Сырдария ауданында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Биыл аудан бойынша автомобиль жолдарын жаңғырту, көше желілерін жақсарту және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірнеше ірі жоба қолға алынды. Бұл туралы ауданға жасаған арнайы сапарымызда білдік.
Атап айтар болсақ, кент көшелерінің сапасын жақсартуға және жол инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілуде. Аудан орталығы аумағында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында көптеген жұмыс қолға алынған. Биыл бірнеше көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, автомобиль жолдарын күтіп-ұстау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар елді мекендегі көлік қозғалысын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті қатынауына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Тақырып төңірегінде кент әкімінің де пікірін білген едік. Айтуынша, аудан орталығында жол жөндеу құрылысы жоғары деңгейде атқарылуда.
– Биылғы жылы Тереңөзек кентінде 11 көшеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылды. Жоба құны 376,8 млн теңгені құрайды. Жөндеу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жалпы ұзындығы 3,8 шақырым болатын көшелерді жаңарту қолға алынды. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан көшелер қатарында Қазақ 1, 2, Ж.Жамбыл, А.Құнанбаев, Ғ.Мұратбаев 1, 2, Ш.Құндызбаев, А.Иманов, Наурыз, Жастар және Ж.Құттыбаев көшелері бар. Жоба аясында жолдардың сапасын жақсарту, асфальт жабындысын төсеу, жол қозғалысын реттейтін қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру көзделген. Негізгі мақсат – жолдардың сапалы салынуы. Бұл бағыттағы жұмыстар ұдайы назарымызда болады. Өйткені, халықтың әлеуметтік ахуалы мен күнделікті тұрмыс салтының жақсаруы тиіс, — дейді Тереңөзек кентінің әкімі Нұржан Бисембаев бізбен әңгімесінде.
Сырдария ауданында жол жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруға жасалған келісімшарттың жалпы құны 372 063 999,54 теңгені құрайды. Жобаның бас мердігері – «РиА сервис ЛТД» ЖШС. Ал, жобалық құжаттаманы «Димаш Сервис» ЖШС әзірлесе, құрылыс барысына техникалық бақылауды «Жаңа ғасыр-К» ЖШС жүргізуде.
– Жол жөндеу жұмыстарына қажетті техника мен жұмыс күші толыққанды жұмылдырылған. Атап айтқанда, құрылыс алаңында 3 «КамАЗ», 1 грейдер, 1 каток, 1 су таситын көлік және 1 тиегіш техника және 12 жұмысшы маман тартылған. Жобаны жүзеге асыру 4 айға жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта 11 көшенің барлығына асфальт жабындысы төселіп, жол жиектері тегістелді. Сонымен қатар, жол таңбалары сызылып, қажетті жол белгілері толық орнатылды. Жол бойындағы құдықтардың беті ашылып, тиісті демонтаж жұмыстары жүргізілді. Көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол кедергілері қойылды. Нәтижесінде көшелердің жол сапасы жақсарып, тұрғындар үшін қатынау қолайлылығы арта түсті, — деді кент әкімі.
Алайда жол сапасын жақсарту тек жаңа асфальт төсеумен шектелмейді. Қолданыстағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстау, олардың жағдайын бақылау және уақытылы жөндеу ісі – аса маңызды мәселе. Осы бағытта Тереңөзек кентінде биылғы жылы жеке жоба қолға алынды.
Кенттегі автомобиль жолдарын күтіп-ұстау мақсатында «GEOPSD KZO» ЖШС жоба-сметалық құжаттама әзірледі. Жобаның мердігері болып «ОрдаАвтодор» ЖШС танылған. «Тереңөзек кенті әкімі аппараты» КММ мен «ОрдаАвтодор» ЖШС арасында әзірленген жоба-сметалық құжаттамаға сәйкес арнайы келісімшарт жасалып, жалпы құны 1 784 892 000 теңгені құрады. Ал, осы жылға бөлінген қаржы көлемі 493 000 000 теңге көлемінде болып отыр. Қазіргі уақытта аталған жоба аясында кенттің 8 көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде А.Бисенов, Ы.Сейпулов көшелері мен Бердіқұлов көшесінің 6 учаскесінде тиісті жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде жоспарланған жұмыстар толық көлемде аяқталып, биылға бөлінген қаржы толығымен игерілді.
Біз аялдаған Бердіқұлов көшесінде құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілгені көрініп тұр. Қыс мезгілі таянған сайын жұмыс күші арта түсуде. Мұнда әрбір жұмысшының жұмыс істеу тәсілінде туған жерге деген шынайы ықылас сезіледі. Ал, шынайы ықыласпен істелген іс жемісті нәтиже береді.
Жалпы, Тереңөзек кентінде жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар жол сапасын арттырып, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе, көшелердің жаңаруы мен қолданыстағы жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары елді мекеннің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтуға ықпал етпек.
Жол – елді мекеннің тыныс-тіршілігін байланыстыратын маңызды нысан. Сондықтан оның сапалы болуы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне де тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Тереңөзекте қолға алынған жұмыстар кент келбетін көркейтіп, жол қатынасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болмақ. Тақтайдай тегіс жолдар аудан ажарын айшықтай түскендей. Кентішілік көшелердің сапалы да сәнді салынуы – көшелі елге айналғанымыздың бір белгісі. Сырдария ауданында соған көз жеткіздік.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
Сырдария ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!