Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тиімді әдіс – табысты нәтиже

22.11.2026, 19:50 25

HALYQLINE.KZ

«Бүгінгі жас маман – ертеңгі білікті ұстаз». Ұстаздық – жай мамандық емес, ол – жүрекпен таңдалатын жол, тағдырмен жалғасатын қызмет. Бұл жолға алғаш қадам басқан жас маман үшін әр сабақ – сынақ, әр оқушы – жаңа әлем, әр әдіс – жаңа мүмкіндік. Осыны терең түсінген мектебімізде 2026 жылдың 18 қарашасында жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту және тәжірибе алмасу мақсатында «Тиімді әдіс – табысты нәтиже» тақырыбында ауқымды семинар өтті. Семинардың ашылу салтанаты ерекше көңіл күймен, шығармашылық ізденіспен және тың идеялармен басталды. Жас ұстаздар өзінің өнерлерін ортаға салып, мамандыққа деген сүйіспеншіліктері мен ұстаздық жолдағы мақсаттарын таныстырды. Бұл – жай ғана ашылу емес, жас ұстаздардың «Мен – ұстазбын!» деп нық сеніммен айтқан сәті болды. Ашылу салтанатына жауапты Медеуова Дана, Бурабаева Жанерке, Едігеева Аружан өз істеріне жауапкершілікпен қарап, семинарға ерекше рух берді. Ырғақ бар жерде – үйлесім бар!

Семинар аясында педагог-ассистент Айбергенова Айнұр мұғалімдер арасында «Ырғақ әлемі – қозғалыс пен мидың үйлесімі» тақырыбында тренинг өткізді. Тренингтің мақсаты – жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, қозғалыс пен ырғақ арқылы балалардың сөйлеуін, зейінін, қимыл үйлесімділігін дамыту әдістерін тәжірибеде меңгерту. Тренинг барысында қатысушылар логоритмика арқылы қозғалыс пен сөйлеуді ұштастыру әдістерімен танысты, нейроқозғалыс жаттығулары арқылы зейін мен қимыл үйлесімділігін дамыту тәсілдерін орындады. Түрлі-түсті парашютпен топтық ойындар ойнап, бірлік пен ұйымшылдықты сезінді. Ырғақ, музыка және қозғалыс арқылы баламен жұмыс істеудің тиімді әдістерін тәжірибеде қолданды. Тренинг өте қызықты, көтеріңкі көңіл күйде өтті. Әріптестер бірге қимылдап, бірге күліп, бір ырғақпен үндесті.

Қозғалыс бар жерде – даму бар!

Ырғақ бар жерде – үйлесім бар!

Бірлік бар жерде – береке бар!

Жасанды интеллект – мұғалімнің көмекшісі. Семинардың ең заманауи әрі қызу талқыланған бөлігі Каюпова Бекзат өткізген «Жасанды интеллект – мұғалімнің көмекшісі: әдіс, тапсырма және ойын» тақырыбындағы шеберлік сыныбы болды. Мақсаты – мұғалімдерді жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, сабаққа қажетті әдіс-тәсілдер, оқу тапсырмалары, жұмыс парақтары мен интерактивті ойындар әзірлеу жолдарымен таныстыру, сондай-ақ Vibe Coding тәсілі арқылы қарапайым HTML платформаларын құрастыру дағдыларын қалыптастыру. Шеберлік сыныбы барысында қатысушылар жасанды интеллект құралдарын сабақ үдерісінде қолдану мүмкіндіктерін талқылады, «Фишбоун», «Алты қалпақ», «Аквариум» әдістері бойынша топтық жұмыстар орындады. Gemini платформасы арқылы пәнге бағытталған жұмыс парақтарын әзірлеу жолдарымен танысты. Vibe Coding тәсілін пайдаланып, оқушыларды автоматты түрде топқа бөлу құралын жасады, үш бағыттан тұратын интерактивті рефлексия құралын құрастырды, «Фортуна» тақырыптық ойынын әзірлеп, тәжірибе жүзінде сынақтан өткізді. Практикалық бөлімде қатысушылар өз пәндеріне сай промпттар құрастырып, жасанды интеллект ұсынған нәтижелерді өңдеп, сабақ мақсатына бейімдеудің маңызын түсінді.

Шеберлік сыныбының ерекше сәттерінің бірі «Сиқырлы сандық» атты шығармашылық жұмыс болды. Қатысушылардың белсенділігі мен жұмыстары бағаланып, үш топқа арнайы номинациялар табысталды: «Инноваторлар», «Prompt шеберлері», «Әдіскер ұстаздар». Кері байланыс Mentimeter платформасы арқылы жүргізіліп, қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Бүгінгі кездесудің басты идеясы – жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше, оның шығармашылығын шыңдап, уақытын үнемдеуге және сабақ сапасын арттыруға көмектеседі.

Ашық сабақтар – тәжірибенің айнасы. Семинар аясында өткен ашық сабақтар жас мамандардың кәсіби өсуінің айқын дәлелі болды. 6 «Б» сыныбында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен «Ветры имеют свои названия» тақырыбында ашық сабақ өткізілді. Пән мұғалімі Салкынбек У.У. сабақта оқушыларды желдің түрлерімен таныстырып, мәтінмен жұмыс істетіп, бейнематериалдар көрсетті. «Юные синоптики» әдісі бойынша ауа райы болжамын жасаған оқушылар қайтымды етістіктерді ажыратып, оларды дұрыс қолдануға машықтанды. Топтық, жұптық және жеке жұмыстар арқылы оқушылар өз білімдерін көрсетті. Тұрсынбекова Аружан Темірқызы 8 «Б» сыныбында «Квадрат теңдеулерді шешу» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Сабақтың мақсаты – оқушыларға квадрат теңдеудің түбірлерін анықтауда Виет теоремасы мен оған кері теореманы қолдануды үйрету. «Үш кілт – үш тапсырма», «Математикалық детектив», «Жеке миссия» әдістері, Lumio, Learning Apps платформалары мен жасанды интеллект мүмкіндіктері сабаққа ерекше серпін берді. Оқушылардың белсенділігі, өзара ынтымақтастығы, ізденімпаздығы мен жауапкершілігі көрініс тапты. Бала жүрегіне жол табатын іс-шаралар. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Жаппар Нұрсұлудың ұйымдастыруымен 2-сыныптар арасында «Путешествие в страну русского языка» тақырыбында қызықты сыныптан тыс іс-шара өткізілді. «Приветствие», «Город букв», «Переводчик», «Найди лишнее», «Назови одним словом», «Собери мозаику» кезеңдерінен тұрған сайыста оқушылар тілдік білімдерін, тапқырлықтарын көрсетті. Нәтижесінде «Звёздочки» тобы – III орын, «Дружба» тобы – II орын, «Умники» тобы I орынға ие болды. Математика пәнінің мұғалімі Маликова Айгерім Қалданқызы 6-сыныптар арасында «Логика LAB – ойлан тап» сыныптан тыс жұмысын өткізді. Логикалық ойлауды дамытуға бағытталған сайыста 6 «А» сыныбы – 1 орын, 6 «Б» сыныбы – 2 орын, 6 «Ә» сыныбы 3 орынмен марапатталды. «Жігер» жас мамандар мектебінің ұйымдастыруымен ұстаздар арасында қазақ тілі мен әдебиеті және логика пәнінен «Ұстаз IQ» тақырыбында кең көлемді интеллектуалды сайыс өткізілді. Жауапты – Сахиев М. Бес кезеңнен тұрған сайыста ұстаздар пәндер бойынша қызықты сұрақтарға жауап беріп, жылдамдыққа арналған тапсырмалар орындады, көрермендермен бірге «Super ойын» ойнады. Бұл сайыс ұстаздар арасындағы достықты нығайтып, білімдерін шыңдады.

Қорытынды бөлімінде: «Болашақтың кілтін ұстаған жас маман» тақырыбында өткен жас мамандар семинары өз мәресіне жетті. Жауапты – Утегенов Саят, Мадинаева Назерке. Тағылымы мол семинар барысында жас мамандар ашық сабақтар мен тәрбиелік іс-шаралар өткізіп, тренингтер арқылы өз білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды. Тәлімгерлермен бірлесе жұмыс істеп, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, кәсіби шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды. Семинардың әр сәті ізденіске, жаңашылдыққа, тәжірибе алмасуға және шабытқа толы болды. Қызықты ойындар мен кері байланыс арқылы қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, ерекше әсерге бөленді. Жас маманның жетістігі – қолдау мен сенімнің жемісі! Бүгінгі жас маман – ертеңгі білікті ұстаз, болашақтың кілтін ұстаған тұлға!

Семинардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан мектеп әкімшілігіне, тәлімгерлерге, жас мамандарға және барша ұстаздар қауымына шынайы алғысымызды білдіреміз! Тиімді әдіс – табысты нәтиженің, ал үздіксіз ізденіс – кәсіби дамудың бастауы!

Индира Байбарақова,

№85 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Қармақшы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: