Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда 1248 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды

23.11.2026, 9:55 17

Қазақстанда жыл басынан бері ұрлық қылмыстарына қарсы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 9 мыңнан астам адам ұсталып, 1248 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елде ұрлық деректері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4 пайызға азайған. Оның ішінде пәтер ұрлығы 23,3 пайызға, мал ұрлығы 6,7 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Полиция қызметкерлері ұрлықтың алдын алу, күдіктілерді анықтау және жауапкершілікке тарту бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, Тараз қаласында 27 жастағы тұрғын пәтерінен ақшасы мен алтын бұйымдарының жоғалғанын айтып, полицияға арызданған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер кіреберіс есіктің құлпына сәйкес келетін кілт таңдап, үйге заңсыз кірген. Келтірілген шығын 17 миллион теңгеден асқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Түркістан облысында да қаскөйлер пластик терезені күштеп ашып, тұрғын үйге кірген. Бұл қылмысқа қатысы бар күдіктілер де ұсталған.

— Ішкі істер министрлігі азаматтарды өз мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарауға және қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстануға шақырады, — делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар елімізде жол қозғалысы қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы бақылау күшейтілген. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері дрифт жасаудың 411 дерегін анықтаған. Оның 402-сі автокөлікке, тоғызы мотоциклге қатысты. Барлық көлік арнайы тұрақтарға қойылған. Мұндай құқық бұзушылықтар ең көп Алматы қаласында тіркелген – 142 жағдай. Түркістан облысында 45, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 30 деректен анықталған.

Қоғамдық тыныштықты сақтау мәселесі де полиция назарында. Тек 13–18 қараша аралығында түнгі тыныштықты бұзудың 26 мыңнан астам дерегінің жолы кесілген. Ал бір апта ішінде ғимараттар мен қоғамдық орындардағы 3423 заңсыз граффити жазуы жойылып, 114 әкімшілік іс қозғалған. Оның 112-сі абаттандыру қағидаларын бұзуға, екеуі ғимараттарды ластауға қатысты. Полиция волонтерлермен бірлесіп 5 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізіп, 8 мыңнан астам түсіндіру жұмысын ұйымдастырған және тұрғындарға 10 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратқан.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: