Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі Ақсуат ауылының халқымен кездесті

20.11.2026, 17:20 19

Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Ақсуат ауылының халқымен кездесіп, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Ауылдық клубта өткен кездесуде аудан басшысы алдымен елімізде Президентіміздің бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар, өңірде атқарылып жатқан игі жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында айтып өтті.

– Биыл Президентіміз айтқандай еліміз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашты. Мемлекет басшысының қатысуымен Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Құрылтайда еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды реформаларды жарияланды. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум арқылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, еліміздің бір палаталы жоғары заң шығарушы органы – Құрылтай құрылды. Мемлекет басшымыздың Жарлығымен жоғары консультативтік орган – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылып, өз жұмысын бастады. Мемлекет басшымыз барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойып, Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын 29 қарашаға белгіледі. Бұл жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы саяси жаңғыру үдерісін жеделдетуге, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан», «Қуатты Қазақстан» және «Таза Қазақстанды» құруға бағытталған реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Аймағымызды төрт жылдан астам уақыт басқарған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен ауданымызда елдің игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 28 қазан күні «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Жолдауда еліміздің құрылыс саласындағы әлеуетін арттырып, Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Аталған мақсатта келер жылы Ұлттық қордан ауқымды қаражат бөлініп, өңірімізде аудандар мен елді мекендерде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары кеңінен жүргізілмек. Бүгінде ауданымызда елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Өткен аптада аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен Жанқожа батыр және Үрмаш Түктібаев ауылдарына табиғи газ берілді. Жыл соңына дейін Бекарыстан би және Майдакөл ауылдары да көгілдір отынға қосылатын болады. Бұдан бөлек Жанкент, Бірлік, Қожабақы және Аранды елді мекендеріне магистральдық газ құбырын тарту үшін қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілді. Сондай-ақ Ақсуат ауылында автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГРС) салу және Ақсуат пен Байқожа елді мекендеріне ауылішілік газ құбырларын тарту жобаларының құжаттары әзірленді. Сәтін сала келер жылы осы жұмыстарды бастап кетуді жоспарлап отырмыз, — деді аудан әкімі.

Ауыл тұрғындары тарапынан Байқожа елді мекеніндегі спорт алаңын жөндеу, Ақсуат ауылындағы аяқсуға арналған маторды жаңалау, көшелерді жарықтандыру, төтенше жағдай кезінде өрт сөндіру көліктеріне су алатын арнайы құдықтарды көбейту сынды мәселелер көтерілді. Осы ретте аудан басшысы Байқожадағы спорт алаңын жөндеу мен аяқсуға арналған матор сатып алу жөнінде ауыл әкіміне қаржысын есептеп ұсыныс беруді тапсырып, соған сәйкес тиісті жұмыстар жасалатындығын айтты. Ал, елді мекендегі Әли Есмамбетов көшесін жарықтандыру бойынша қажетті заттар сатып алынып қойылғанын, келер жылы жарықтандыру жұмыстары жүргізілетіндігі айтылды. Сондай-ақ тиісті сала мамандары жуық арада ғана Ақсуат ауылының ішінен 6 құдыққа төтенше жағдай кезінде су алуға арналған су алу бақаншалары (гидрант) орнатылғанын айтты.

Кездесуде ауыл тұрғындары көптен күткен көгілдір отынның көп ұзамай ауылға жеткізілетініне және биыл ауылдағы №100 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне ризашылығын жеткізіп, алдағы жұмыстардың барлығына сәттілік тіледі.

Аудан әкімі халықпен өткен кездесуден кейін, ауыл орталығында биыл салынып пайдалануға берілген учаскелік полиция пункті ғимаратымен танысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: