Дариға Бадықованың «Соңыра» фильмін көрдім. Киноның режиссурасы мен идеясы ұнады.
Өрт сөндірушілердің тіршілігі арқылы өмірде кездесетін көп мәселенің жиынтығын көрсеткен екен.
Фильмдегі өрт тек өрт сөндірушілердің кәсіби міндеті ретінде емес, адам өміріндегі таусылмайтын тауқыметтің метафорасы ма дедім. Ақыр аяғында сол тауқыметтің өртіне күйіп жүріп өмірден өтесің.
«Ойлап тұрсам дүние шолақ екен, адамдар бір-біріне қонақ екен» деген халық әнінің фонында аяқталатын фильмнің негізгі түйіні де осы ән жолдарымен үндесетіндей.
Ойлап тұрсақ, қым-қуыт тіршіліктің бітпейтін проблемаларының өзі өрт қой. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, түкірігі жерге түспей тұр деген адамның өзінде міндетті түрде бір кем дүниесі қабаттаса жүреді. Төрт құбыласы сай, еш уайымы жоқ адам бар ма екен мына жалғанда?
Кинодағы өрт сөндірушілердің де әрқайсысының өз жан жарасы бар. Бірінің әкесі – маскүнем, енді бірінің күйеуі құмар ойынға тәуелді, енді бірінің әйелі – мүгедек. Жақындарының ауыртпалығын арқалап жүрген жандар. Бітпейтін дерт, таусылмайтын тауқымет.
Алла Тағала әу баста қазақты жаратқанда, жақын жандарының ауыртпашылығын бірге көтеріп өмір сүруді маңдайына жазып қойған ба дерсің. Фильмнің соңында залдағы көрерменнің бәрінің дерлік жанарынан жылт ете қалған жас тамшысы осыны аңғартқандай. Әркімнің көз жасына себеп болған жағдай әртүрлі шығар. Біреудің көңіліне өз проблемасы оралып, біреудің жүрегін жақындарының тағдыры шымырлатқан болар. Әр көрермен өз ішіндегі «өртке» күйіп жылағандай.
Бүтіндей бір өрт сөндірушілер ұжымының қызмет үстінде түгелдей опатқа ұшырауы – өз алдына жантүршігерлік оқиға. Ал олардың артында қалған жақындарының тағдырын ойласаң, тіпті қиын. Жыламай көрші, осыдан кейін!
Өмірдің мына парадоксын қараңыз! Кинода жақсы кейіпкерлердің бәрі бір сәтте өртеніп кетеді де, жағымсыз кейіпкерлер: қаннен-қаперсіз масайып жатқан маскүнем, ойсыз лудоман, өзімшіл бастықсымақ аман қалады. Жақсы жандардың ең болмаса біреуін тірі қалдырмаған!
Өмірде де солай ғой. Өзінің ғана емес, басқаның да бар ауыртпалығын арқалай білетін арда жандар тез күйіп кетеді де, өзінен басқаны ойламайтындар жеңілдің астымен, ауырдың үстімен алшаң басып жүре береді. Не адамға, не қоғамға тигізер пайдасы жоқ болса да. Тірі күйік! Бірақ өмір сүреді.
Өмірдің табиғи заңдылығы мен адамның әділдік туралы түсінігі неге үнемі қабыса бермейді екен?
Фильмнен қатты толғаныспен шықтым. Бірақ мені қайсысы көбірек толғантқанын өзім де түсіне алар емеспін – өрт сөндірушілердің қазасы ма, әлде солардың артында қалған жақындарының тағдыры ма?
Әйтеуір түрлі сезімнің арпалысын бастан кешкенім анық.
Адам баласының бұл дүниедегі ғұмыры неткен қысқа еді!
Жақындары үшін отқа да, суға да түсетін жандардың тағдыры неге ауыр болады екен?
Жақсылық пен жамандықтың өмірде өзіне лайық бағаланбайтыны неліктен?
Оо, мына Бадықоваң осал емес-ау! «Соңырасының» соңында әжептеуір есеңгіреп қалдық.
Гүлмәрия Барманбекова.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Көрнекі фото: ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!