Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шен-шекпенге «шомылған» қоғам…

26.11.2026, 8:20 20

Адамның атынан бұрын атағын, болмысынан бұрын мансабын сұрайтын әдет таптық. Біреумен таныса қалсақ, «Қандай адам?» деген сауалдан гөрі «Қайда қызмет етеді?» дегенге құлағымыз елеңдеп тұрады. Қызметі келісті, лауазымы биік болса, жүзіне қарап, қас-қабағын бағамыз. Ал қолында билігі, сөзінде пәрмені жоқ жанның адамдық қасиеті қанша жерден асыл болса да, оны аңғара бермейміз. Кісі танудағы таразымыздың бір басына атақ пен шенді, екінші басына ар мен парасатты қойсақ, қайсысы басым тартар еді? Көңілге күдік ұялататыны да – осы. Біреудің таққа мінген күнін тойлап, тақтан түскен күні танымай қалатын мінез қайдан жұқты бізге? Кешегі етене таныстың бүгін есен-саулық сұрасуға жарамай қалуы нені аңғартады? Адамның қадірі шынымен қызметімен бірге келіп, қызметімен бірге кете ме, әлде біз  қадірдің  өзін қадірсіздендіріп  алдық  па?

Қазақ «Ат қадірін мінген білер, ел қадірін жүрген білер» деген. Ел ішінде ежелден-ақ қадір мен құрметтің өз жосығы болған. Би төрге шықса, бітім сөзі үшін шыққан. Ақсақалға жол берілсе, жасына ғана емес, жасаған өнегесіне қарап жол берілген. Ел ағасының беделі қолындағы қамшысымен емес, аузындағы уәлі сөзімен өлшенген. Бүгінгі қоғамда да парасатымен абырой тапқан азаматтар баршылық. Әйтсе де, сол баяғы сыйластықтың сара жолынан кейде жаңылып қалатынымыз жасырын емес. Қай жиынға барсаңыз да, төрдің төңірегіндегі ықылас пен ілтипаттың кімге көбірек бұйыратынын аңғаруымыз тез. Арасында өмірін бала оқытуға арнаған ұстаз, талай науқастың дертіне дауа тапқан дәрігер, маңдай терімен елге сыйлы болған еңбек адамы отыруы мүмкін. Бірақ көптің назары көбіне лауазымы биік кісіге ауады. Айтары болмаса да, сөз беріледі. Орынды пікір айтпаса да, қошемет көрсетіледі. Мұндайда адамның өзіне көрсетілген құрмет пен оның қызметіне жасалған құрдай жорғалаудың аражігін ажырату оңай болмай қалады. Әрине, ел басқарған, жұрттың  жүгін көтерген  азаматқа  құрмет көрсету әбестік емес. Қайта, лайықты адамға лайықты  ілтипат таныту – азаматтық мәде­ниет­тің белгісі. Бірақ құрметтің түбі ықыласта  ма  әлде  есепте  ме?  Мәселенің  мәйегі  осында.

Бір азаматтың жоғары қызметке тағайындал­ғанын көз алдыңызға келтіріңізші. Кеше ғана көптің бірі болып жүрген жанның аяқ астынан айналасы абыр-сабыр болады. Бұрын ат ізін салмайтын таныстары амандығын сұрайды. Құттық­таушылар көбейіп, дастарқанға шақырушылардың қатары қалыңдайды. Кешегі елеусіз пікірі бүгін елдік мәселе жөніндегі салмақты сөзге айна­лады. Әзіліне де ду күледі, ашуынан да астар іздейді. Қабағы кіржисе, біреудің мазасы қашады. Қолындағы құзыретіне қарап, оның бойынан бұрын байқалмаған қасиеттерді табатындар да табылады. Ал ертең сол азамат қызметінен боса­ды делік. Кеше есігін торуылдағандардың бір­сыпырасы қарасын көрсетпейді. Телефонның да тынысы тарылады. Төрге оздыратындардың да, төңіректейтіндердің де қатары сирейді. Сонда не өзгерді? Адамның ақылы азайды ма? Кісі­лігі кеміді ме? Жоқ. Өзгергені – қолындағы билік қана. Демек, кеше көрсетілген қошеметтің бәрін шынайы құрмет деуге келмейді. Қазақ мұндайда «Атың барда жер таны, желіп жүріп, асың барда ел таны, беріп жүріп» дейді. Бірақ бұл сөздің екінші бір ащы астары бардай көрінеді, адамның айналасын­дағы көпшіліктің ниетін де дәурені жүріп  тұрғанда  түгел  танып  білу  оңай  емес.

Мансаптың да адамды масайтатын өз мастығы бар. Ол кейде байқатпай бойға сіңеді. Алғашында жұрттың құрметіне қысылып жүрген адам уақыт өте келе сол құрметті өзіне тиесілі сыбағадай көре бастайды. Айналасындағы қошеметтің шын-өтірігін  сараламайды. Қарсы пікір айтқанды жақтырмай, мақтағанды  маңайына үйіреді. Ақыры ақыл айтатын адамнан гөрі айтқанын қош­тайтын адамға зәру болады. Сөйтіп, биік қыз­метте отырғанымен, шындықты есту жағынан жұтаң тартады. Бұл – мансаптың адамға тигізер ең ауыр кесірінің бірі. Өйткені биліктің буына мас болған жан бірте-бірте өзінің кім екенін емес, жұрттың  өзін кім деп жүргенін шындыққа балайды. Ал адамның өз болмысынан алыстауы осы тұстан басталса керек. Қызметтің салмағын кө­теру – бір басқа, оның буына бой алдыру – бөлек нәрсе. Екеуінің арасын ажырататын да – кісінің ішкі  мәдениеті,  өзін-өзі  тежей  алатын  парасаты.

Бұдан да тереңірек үңілсек, біздегі лауазымға деген ерекше ықыластың тамыры таныстыққа барып тірелетінін байқаймыз. «пәленшені тани­мын», «түгеншемен араласамын», «бір ауыз сөзім­ді жерге тастамайды» деп күпінетіндер бар. Осыдан кеп, адамның өз қабілетінен бұрын кімнің қабағына қарайтыны, кіммен дәмдес болғанын байқаймыз. Біреудің беделін өзіне қалқан етуді мәртебе санайтын мінез де жат емес. Мұндай ортада еңбектің өтеуі мен білімнің бағасы көмес­кіленеді. Жас маман қызметке орналасу үшін қабілетін шыңдаудан бұрын тамыр-таныс іздеуді жөн көрсе, оның бұл таңдауын жеке басының ғана кемшілігі деуге бола ма? Ол да айналасынан көргенін көңіліне түйеді. Біреудің біліммен емес, бедел­ді танысының арқасында жолы болып жатқанын  байқайды. Біреудің маңдай тері ескеру­сіз қалып, екінші біреудің тамыр-танысы тасын өрге домалатқанын көреді. Сөйтіп, көңілінде күмән қылаң береді, бұл қоғамда адал еңбектің өтеуі бар ма? Міне, ең қауіптісі – осы күмәннің бір адамның емес, тұтас буынның санасына сіңуі. Өйткені еңбегінің әділ бағаланатынына сенбеген жас ертең өзіне емес, өзгенің қолдауына иек артады. Ал біреудің арқасына сүйеніп үйренген адам өз  аяғымен  нық  тұруға  жүрексінеді.

Қоғамдағы осы құбылыстың тағы бір қыры бар. Біз кейде адамды қызметке жеткені үшін шексіз мақтап, сол қызметте не тындырғанын сұрауға келгенде сараңдық танытамыз. Бір азамат жоғары лауазымға тағайындалса, оның біліктілігінен бұрын шыққан тегін, танысын, кіммен араласатынын талқылаймыз. Ал сол адамның елге сіңірген еңбегін, қабылдаған шешімдерінің нәтижесін, жауапкершілігін таразылауға келгенде әңгіменің ауаны өзгеріп кетеді. Шын мәнінде, қызметтің өзі жетістік емес, сол қызмет арқылы атқарылған іс жетістік болуы керек емес пе? Басшының биіктігі өзіне сеніп тапсырылған істің қайырынан, қарамағындағы адамдарға жасаған әділдігінен, елдің алдындағы есептілігінен танылуға тиіс. Әйтпесе, орынтақты адамның өзімен шатастырып алу оп-оңай. Орынтақтың аяғы төртеу болғанымен, оған өмір  бойы сүйеніп отыру  мүмкін емес.

Осы тұста қызметтен кеткен адамның тағды­рына да бір сәт зер салған жөн. Жылдар бойы айналасы адамнан арылмаған, әр сөзіне құлақ түрілген кісінің бір күні елеусіз қалуы оңай соқпайды. Кеше­гі аралас-құралас жүргендердің көбі алыс­тайды. Әлгі адамның өзі де мұндай өзгеріске да­йын болмауы мүмкін. Өйткені қызмет пен жеке қадірдің шекарасын кезінде аңғармаған. Кейбіреу­лер сол сәтте қоғамнан көңілі қалып, бұрынғы қошем­етті аңсап өтеді. Ал енді біреулер қызметтен кеткеннен кейін де елдің ортасында жүреді. Оларға жұрт бір шаруасын бітіртіп алу үшін емес, ақылын тыңдау, әңгімесін есту, амандығын білу үшін барады. Бірінің есігі қызметімен бірге жабылса, екіншісінің шаңырағынан адам үзілмейді. Бұл айырмашылық  қайдан туады? Бәлкім, бар гәп адамның қызметте жүргенде кім болғанында шығар. Бірі билікті бедел жинаудың құралы етсе, екіншісі сол билік арқылы елге қызмет етуді мұрат тұтады. Бірі өзін өзгелерден биік қойған сайын айналасына қорған  тұрғызады, екіншісі қанша биіктесе де, елден  іргесін  бөлмейді. Уақыт өте келе осы екеуінің кім екені айқындалады. Себебі қызметтің ғұмыры шектеулі, ал адамның артында қалатын аты мен абыройының  ғұмыры  өз  ісіне  байланысты.

Мұның бәрін тек шенеуніктердің мінезіне телу де әділетсіздік болар еді. Лауазымға табы­натын ортаны қалыптастыратын – қоғамның өзі. Жоғары қызметтегі адамды көрсе, елпілдеп, қарапа­йым еңбек адамына келгенде қабағын түйе­тін өзіміз емес пе? Біреудің мансабына қарап мінез өзгертуді кейде  әдептілікпен шатастырамыз. Байқасақ, бұл түсінік отбасындағы тәр­биеге де әсер етіп жатыр. Баламызға «адал бол, білім ал, еңбек ет» дейміз. Бірақ өзіміз ықпалды адамға жалпақ­тап, қарапайым қызметкерге жоғарыдан сөйлесек, сол өсиетіміздің құны қанша? Бала айтқан сөзімізден бұрын істеген ісімізді көреді. Әкесінің бір басшыға барынша ілтипат танытып, есік  алдындағы  күзетшіні елемей өткенін байқайды. Сөйтіп, адамды  қадірлеудің емес, дәрежесіне қарай  бөлудің  жазылмаған тәртібін меңгереді. Ертең  сол  бала да біреуді қызметіне қарап сыйлап, екіншісін қызметіне қарап менсінбесе, оған таңдануға бола ма? Тәрбиенің ең өтімдісі – көзбен көрген өнеге. Өкініштісі сол, кейде біз сөзі­мізбен бір құндылықты дәріптеп, ісімізбен соған  кереғар  мінезді  орнықтырып  жатамыз.

Түптеп келгенде, мәселе біреудің биік қызметке баруында немесе сол қызметтен кетуінде емес. Мәселе – біздің адамға деген көзқарасымызда. Қоғам кімге төр ұсынса, кімнің сөзін тыңдаса, кімнің ісін үлгі етсе, ертеңгі ұрпақ та сол құндылықтарға ұмтылады. Егер тек лауазымы биіктерді дәріптей берсек, мансапқорлықты өз қолымызбен мәпелегеніміз. Ал адал еңбекті, әділдікті, білім мен парасатты бағаласақ, кісіліктің көсегесін көгертеміз. Әрине, мұның бәрі бір күнде өзгермейді. Бірақ өзгеріс адамның өзінен басталады. Біреумен танысқанда алдымен кім екенін емес, қандай адам екенін білгіміз келетін күнге жетсек, соның өзі үлкен ілгерілеу болар еді. Кісілік пен кішілік туралы әркімнің ойы әртүрлі. Ал сіздің  ойыңыз  қандай,  қадірлі  оқырман?

Кемел ҚҰРМЕТ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: