Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұрат Ергешбаев тұрғындардың мәселелерін тыңдады

12.11.2026, 20:41 18

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Жеке қабылдауға келген 60-тан астам азамат газ, жол, баспана және әлеуметтік нысандарға қатысты өтініштерін жеткізді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Аймақ басшысы құқық қорғау органдарының жетекшілерімен бірге тұрғындарды жеке қабылдап, олардың ұсыныс-тілектерімен танысты. Қазалылықтар негізінен электр желілерін жаңғырту, жолдарға асфальт төсеу, жылу жүйесін кеңейту және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Кездесуде ауылдарды табиғи газбен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өркендеу ауылының тұрғыны Өркендеу, Бірлік, Қожабақы және Аранды елді мекендеріне газ жеткізу жайын сұрады. Қазір ауданның оңтүстік бөлігінде газдандыруды қажет ететін тоғыз елді мекен бар. Онда 6 849 адам тұрады. Аталған ауылдарда 1 319 тұрғын үй, 45 әлеуметтік нысан және 323 кәсіпкерлік субъектісі орналасқан.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Жанкент, Бірлік, Қожабақы және Аранды ауылдарына жеткізуші газ құбырын салу жобасы әзірленген. Оны жүзеге асыруға 4 млрд 558,155 млн теңге қажет. Ал 2027 жылға 1 млрд 769,652 млн теңге көлемінде қаржы бөлу мақұлданған.

Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен елді мекендерге жеткізуші газ құбыры тартылып, кейін ауылдардың ішкі газ желілері салынады. Дегенмен газдандыру жұмыстарының нақты қашан аяқталатыны әзірге айтылған жоқ.

Жеке қабылдауда көтерілген тағы бір мәселе Әйтеке би кентінде жаңа Оқушылар үйін салуға қатысты болды. Тұрғындардың бірі балалардың қосымша білім алуына жағдай жасайтын жаңа ғимарат қажеттігін жеткізді.

Әкімдік мәліметінше, Оқушылар үйін кент орталығындағы №249 мектептің бос жатқан жер учаскесіне салу жоспарланған. Жоба облыстық деңгейде қолдау тауып, оның жобалық-сметалық құжаттамасы демеушілік қаражат есебінен әзірленген. Құжаттама мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған.

Облыс әкімі қабылдауда айтылған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Әкімдік тұрғындардың барлық өтініші жан-жақты зерделеніп, заң аясында қаралатынын хабарлады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: