Қазалы ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Тәуелсіздік – мерейлі мереке» атты салтанатты концерт өтті.
Айтулы мерекеге арналған кештің шымылдығы сахналық қойылыммен ашылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жиналған қауымды ел Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерекесімен құттықтап, азаттықтың қадірі, ел бірлігі мен тұрақтылығы, тәуелсіздікті нығайту жолындағы ортақ жауапкершілік жөнінде ізгі тілегін жеткізді.
- Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы, азаттық жолында төгілген қан мен тердің өтеуі, бүгінгі ұрпаққа аманат болған ең қымбат құндылығымыз. Еліміз Тәуелсіздік алған соң даму жолында тапжылмай жылжуға мүмкіндік беретін маңызды жетістіктерге жетті. Бүгінде қазыналы Қазалы ауданында аймағымызды төрт жылдан астам уақыт басқарған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының ерекше қолдауымен айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асып келеді.
2026 жылы аудан бюджеті 13,6 млрд. теңгеге бекітілсе, есепті кезеңде нақтыланған бюджет көлемі 18,9 млрд. теңгеге жетті.
Жыл басынан бері барлық макроэкономикалық көрсеткіштеріміз 100 пайыздан артық орындалып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеміз.
Өткен аптада облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен Жанқожа батыр және Үрмаш Түктібаев ауылдарына табиғи газ берілді. Жыл соңына дейін Бекарыстан би және Майдакөл ауылдары да көгілдір отынға қосылатын болады.
Бұдан бөлек, Ақсуат, Байқожа, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы және Аранды ауылдарын газдандыруға жалпы құны 7,2 млрд. теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Жыл басынан бері «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1,5 млрд. теңгеге Әйтеке би кентіндегі «Мәдени-демалыс кешенінен», Қожабақы мен Бекарыстан би ауылдарынан жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Қазалы ауданындағы 125 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы 1,6 млрд. теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. «Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан 1,3 млрд. теңгеге вокзал жанындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек те ауданымызда білім, денсаулық, мәдениет, құрылыс, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік сынды әрбір салада ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Бұл жұмыстардың барлығы – Тәуелсіздіктің 35 жылында ел экономикасының нығайып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артқанын көрсететін нақты нәтижелер, — деді аудан әкімі.
Мерекелік концертте аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдар елдік пен ерлікті, туған жер мен тәуелсіздікті дәріптейтін патриоттық әндер орындап, күмбірлеген күй мен әсем биден шашу шашты.
Концерттік бағдарламада «Қорқыт сазы» халықтық фольклорлық ансамблі, «Сарын» тобы, «Ақжелең» би тобы, «Жас өркен» балалар хоры және ауданның белгілі өнерпаздары өнер көрсетті.
Елдіктің еңсесін көтеріп, ұлттық рухты ұлықтаған мерекелік кеш көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!