Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Комиссия отырысы өтті

26.11.2026, 0:30 19

Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұловтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Жиында жасөспірімдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік қолдау көрсету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық индустриалды-аграрлық колледжі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бақтияр Дайрақұлов баяндама жасап, колледжде білім алушылар арасында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және жастардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Кәмелетке толмағандардың, оның ішінде полиция органдарының есебінде тұрған жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру туралы» мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің инспекторы Абай Мадиев хабарлама жасап, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, профилактикалық жұмыстарды күшейту және есепте тұрған балалармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

Ал «Білім бөлімдері жанындағы қамқоршылық және қорғаншылық органдарының жұмыстары туралы» аудандық білім бөлімінің бас маманы Талғат Бөпежанов баяндап, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау, олардың тұрмыстық жағдайын бақылау және заңды мүдделерін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды атап өтті.

Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік қолдау мәселелері жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов баяндама жасап, мұндай санаттағы отбасыларға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектер мен қолдау шараларын жеткізді.

Сондай-ақ «Ағымдағы жылдың 10 айында кәмелетке толмағандар арасында орын алған суицидтің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы» Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Қазбек Шәукебаев баяндама жасап, жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтау, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және қауіп тобындағы балалармен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға тоқталды.

Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты №46 А.С. Пушкин атындағы мектеп-лицейінің директоры Ғабит Мыханов, №47 М.В. Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің директоры Жандос Сейдахметов және №244 Ы. Жақаев атындағы орта мектептің директоры Жеңіскүл Рыспембетова білім беру ұйымдарында атқарылып жатқан тәрбие және профилактикалық жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау — баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, жауапты мекеме басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Атап айтқанда, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыз қалу мен келеңсіз жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, қолайсыз отбасылармен жеке профилактикалық жұмыстарды күшейту, түнгі уақытта жасөспірімдердің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде жүруіне жол бермеу мақсатында рейдтік іс-шараларды тұрақты ұйымдастыру тапсырылды.

Сонымен қатар ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, мектеп, полиция, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала өкілдерінің өзара байланысын нығайту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен жарқын болашағын қамтамасыз ету — қоғамның басты міндеттерінің бірі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: