Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Омарбеков ісі: «Қазатомөнеркәсіп» ресми мәлімдеме жасады

25.11.2026, 12:50 30

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы бұрынғы өндіріс жөніндегі бас директоры әрі басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековтің сыбайлас жемқорлық ісіне қатысты ұсталуына байланысты ресми мәлімдеме жасады. Компания тергеу органдарымен ынтымақтасып жатқанын және қалыптасқан жағдай кәсіпорынның өндірістік жұмысына әсер етпейтінін хабарлады, деп жазады Halyqline.kz.

25 қарашада жарияланған мәлімдемеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратына сәйкес, Қуаныш Омарбеков пен өзге де тұлғаларға қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тергеу әрекеттері басталғаны айтылған. Бұған дейін ҰҚК Омарбековтің 23 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеген. Ол және басқа да күдіктілер «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған деген сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

— Компания құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып, тергеуге қажетті жәрдем көрсетуде. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес, тергеу жүргізіліп жатқан кезеңде компания түсініктеме беруге құқылы емес, — делінген «Қазатомөнеркәсіптің» ресми мәлімдемесінде.

Ұлттық компания аталған жағдайға қарамастан, кәсіпорын қызметі штаттық режимде жалғасып жатқанын жеткізді. Басшылық 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдардың толық орындалатынын растаған. Сондай-ақ акционерлер мен өзге де мүдделі тараптар алдындағы міндеттемелердің сақталатыны, компанияның даму стратегиясы өзгермейтіні және стратегиялық міндеттер бекітілген жоспарларға сәйкес жүзеге асырылатыны айтылды.

— «Қазатомөнеркәсіп» жұмысын штаттық режимде жалғастыруда. Компания акционерлер мен барлық мүдделі тараптардың күткен нәтижелеріне сәйкес 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдардың орындалатынын растайды. Даму стратегиясы өзгеріссіз қалады, — деп хабарлады ұлттық компания.

Сонымен қатар «Қазатомөнеркәсіп» ашықтық, жариялылық және кез келген құқық бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидаттарын ұстанатынын мәлімдеді. Тергеудің өзге мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ. Қуаныш Омарбеков пен басқа да күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: