Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балқаш жағасындағы АЭС тұрғындарды ауызсусыз қалдырмай ма? Министрлік жауап берді

12.11.2026, 16:25 20

Балқаш көлінің жағасында салынатын атом электр станциясы жақын маңдағы елді мекендердің ауызсу қорына қауіп төндірмейді. Су ресурстары және ирригация министрлігі осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Балқаш көлінің маңында атом электр станциясын салу жоспары өңірдің су қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарды көбейтті. Әсіресе болашақ станцияның су тұтыну көлемі мен оның жергілікті тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге ықпалы алаңдаушылық туғызып отыр.

12 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы құрылыстарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов осы мәселеге түсініктеме берді. Оның айтуынша, елді мекендер мен атом электр станциясы әртүрлі су көздерін пайдаланатын болады.

— Балқаш көлі маңындағы елді мекендер ауызсуды жерасты көздерінен алады. Ал АЭС-тің су қажеттілігі жер үстінде, яғни Балқаш көлінен қамтамасыз етіледі. Яғни, станция үшін көлден су алу жоспарланып отыр, – деді Сағи Үтелов.

Министрлік өкілі қазіргі уақытта өңір тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты қауіп байқалмайтынын жеткізді. Сондай-ақ Балқаш көлінің негізгі су көздерінің бірі саналатын Іле өзенінің арнасын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те АЭС-тің су тұтынуына қатысты есептеулер жасалғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, станцияға қажетті су көлемі Балқаш көлінің деңгейіне айтарлықтай әсер етпейді. Атом электр станциясында салқындатуға пайдаланылатын суды бірнеше мәрте қайта қолдану көзделген.

Дегенмен тұрғындардың ауызсуды жерасты көздерінен, ал станцияның көлден алуы су қауіпсіздігіне қатысты барлық сұраққа жауап бермейді. Болашақ АЭС-тің нақты қанша су тұтынатыны, көлдің су балансына ұзақ мерзімді әсері және экологиялық бақылау нәтижелері де маңызды.

Еске салайық, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын Балқаш көлінің жағасында, Алматы облысының Үлкен ауылы маңында салу жоспарланған. Жобаны жүзеге асыруға ресейлік «Росатом» жетекшілік ететін халықаралық консорциум таңдалған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: