкиімнің табанына ілесіп келеді. Сондықтан да бабамыздан қалған дағдымен аяқкиімді босағада қалдырамыз. Өзгелердің аяқкиімді шешпей бөлмеге енгені олардың мәдениеті төмен екенін  көрсетеді.

ЫСТЫҚ  пен  СУЫҚ

Тоңып қалсаң, кеудең мен тізеңе ыстық басасың. Дене қызуың көтеріліп кетсе, маңдайға суық басасың. Суықты ыстықпен, ыстықты суықпен қуасың. Өмірдің ыстығы мен суығы алма-кезек екенін  сонда  ұғасың.

ҚОРҒАУШЫ  МА, ҚОРЛАУШЫ  МА?

Неше түрлі өтірік бола береді екен. Ресейдегі елді мекеннің бірінде: «Отанын қорғап жанын қиған арнаулы әскери операцияға қатысушыларға» деген жазу жазылған белгітас қойылыпты. Қандай Отанын қорғады? Қорғаушы ма, қорлаушы ма? Қаза тапқан басқыншыны осылай дәріптейтін елдің келешегі бар ма?!

ШИПАГЕР  және  ДӘРІГЕР

Жылдар бойы қалыптасып, құлаққа сіңісті болып кеткен сөздерді өзгерту де қиын. Алайда, ортаға салар бір ойым, біз дәрігер деп айтып жүрген маман (орыс тілінде врачтың) ана тіліміздегі мағынасы фармацевт, яғни дәрі беруші дегенге келеді. Сырқатты емдейтін маманды шипа­гер  десе  орынды.

ДҰРЫС  ЕМЕС

Орыс тілінде  сөйлейді. Бірақ, өзі орыс емес. «Екінші Отаным!» дейді. Бірақ, тари­хи қонысы емес. Осыларды төлқұжатта  орыс  деп  жазу да дұрыс емес.

ӨМІР  СОЛАЙ

Әлеуметтік желіде қол алысқан­дардың, төс қағысқандардың, құшақтас­қандардың фотоларынан көз сүрінетін болды. Олардың арасында игі жақсылар да, белгілі басшылар да, құдалар да, дос-­жарандар да, әріптестер де бар. Араға он шақты жыл салып барып соларды қайта көретін болсаңыз, біразының бұл дағдыны қайталамайтынын байқар едіңіз. Өйт­кені келіспегендер, керіскендер, өкпелегендер,  ажырасқандар  бар.

Ия!  Өмір  солай!

СҰРАМАЙДЫ

Шашын желкесіне түйген де бар. Жайып жіберіп жүрген де бар. Әдемі шашын қиған да бар. Бұрымын сақтап қалған да бар. Ағарған шашын бояп алған да бар. Сол шашты көрсетпеу үшін орамал салып алған да бар. Біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Еркектер! Ол жағын қыз-келіншектер  сендерден  сұрамайды.

НЕЛІКТЕН  ЖЕК  КӨРЕДІ?

Ол мені жек көреді, жаратпайды айт­сам да бетке нені. Әлде қолдау күтті ме, өкпеледі. Шыдамы әлде бітті ме, жала жауып, жазғырды текке мені. Өйткені менен төмен деңгейі оның, сондықтан кектенеді.

ҚАДІР  және  САБЫР

— Ердің қадірі неден байқалады?

— Елге қызмет етуден.

— Әйелдің сабыры неден байқалады?

— Күтуден.

КӨЗДЕН  АТҚАН

«Құралайды көзден атқан» деген сөз бар. Әлдебір аңшыны дәріптегенде айтылды ма, кім білсін? Шынында киіктің көзі мөлдіреген лағы құралайды кім ажалға қияды? Аңшының мергендігін айтамыз деп асырып айтудың көрінісі осы.

ГЕНДЕРЛІК  САЯСАТ

Евгений Евтушенко: «Әйел затын өзгерттік біз. Оны біз төмендеттік деңгейі­не еркектің» («Мы женщину сместили. Мы ее унизили до равенства с мужчиной») деген екен. Қазіргі гендерлік саясат туралы сөз қозғалғанда осы жолдар ойыма оралады. Әйелдер еркектің орнын баса алатынын дәлелдеді. Еркектер олардың  орнын  баса  ала  ма?

ҚАЗАҚТЫҢ  ТОЙЫ

Есіріп билеуге де, көсіліп сөйлеуге де, сусынды қандыруға да, қарынды тойдыру­ға да, шаршап, болдыруға да болатын орын – қазақтың тойы өтетін мейрам­хана.

ДҮНИЕ  КЕЗЕК

Революция басталды. Патшалардың мүсіні мен суреті күресінге тасталды. Бәлшебектер билігі де күйреді. Көсемдердің ескерткішін шынжыр табан тракторлар сүйреді. Жаңа дәуір орнады. Тақта отырған әлдекімдер елді тағы қамыр сынды иледі. Ескерткіштер кетті қаптап  алаңда. Бар ма оларға байтақ елдің құрметі? Күтіп жүрміз тарихтың да бір күні  ашылар  деп  шын  беті.

НЫҒМЕТ

Нығмет – Алланың бізге берген сыйы, берекесі мен ырысы. Мұхамбет пайғамбар: «Екі нығмет бар, көпшілік сол екі нығметтің қадірін білмейді: бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт» деген екен.

Нығметтің ауқымы кең. Ал халыққа еткен  қызмет – ең  ірі  нығмет.

БОЛҒАН  ОҚИҒА

«Осыдан үш-төрт жыл бұрын бүкіл елге мәлім әрі қазақ баспасөзінің тари­хында қалған өзгеше оқиға болыпты. Сүйікті, туысқан коммунистік партияның кезекті бір ғаламат съезі туралы «Қазақ әдебиеті» газетінің бірінші бетінде берілген ТАСС-тың ресми мақаласының тақырыбы «КПСС XXI (әлде XXII – M.) съезінің қыртындылары» деп басылып кеткен. Қап-қара, жуан, мықыр қаріптермен. Итоги – қорытынды емес, қыртынды… Орысқа аударсақ, «болтовня», «брехня» – түк емес, жолда қалады, қайран қазақтың тілі, қай жағынан алғанда да орыс тілінен бай ғой. Сол байлықтың жарқырап шыққан жерін көрмейсің бе. Дәл тапқан ғой. Ақыры, бір съездің емес, бар съездің қорытындысы – қыртынды ғана болып шыққанын тарих айғақтады. Күлеміз. Ол кезде де жұрт күлген. Студентпіз, ұзынқұлақтан естіп, біз де күлдік». Бір мақаласында Мұхтар Мағауин осылай  деп  жазған  екен.

Сонда менің басымнан өткен бір оқиға есіме түсті. Жетпісінші жылдары Қостанай облысына қарасты Әулиекөл (ол кезде Семиозер) ауданында шығатын аудандық «Жеңіс туы» газетінде қызмет істедім. Газеттің кезекті саны жарыққа шыққан күні таң ата редакция­ға келсем, әлі баспахана бояуы да кеуіп үлгермеген газеттің жаңа саны алдымда жатыр. Ашып қарасам, айқарма беттегі ұран (газет тілінде шапка) «Отан қамқорлығына іспен жауап береміз!» деген сөйлемдегі «қамқорлығына» деген сөздің бірінші әрпі ұшып кетіпті. Ең сорақысы, сол сөздің екінші және үшінші әрпі алға жылжып кеткен, сөйтіп боқауыз сөз шыққан.

Жедел дабыл қағылды. Газеттің біраз таралымы пошта арқылы алыстағы ауылдарға кетіп қалыпты. Олардың барлығы кері қайтарылды. Жаңағы сөйлем түп-­түгел алып тасталды. Осындай кемшілікті тез байқаған маған бастығымыз алғыс жариялады.

АЛПЫС  БЕСТЕН  АСҚАН  СОҢ…

Алпыс бес жастан асқан соң тізгін ұстауға болмайды деген заң шығыпты. Дұрыс-бұрысын уақыт көрсете жатар. Алайда, алпыс бес түгілі жетпіс бестен асып кеткен басшылар көптеген елдің тізгінін ұстап отыр. Біразының көздері дұрыс көрмейді, құлақтары дұрыс есті­мейді, аяқ-қолдары дірілдейді. Өздеріне денсаулығының  кемдігі  білінбейді.

ҰМЫТТЫҚ  ПА?

Ұмыттық па не екенін намыстың, қоян сынды үркіп жүрміз сыбдырынан қамыстың. Атауларын өзгертіп ата-бабам жайлап келген қоныстың, атын алдық араб пенен орыстың. Тілі менен дәстүрін алып жат жұрттың, соңына ердік даңғаза мен дақпырттың. Шұлғау менен ұлтарақ­қа айналып, табанына түсіп кеттік басқа  ұлттың.

Шетелді аралаймын деймісің, ағылшынша сайраймын ғой деймісің. Ермін дейсің, елде туып, өссең де, елдің қамын жеймісің?!

КАРЛОВЫ  ВАРЫДА

Карловы Варыда ауырған адамға шипа­лы дәмді су табылар. Гоголь бар, Петр бар, Карл бар, ескерткіш болып тұр есімі көп елге танылған дарындар. Бетховен, Тургенев, Шиллер мен Гете бар. Мағауин Мұхтар да дем алған бұл жерде, көргендер қызығар ізгілер ізі бар. Дәм айдап болыппын аз уақыт. Сондағы жаным­ды  жайлаған  сезімді  кім  ұғар?!

БОЯУ

Жазықта жайқалып өсіп тұрған ақ гүлдерді түрлі бояумен бояп жатқан келіншекті  әлеуметтік  желіден көзім шалып қалды. Оның бұл қылығы біреуге керемет көрінер. Ал менің ойыма жап-жас, әп-әдемі болса да бетіне баттас­тырып опа-далап жаққан, қасы мен көзін, ернін бояған қыз-келіншектер түсті. «Бояу деген қыз түгіл өлеңге де бекер жүк» деген Жұмекен ағаның жыры бар еді. Тауып айтқан  екен.

ҚОЙЫРТПАҚ  АТАУЛАР

Кино тілі қойыртпаққа айналғаны туралы жиі айтылып жүр. Мұның өзі – бөлек әңгіме. Қазақ киноларының атауы­нан да ат үркетін болды. «Заманback», «Qaitadan» (Рестарт), «Игро­манка», «Жездуха», «90+1», «Зу-зу Күлпаш», «Укради жениха, если сможешь» (Қолыңнан келсе, алып қаш), «KESU», «Каникулы off-line 3», «Бишарашки 2» секілді атаулар қай тілде? Не мағына береді? «Апам да аң-таң, мен де аң-таң!» дегеннің  кері  келді.

ҚАРА

Қара қазақ, қара орман, қара шаңырақ, қара қазан, қара жер, қара көз, қарашық, қара қас, қара шаш. Құлаққа ыстық осы сөз. Бірақ, қаратүнекке, қара­жүрекке, қара ниетке, қара күйеге жаным қас. Осы сөздердің барлығын қазақ неге жақсылыққа да, жамандыққа да байланысты айтты екен? Әлбетте барлығына анықтап  қара  деген  мағына  бар  секілді.

БІЛМЕЙДІ

Ақылдылар жоқ жерде ақымақтар оны ақылды деп есептейді. Ол өзінің де ақымақ  екенін  білмейді.

ОПЫҚ  ЖЕЙДІ

Өзінің сұлу екенін білмейтін қыз-­келіншектерге жақсы жар жолығады. Өзін  сұлумын  дейтіндер  опық  жейді.

ДӘРМЕНІ  ЖОҚ

Ақсақ қой түстен кейін маңырайды. Арық қойдың маңырауға да шамасы келмейді. Ақсақ иттің көңілі арғы бетте. Аш иттің өзеннің жағасына жетуге де дәрмені жоқ. Аш бала тоқ баламен ойнамайды. Өзгені көзге ілмейді тұрмысы болған жайлы.

(Соңы. Басы  өткен сандарда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: