Қызылорда облысында бір аптаның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 6 мыңнан астам дерегі анықталды. Оның ішінде жылдамдықты асыру мен қауіпсіздік белдігін тақпау жағдайлары жиі тіркелген, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Облыстық полицияның мәліметінше, апта ішінде белгіленген жылдамдықты асырудың 2077 дерегі анықталған. Сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпауға қатысты 1080 құқық бұзушылық тіркелген. Бұдан бөлек, маневр жасау қағидаларын бұзудың 244, қарсы бағытқа шығу және басып озу талаптарын сақтамаудың 56 жағдайы белгілі болды. Ал жаяу жүргіншілерге жол бермеген 266 жүргізуші анықталса, тиісті құжаттарсыз немесе көлік басқару құқығынсыз рөлге отырғандардың саны 268-ге жеткен.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға және жолда мұқият болуға шақырды. Тәртіп сақшыларының ескертуінше, қауіпті маневр жасау, қарсы бағытқа шығу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Сондықтан әрбір жүргізуші өз қауіпсіздігімен қатар өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне де жауапкершілікпен қарауы қажет.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!