Қызылорда облысында бір аптаның ішінде масаң күйде көлік басқарған 24 жүргізуші анықталып, жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жүргізушілерге жол қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертті, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Облыстық полицияның мәліметінше, масаң күйде көлік тізгіндеу жүргізушінің өз өміріне ғана емес, жол қозғалысына қатысатын өзге азаматтарға, жаяу жүргіншілер мен балалардың қауіпсіздігіне де тікелей қатер төндіреді. Сондықтан тәртіп сақшылары тұрғындарды алкогольдік ішімдік ішкен немесе өзге де масаң күйдегі адамдардың көлік басқаруына жол бермеуге шақырды. Сондай-ақ жолда мас жүргізушіні байқаған азаматтарға дереу полицияның 102 нөміріне хабарласу ұсынылды.
— Мас күйінде көлік басқармаңыз және жақындарыңыздың рөлге отыруына жол бермеңіз! Мас күйінде көлік басқарып келе жатқан жүргізушіні байқасаңыз, 102 нөміріне хабарласыңыз, — делінген полицияның үндеуінде.
Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде масаң күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал мұндай әрекет жол-көлік оқиғасына, адамдардың жарақаттануына немесе өліміне әкеп соққан жағдайда істің мән-жайына қарай қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін. Полиция жолдағы қауіпсіздік әрбір азаматтың жауапкершілігі екенін еске салды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!