Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап оқитын ұлт – болашағы жарқын ұлт

23.11.2026, 8:30 21

HALYQLINE.KZ

Кітап – адамзаттың ең ұлы қазынасы. Ол – өткен мен болашақты жалғастыратын алтын көпір, жан дүниені нұрландыратын шамшырақ. Қай заманда да кітап оқыған ұлт ойы терең, рухы биік, болашағы жарқын ұлт болғаны ақиқат. Осы ұлы мақсатты жүрегіне тұтқан мектебімізде 2026 жылдың 9-13 қарашасы күндері аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тіл алыптары және ұлттық рух» тақырыбындағы апталық өтті.

Апталық аясында 6 және 9-сынып оқушылары арасында «Оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Book-Bridge: 6 мен 9 арасындағы әдеби көпір» тақырыбында әдеби Book-Show байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты – «Оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыру арқылы 6 және 9-сынып оқушылары арасында кітап оқу арқылы рухани көпір орнату, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, оқыған шығармасын насихаттауға, кейіпкерін сезіне және сахналай білу дағдыларын дамыту. І кезең: «Әдебиет айнасы: Оқы, Сезін, Көрсет!». Іс-шара бекітілген жоспарға сәйкес, жүргізушілер Мәди мен Каусардың жүргізуімен өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар өздері оқыған кітаптарын жарнамалап, шығарманың мазмұнын, негізгі ойын және өздеріне әсер еткен тұстарын таныстырды. 9 «А» сынып оқушылары мектеп кітапханасында топталып отырып, «Оқитын ұлт» жобасындағы өздеріне берілген шығармалар бойынша бейнеролик түрінде жарнама жасады.

9 «Ә» сынып оқушылары «Оқитын ұлт» жобасындағы өздеріне берілген шығармалар бойынша презентация түрінде жұмыстарын қорғады. Ал 6 «Б» сынып оқушылары Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», Шон Ковидің «Жасампаз жасөспірімнің жеті дағдысы», Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», Қалмақан Әбдіқадіровтің «Қажымұқан» шығармаларын кітап макеті арқылы жасап, тиімді жақтарын таныстыра отырып жарнамалады. Балғындардың кітапты қолмен жасап, жүрекпен таныстыруы көрермендерді ерекше тәнті етті. ІІ кезең: «Кітап бетінен – сахна төріне». Екінші кезеңде қатысушылар оқыған көркем шығармаларынан таңдаған монологтарын орындап, кейіпкердің ішкі сезімін, ойын, мінезін сахна тілі арқылы жеткізді. Онда 9 «А» сынып оқушысы Диас Жәнібеков Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасындағы сәлемдесу мен жеті атаны білу жайындағы көрегенді, тәрбиелік мәні жоғары тұстарынан монолог түрінде оқыса, Нұрай Болатбекова Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасындағы Шұғаның хатын тыңдармандарға жеткізді. 9 «Ә» сыныбынан Дидар Достыбаев Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасындағы ұстаздар қауымына айтылған естелік тұсынан монолог оқып, тыңдарманын өзіне баурап алды. Ал Қарақат Әділбек Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасындағы Момын шалдың ішкі өкінішін, сезімін монолог түрінде жеткізді. 6 «Б» сынып оқушылары Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасындағы Қожаның тәртібін ретке келтіруі жайындағы тұсынан монолог оқыса, Мәди Алдаберген Шон Ковидің «Жасампаз жасөспірімнің жеті дағдысынан» монолог айтты. Әр монолог – бір тағдыр, бір жүрек лүпілі болды. Сахнада кітап кейіпкерлері қайта тірілгендей әсер қалдырды.

ІІІ кезең: «Сөз бен Сахна сыры». Үшінші кезеңде оқушылар шығармалардан үзінділерді сахналап, сахналық көріністер қойды. 9 «А» сыныбы Дулат Исабековтің «Гаухар тас» шығармасынан үзінді сахналаса, 9 «Ә» сыныбы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасынан көрініс көрсетті. Ал 6 «Б» сыныбы Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармасынан сахналық қойылым ұсынды. Әр қойылымда оқушылардың сахна мәдениеті, сөз саптауы, кейіпкерге ену шеберлігі айқын көрінді. Іс-шара соңында мектеп басшысы Жасұлан Жұматайұлына және әділ қазылар алқасына қорытынды сөз беріліп, белсенді қатысқан оқушылар марапатталды. Іс-шара жоспарға сәйкес толық көлемде, жоғары деңгейде өткізілді. Оқушылар кітап оқуға деген қызығушылықтарын, шығармашылық қабілеттерін және сахналық шеберліктерін көрсетті. Нәтижесінде 9 «А» сынып оқушылары – «Үздік кітап оқитын сынып», 9 «Ә» сынып оқушылары – «Кітап құмар сынып», 6 «Б» сынып оқушылары «Үлгілі кітап оқитын сынып» номинацияларымен марапатталды. Қорытынды: Кітап – рухани көпір «Book-Bridge» – жай ғана байқау емес, ол – 6-сынып пен 9-сынып арасындағы, кіші мен үлкен арасындағы, кеше мен бүгін арасындағы рухани көпір болды. Бұл күні сахнада кітап сөйледі, кейіпкер тірілді, ал көрерменнің жүрегінде кітапқа деген махаббат оянды. Оқушылар кітапты тек оқып қана қоймай, оны сезініп, оны сахналап, оны өзгелерге насихаттай алатынын дәлелдеді.

Кітап оқитын бала – ойлайтын бала.

Ойлайтын бала – елін сүйетін азамат.

Ал кітапқа ғашық ұлт – мәңгілік ұлт. Осындай тағылымы мол іс-шараға қатысқан оқушыларға алғысымыз шексіз. Оқитын ұлт – озатын ұлт.

Индира Әбдіхалыққызы,

№85 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қармақшы ауданы,

Төретам кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: