«Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау –
біздің ортақ міндетіміз!»
Қасым-Жомарт Тоқаев
Әр баланың қабілеті мен даму қарқыны әртүрлі. Біріне оқу мен жазуды меңгеру үшін қосымша уақыт қажет болса, енді біріне сөйлеу, қарым-қатынас орнату немесе күнделікті ортаға бейімделу үшін арнайы маманның көмегі керек. Сондықтан, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білім беру ісінде жеке қажеттілікті ескеру аса маңызды.
Ерекше білім беруді қажет ететін баланың өмірінде әрбір жетістік жүйелі еңбектің нәтижесі болуы мүмкін. Қарапайым қарым-қатынас дағдысын қалыптастыру, ойын жеткізу, өз бетінше әрекет ету, оқу материалын меңгеру – мұның бәрі кей бала үшін ұзақ уақыт пен үздіксіз қолдауды қажет етеді. Осындайда ата-ананың жанынан табылуы, педагогтің түсіністігі, психолог пен арнайы мамандардың кәсіби көмегі айрықша мәнге ие. Алайда қажетті қолдау уақытылы көрсетілмесе, баланың білім алуына ғана емес, әлеуметтік ортаға бейімделуіне де кедергі келуі мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау және инклюзивті ортаны қалыптастыру мәселелерін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде атап өткен.
– Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет. Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді, — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қоса, Президент инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударды.
– Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар. Өкініштісі сол, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ауқымды құрылысты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет. Маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуі керек. Осы жұмысқа «Қазақстан халқына» қоры белсенді атсалысқаны жөн, — деді Мемлекет басшысы.
АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
Қызылорда облысында бұл бағыттағы жұмыстың ауқымы аз емес. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2026-2027 оқу жылында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация есебіне 9 922 бала алынған. Бүгінде облыста 2 515 бала мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, 3 389 бала жалпы білім беретін мектептерде, 1 286 бала үйден оқыту нысанында білім алуда. Сонымен қатар, 88 бала арнайы балабақшаға, 201 бала арнайы сыныптарға, 279 бала арнайы мектепке орналастырылған. Колледждерде 252 бала білімін жалғастырып жатыр.
Бұдан бөлек, 287 бала оңалту орталықтарында, 342 бала аутизмі бар балаларды қолдау орталығында, 803 бала психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде, 34 бала жеке орталықтарда түзету-дамыту қызметтерін алады. Тағы 400 бала әлеуметтік қызметпен қамтылған.
Бұл деректер – балаларға көрсетілетін көмектің бірнеше бағытта ұйымдастырылғанының дәлелі. Дегенмен, әр баланың қажеттілігі әртүрлі екенін естен шығармаған жөн. Бір балаға логопедтің тұрақты сабағы қажет болса, екіншісіне дефектологтың көмегі, үшіншісіне педагог-ассистенттің жеке сүйемелдеуі маңызды болуы мүмкін. Кей жағдайда баланың оқу бағдарламасын бейімдеу, сыныптағы қарым-қатынасын реттеу, өзіндік дағдыларын қалыптастыру қатар жүргізіледі. Сондықтан, ерекше баламен жұмыс істеуде оның диагнозына ғана сүйену жеткіліксіз. Ең алдымен, баланың нені меңгере алатынын, қандай жағдайда қиналатынын, қандай қолдау арқылы алға жылжи алатынын анықтау қажет. Жеке қажеттілік ескерілгенде ғана білім беру үдерісі баланың мүмкіндігіне сай ұйымдастырылады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың дамуы мен білім алуында арнайы мамандардың орны бөлек. Психолог баланың эмоциялық жай-күйі мен қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға көмектессе, логопед сөйлеу тілін дамытуға, арнайы педагог оқу мен танымдық дағдыларды жетілдіруге ықпал етеді. Ал педагог-ассистент баланың мектеп ортасына бейімделуіне және оқу үдерісіне қатысуына қолдау көрсетеді.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Қанатовтың дерегіне сүйенсек, жалпы білім беретін мектептерде осындай міндеттерді атқаратын 1 757 маман жұмыс істейді. Олардың қатарында 445 педагог-психолог, 257 арнайы педагог, 64 логопед, 697 педагог-ассистент және 294 әлеуметтік педагог бар.
– Мамандардың жұмысын жетілдіру бағытында да бірқатар іс-шара атқарылған. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында облыстық деңгейде семинарлар, семинар-практикумдар, вебинарлар мен әдістемелік кездесулер ұйымдастырылып, барлығы 2 304 маман қамтылған. Сонымен бірге 517 педагог арнайы және инклюзивті білім беру бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өткен. Кадр даярлау ісінде де жаңа қадам бар. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 2026-2027 оқу жылында «Педагог-ассистент» біліктілігі бойынша бюджеттік негізде 15 білім алушы қабылданған. Мамандыққа лицензия алынған, білім беру бағдарламасы тізілімге енгізілген, — деді А.Қанатұлы.
Алайда, мамандардың жалпы санынан гөрі олардың балаға қаншалықты қолжетімді екені маңызды. Мәселен, облыстық білім басқармасы ауылдық елді мекендерде арнайы мамандармен қамтамасыз ету, түзету-дамыту қызметтерінің қолжетімділігі және материалдық-техникалық базаны жетілдіру мәселелері әлі де өзекті екенін атап өтті. Қалада қажетті маманға жүгіну мүмкіндігі болғанымен, шалғай ауылдағы отбасы үшін мұндай қызметті алу оңай болмауы мүмкін. Арнайы педагогтің, логопедтің немесе түзету кабинетінің қолжетімсіздігі баланың дамуындағы маңызды кезеңдерді өткізіп алуына әкелуі ықтимал. Демек, инклюзивті білім берудің басты талаптарының бірі – сапалы көмекті баланың тұрғылықты жеріне қарамастан қамтамасыз ету.
Білім саласында 23 арнайы білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Олар: 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация; 9 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті; 3 оңалту орталығы; 3 арнайы мектеп-интернат (№5 көру қабілеті, №6 есту қабілеті, №7 интеллект бұзылыстары бар балаларға арналған); 1 аутизм орталығы; 1 арнайы балабақша.
– Облыста «Қызылорда облысының ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін арнайы және инклюзивтік білім беруді дамыту бойынша 2026-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» тұжырымдамасының индикаторларына сәйкес, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау көрсеткіші мектепке дейінгі ұйымдарында 93,9% (жоспар 80%), жалпы білім беретін мектептерде 99,3% (жоспар 95%), ТжКББ үлесі 100% (жоспар 90%) құрайды. Білім беру ұйымдарында тең жағдай жасау және кедергісіз қол жеткізу бойынша міндетті көрсеткіштер 100 пайыз орындалып, нысанды индикаторларға қол жеткізілді. «Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» тұжырымдамасының индикаторларына сәйкес, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 35,8% (жоспар 30%), жалпы білім беретін мектептерде 73% (жоспар 40%), колледждерде 46,7% (жоспар 30%) құрайды, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Қанатов.
«ТЬЮТОРСЫЗ ИНКЛЮЗИЯНЫҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?»
Ерекше баланың мектепке баруы – оның қоғамға араласу жолындағы маңызды кезең. Бірақ білім беру мекемесіне қабылдану мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Бала сыныптастарымен тіл табыса ала ма, оқу бағдарламасын меңгере ме, өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік ала ма? Мұның бәрі білім беру ортасының қаншалықты бейімделгеніне байланысты.
Білім басқармасының мәліметінде облыстағы мектептердің 99,3 пайызында, мектепке дейінгі ұйымдардың 93,9 пайызында инклюзивті білім беруге жағдай жасалғаны көрсетілген. Бұл – жоспарлы межеден жоғары нәтиже. Десе де, мұндай көрсеткіштерді баланың білім сапасы мен даму нәтижесінен бөлек қарастыру әлбетте, орынсыз. Себебі де сол, ғимараттың қолжетімді болуы мен баланың сол ортада толыққанды білім алуының арасында үлкен айырмашылық бар.
Мәселенің тағы бір қыры – баланың мектептен кейінгі өмірі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың барлығы бірдей білім алудың келесі сатысына өтуге, мамандық таңдауға және еңбекке араласуға мүмкіндік алып отыр ма? Бұл бағытта нақты нәтижелерді бағалау маңызды. Баланың оқу жетістігімен қатар, өздігінен әрекет етуі, әлеуметтік ортада қарым-қатынас орнатуы, күнделікті өмір дағдыларын меңгеруі де назардан тыс қалмауы керек.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Асхат Қанатұлының айтуынша, облыста ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін 2026-2030 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Сонымен бірге, білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері жұмыс істейді. Бұл бастамалардың нәтижесі алдағы уақытта балалардың жеке қажеттіліктеріне сай көмек алуынан, білім сапасының артуынан және әлеуметтік бейімделуінен көрінуі тиіс.
Ерекше баланы қолдау – бір мекеменің немесе бір маманның міндеті емес. Бұл іске ата-ана, педагог, медицина және әлеуметтік қызмет өкілдері, жалпы қоғам жұмыла атсалысқанда ғана нәтиже болады. Баланың ерекшелігін қабылдау, оны қатарынан бөлмеу, қабілетіне сенім білдіру – қолдаудың маңызды бөлігі.
Тақырыпқа тұздық болсын, интегративті бала дәрігері Гүлвира Төремұратқызымен тақырыбымыздың төңірегінде әңгімелескен едік. Айтуынша, жақында ғана жұмыс барысымен жеке мектептің 1-сыныпқа қабылдауына қатысып, көңілі біршама түскенін айтты.
– Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, бір жеке мектеп 6 жастағы баланы мектепке қабылдап отыр. Баланың стимі бұзылған, РАС диагнозы бар ерекше бала екені көрініп тұр. Бір орында отыра алмайды, назары ойнап тұр. Анасы «1 жыл дайындап әкелсем, мектеп бағдарламасын игеріп кете ала ма?» дейді. Өкінішті, әрине. 1 жылда ерекше белгісі бар баланы мектепке дайындау мүмкін емес. Анасына да «кеш қозғалып жатырсыз» деп ескерттім. Негізінен, мұндай ерекше баланы қабылдайтын жеке мектептерде тьютор маманы жұмыс істеуі керек. Үлкен қалаларда, мысалы Шымкент, Алматы, Астанадағы жеке мектептерде тьютор маманы жұмыс істейді. Ал біздің Қызылордада мұндай сала иелері қарастырылмаған. Сөйте тұра, ерекше баланы 6 жасынан мектепке қабылдау – тіпті қисынға келмейтін дүние, — деді Г.Төремұратқызы.
«БІЗ БАЛАМЫЗ «А» ДЕГЕНІ ҮШІН АҚША ТӨЛЕЙМІЗ»
Инклюзивті білім берудің басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы жалпы білім беру ортасында сапалы білім алуына, қатарластарымен араласуына және әлеуетін дамытуына мүмкіндік жасау. Алайда бұл талаптың іс жүзіндегі орындалуы әлі де бірқатар түйткілге тіреліп отыр. Аутизмі бар баланы тәрбиелеп отырған Сәуле Өтеген есімді ана (аты-жөні өзгертілген. – ред.) осы саладағы негізгі мәселелердің бірі ретінде маман тапшылығы мен мектептердің дайындық деңгейін атады. Оның сөзінше, 32 оқушысы бар сыныпқа ерекше бала қабылданғанымен, оған тьютор немесе арнайы маман бекітілмеген жағдайлар кездеседі. Мұндайда мұғалім бүкіл сыныптың оқуына жауап берумен қатар, қосымша қолдауды қажет ететін баланың да қажеттілігін өтеуге мәжбүр.
– Мұғалім 31 баланың сабағына қарай ма, әлде ерекше баламен жеке айналыса ма? Мұндай жағдайда барлығына қиын. Инклюзивті білім беру үшін баланы мектепке қабылдау аздық етеді. Оған қажетті маман мен жағдай да қарастырылуы керек, — дейді ана.
Оның айтуынша, тьюторлардың кәсіби даярлығы да алаңдатады. Кей маман баланың мінез-құлқындағы ерекшеліктерді түсінбей, онымен жұмыс істеуде қиындыққа тап болады. Ал тьютордың негізгі міндеті – оны мектеп ортасына бейімдеп, өздігінен әрекет етуіне көмектесу.
Мәселенің тағы бір күрделі тұсы – ерекше баланың мектептегі жағдайына байланысты ата-аналар тарапынан қарсылықтың туындауы. Кейіпкеріміз кейбір ананың мұғалімдер мен өзге ата-аналардың қысымына ұшырап, баласын мектептен алып кетуге мәжбүр болатынын айтты.
– Баланы мектептен шығарып жіберу арқылы мәселе шешілмейді. Инклюзивті білім берудің мәні – баланы қоғамға бейімдеу, ал қоғамды ерекше балаларды қабылдауға үйрету. Ерекше бала болған соң, өзге балалармен тіл табыса алмауы, тістеп алуы сынды жағдайлар болуы айтпаса да белгілі. Өкініштісі сол, кейде ата-анаға «балаңызды алып кетіңіз» деген талап қойылады. Ақырында кейбір бала қайтадан үйде оқуға мәжбүр болады, — дейді ол.
Ата-ананың пікірінше, үйден оқыту баланың әлеуметтік ортаға бейімделу қажеттілігін толық өтей алмайды. Өйткені білім алумен қатар, қатарластарымен қарым-қатынас жасау, қоғамдық ортада өзін ұстау, дербес әрекет ету дағдылары да қалыптасуы керек. Сондай-ақ, мәселенің қаржылық жағы да отбасыларға салмақ түсіріп отыр. Ана өз баласының түзету сабақтарына, қосымша үйірмелеріне ай сайын 600 мың теңгеден астам қаражат жұмсайтынын жеткізді. Оның айтуынша, әр балаға жеке бағдарлама бойынша жұмыс істейтін білікті мамандар қажет. Алайда, мұндай қызметтердің құны барлық отбасының қалтасы көтеретін деңгейде емес.
– Баламның түзету орталығына барғанына алты жыл болды. Әр жаңа дағдыны қалыптастыру үшін ұзақ уақыт пен үздіксіз жұмыс қажет. Мамандар орталықта үйреткен дүниені үйде де қайталау керек. Бірақ мұндай көмектің барлығы ақылы. Әр отбасының ай сайын жүздеген мың теңге жұмсауға мүмкіндігі жоқ, — дейді ана.
Ол ерекше баланың ата-анасына диагноз қойылған сәттен бастап нақты бағыт-бағдар беретін мемлекеттік жүйе қажет деп санайды. Қай маманға жүгіну, қандай түзету көмегін алу, қандай әлеуметтік қолдау қарастырылғаны жөнінде ақпарат қолжетімді болуы тиіс.
Шынында да, инклюзивті білім берудің нәтижесі мектепке қабылданған балалардың санымен ғана өлшенбейді. Оның сапасы баланың қаншалықты қолдау алғанынан, мұғалімнің кәсіби дайындығынан, арнайы мамандардың қолжетімділігінен және ата-ананың әлеуметтік жүктемесінен көрінеді. Бір баланың білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін тұтас жүйенің дайындығы қажет.
Әр баланың бойында ашылмаған мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті байқап, дамытуға жағдай жасау – білім беру жүйесінің де, қоғамның да ортақ міндеті. Өйткені ерекше баланың болашағына жасалған жағдай – тұтас қоғамның адамға деген көзқарасының көрсеткіші.
Перизат ЗАХРАДИН
Фото: ашық дереккөз
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!