Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Яндекс» үстемдігі һәм отандық бизнестің болашағы

15.10.2026, 8:00 47

Мәселенің түп-төркіні Қазақстаннан тыс­қары жерде жатыр. 8-11 қазан аралығында Ресей­дің Сасово, Калуга және Владимир қала­ларындағы «Яндекс» деректер орталық­тарына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасал­ды. Компания Сасово мен Владимир­дегі нысандар жұмысын тоқтатқанын, Калугадағы инфрақұрылымның бір бөлігі істен шыққанын хабарлады. Ресейдегі технологиялық инфрақұрылымның зақымдануы Қазақстан, Беларусь және Армениядағы қызметтердің жұмысына  да  әсер  етті.

Оқиғаның экономикалық салдары бірден сезілді. Yandex Go арқылы көлік шақыра алма­ған жолаушылар балама сервистерге ауыс­ты. Соның нәтижесінде inDrive платформасына сұраныс күрт өсті. Кейбір бағытта жол жүру ақысы үш есеге жуық қымбаттағаны тура­лы ақпарат  тарады.

13 қазанда Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive компаниясына ресми ескерту жолдады. Ведомство мұндай жағдайда нарықтағы бәсекенің жо­ғары шоғырлануы тұтынушыларға қосым­ша тәуекел әкелетінін атап өтті. Агенттік мәлі­метінше, inDrive бағаны жолаушы мен жүргізушінің өзара келісімі арқылы белгілейді. Компания сұранысты тұрақтандыру үшін комиссиясын азайтып, баға саудалаудың жоғарғы шегіне шектеу енгізген. Осы арада назар аударатын бір жайт бар. Бір ірі платформадағы ақау екіншісіне сұранысты көбейтіп, нарықтағы баға тепе-теңдігін өзгертіп жіберді. Қалыпты жағдайда  бірнеше  қосымшаның  болуы бәсекенің белгісі саналады. Бірақ төтен­ше жағдайда олардың қуаты мен жүргізушілер саны бірдей болмаса, жолаушының таңдау  мүмкіндігі  шектеледі.

Осы оқиғаға байланысты экономист, EPG қорының жетекшісі Досым Бесбайдың айтуын­ша, мәселенің негізгі себебін бір компанияның техникалық ақауынан бұрын такси нарығындағы бәсекенің жеткілікті дамы­мауынан  іздеген  жөн.

– Жақында болған төтенше жағдайды алайық. Ресейдегі «Яндекстің» деректер орталық­тарында болған жарылыстардың салдарынан біздің елдегі такси қызметі айтар­лықтай іркіліске ұшырады. Бұл жағдай бәсекенің  қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті. Егер нарықта бір-бірімен тең дәрежеде  бәсекелесе алатын бірнеше ірі оператор болса, олардың біреуінің қызметі тоқтаған кезде тұтынушылар өзге платформаға еркін ауыса алар еді. Қызмет көрсету нары­ғын­да таңдау мүмкіндігі болған сайын мұндай тәуекел­дер де азаяды. Менің ойымша, бүгінгі басты сұрақ «Қазақстан неге өз такси қосымшасын жасамай отыр?» дегеннен гөрі, «неге осы нарықта бір компанияның ықпалы соншалықты күшейіп  кетті?» дегенге  байланысты  болуы керек. Өйт­кені елімізге бұған дейін түрлі опера­тор келді, отандық компаниялар да жұмыс істеуге талпынды. Бірақ олардың басым бөлігі ірі ойыншы­мен бәсекелесуде қиындыққа тап болды, — деді экономист  Досым  Бесбай.

Сарапшының сөзінде экономикалық тұрғыдан маңызды мәселе жатыр. Нарықтың тұрақтылығы тек компанияның технология­лық қуатына байланысты болмайды. Оған бала­ма қызметтердің саны, олардың нарық­тағы үлесі және төтенше жағдайда қосымша сұранысты қабылдай алатын мүмкіндігі де әсер етеді. Ал бір платформаға шамадан тыс тәуелділік оның жұмысындағы техникалық ақауды тұтас нарықтың проблемасына айналдыруы  мүмкін.

Қазақстанның цифрлық экономикасы үшін осы оқиға маңызды сынақ болды. Технологияның қолайлылығына үйренген қоғам оның үздіксіз жұмыс істеуі қандай инфра­құрылымға  тәуелді  екенін  аңғарды.

Такси агрегаторларының негіз­гі капиталы автокөлік паркінің көле­мімен өлшенбейді. Олардың басты экономикалық артықшылығы жүргізушілерді, жолаушыларды, төлем жүйелерін, маршруттарды және тап­сырыстарды бір технологиялық орта­ға  біріктіруінде  жатыр.

Yandex Qazaqstan жариялаған мәліметтер бұл нарықтың қаншалықты ауқымды екенін аңғартады. Компанияның 2024 жылы жария­лаған есебіне сәйкес, 2023 жылы Yandex Go платформасына қосылған жүргізушілер мен таксопарктердің табысы 400 миллиард теңгеден асқан. Ал 2024 жылы сервис арқылы жұмыс істеген белсенді жүргізушілер мен курьерлердің саны 845 мыңнан асқанын  компания  хабарлады.

Енді көрсеткіштердің аражігін ажыратып алайық. 400 миллиард теңге компанияның таза табысы немесе Қазақстаннан шығарылған қаржы көлемі емес. Ол – жүргізу­шілер мен таксопарк серіктестерінің табысына қатысты жарияланған көрсеткіш. Сол секілді 845 мың адамды тұрақты, толық жұмыс күнімен қамтылған қызметкер саны деп қабылдауға болмайды. Соған қарамастан, бұл сандар платформалық экономиканың елдегі еңбек нарығына ықпалын көрсетеді. Мыңдаған азамат негізгі немесе қосымша табысын цифрлық сервистер арқылы тауып отыр. Кәсіпкерлер жеткізу қызметін ұйымдастыруға, таксопарктер жүргізушілерді тапсырыспен қамтамасыз етуге, жолаушылар уақытын үнемдеуге мүмкіндік алды.

Компания салық төлеу жүйесіне де қатысады. Yandex Qazaqstan дерегінше, 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы маусымның соңына дейін жүргізушілердің табысынан 4,3 миллиард теңге салық пен әлеуметтік  төлемдер  аударылған.

Демек, халықаралық платформалардың Қазақстан экономикасындағы қызметін тек капиталдың сырт­қа кетуімен түсіндіру жеткіліксіз. Олардың қызметінен жергілікті жүргізушілер, кәсіпкерлер және мемлекеттік бюджет те табыс алады. Бірақ өзге мәселе бар. Платформаның технологиялық активтері, бағдарламалық қамтамасыз етуі, лицензиялық төлемдері, комиссиялық түсімі және түпкілікті  пайдасы  қалай  бөлінеді?

Осы сұраққа жауап беру үшін агрегаторлардың қазақстандық заңды тұлғаларының қаржылық есебін, олардың шетелдік байланысты компаниялармен жасасқан келісімдерін және төлем ағындарын зерттеу қажет. Қазіргі ашық мәліметтер негізін­де Қазақстандағы барлық комис­сия шетелге аударылады немесе керісінше, түгелдей елде қалады деген тұжырым жасауға негіз жоқ. Экономикалық тәуелділіктің нақты бағасын анықтау да осы жерден басталады.

Отандық цифрлық платформаны дамытуға ниетті кәсіпкерлер үшін бұл мәселенің маңызы ерекше. Жаңадан құрылып жатқан Qajet Taxi сервисінің негізін қалаушы Думан Бақыткелді такси нарығындағы қаржы айналымының ауқымы қазақстандық технологиялық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік беретінін айтады. Оның пікірінше, жергілікті компаниялар бастапқы кезеңде халық­аралық алпауыттардың деңгейіне жетпесе де, нарықтың белгілі бір бөлігін игеріп, жүргізушілер үшін қолайлы бизнес үлгісін қалыптас­тыра  алады.

– Біз жобаны бастағанда тек такси шақыратын қосымша жасап қоюды мақсат еткен жоқпыз. Қазақ­стандағы жүргізушілердің табы­сын арттыруға мүмкіндік беретін, еліміздің нарығына бейімделген жүйе құрғымыз келді. Қазір халықаралық агрегаторлардың айналасында үлкен қаржы  айналып  жатыр. Әрине, жаңадан құрылған отандық компа­нияның алғашқы күннен олардың деңгейіне жетуі мүмкін емес. Бірақ нарық­тан өз орнымызды алуға мүм­кіндік бар деп есептеймін. Біздің басты ерекшелігіміз жүргізушілермен жұмыс істеу үлгісінде болмақ. Алғашқы кезеңде олардан комиссия алмауды жоспарлап отырмыз. Жүргізуші мен жолаушы төлемді өзара тіке­лей жүргізеді. Ке­йін сервис тұрақты жұмыс істеп, пайдаланушылар саны артқан жағдайда айлық немесе жылдық жазылым жүйесіне көшуді қарас­тырамыз. Сонда жүргізуші белгілі бір соманы төлеп, тапсырыстардан тапқан табысын қосымша пайыздық комиссиясыз ала алады. Бұл жүргізушілердің қаржылық жағдайына оң әсер етеді деп ойлаймыз, — деді Qajet Taxi  сервисінің негізін  қалаушы  Думан  Бақыткелді.

Кәсіпкер ұсынған жазылым жүйе­сінің экономикалық тиімділігі платформадағы жүргізушілер саны мен тапсырыс көлеміне байланысты болады. Тұрақты төлем жүргізуші үшін шығынды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік бергенімен, компанияның сервер, техникалық қолдау, қауіпсіздік және маркетинг шығындарын жабуға жеткілікті табыс әкелуі тиіс. Сондықтан мұндай үлгінің табыстылығы сервис іске қосылып, нақты  пайдаланушылар саны қалыптасқаннан  кейін  ғана  айқындалады.

Платформалық бизнестегі ең өзекті мәселелердің бірі комиссия­лық  төлемге  байланысты.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2025 жылғы қала­аралық такси нарығына жүргізген талдауында Yandex Go комиссиялары туралы мәлімет келтірілген. Құжатта «Эконом», «Бірге», «Минивэн» және «Қалааралық» тариф­терінде қала нарығының көлеміне қарай сервистік комиссия 11, 11,5 немесе 16,5 пайыз деңгейінде көрсе­тілген. Жоғары санаттағы бірқатар тариф бойынша бұл мөлшер 12, 14 немесе 18,5  пайызды  құраған.

Аталған көрсеткіштер белгілі бір кезең мен тарифтерге қатысты. Жүргізушінің нақты шығынын есептегенде таксопарк комиссиясы, салық, жанармай, көлікті күтіп-ұстау, сақтандыру және өзге де шығындар ескерілуі  тиіс.

Экономикалық  тұрғыдан жүр­гізу­шінің табысы тек тапсырыстар санына тәуелді емес. Қолына тиетін таза қаржы жол жүру ақысы мен шығындардың арақатынасына байланысты қалыптасады. Ал жолаушы үшін ең маңыздысы – қызмет бағасы мен  сапасы.

Мұнда платформалардың нарық­тағы күшіне қатысты күрделі мәселе туындайды. Егер жүргізуші тұрақ­ты тапсырыс алу үшін белгілі бір қосым­шаға сүйенсе, оның комиссия өзге­рістеріне бейімделуден басқа мүмкіндігі азаюы мүмкін. Дәл сол сияқты жолаушы да үйіне көлік тез келетін сервисті таңдайды. Уақыт өте келе осы екі тараптың таңдауы ірі агрегатордың артықшылығын күшей­теді.

Экономист Досым Бесбай да осы тұста нарықтық бәсекенің жүргізу­шілер мен жолаушылар үшін бірдей маңызды екенін алға тартады. Оның пікірінше, ірі агрегатордың басымдығы күшейген сайын өзге операторлардың нарыққа кіру мүмкіндігі  шектелуі  ықтимал.

– Такси нарығында бәсеке жеткіліксіз болса, ең алдымен қарапайым азаматтар зардап шегеді. Жолаушы қызмет құнын салыстырып, өзіне тиімді операторды таңдай алмайды. Жүргізушінің де табыс табудың балама жолдары азаяды. Бізге бір компанияның үстемдігін күшейтуге жағдай жасайтын жүйеден гөрі, көптеген қатысушыға ашық нарық қажет. Қазақ­станға  бұған  дейін бірнеше такси операторы кірді. Олардың арасында отандық сервистер де болды. Алайда «Яндекс» нарықтағы ықпалын күшейтіп, бәсекелестерінің бір бөлігін ығыстырды деп есептеймін. Компанияның нарыққа кіру кезеңінде жүргізушілерге жоғары төлемдер ұсынып, оларды өз платформасына тарту тәсілдері қолданылған. Мұндай әрекеттердің бәсекелестік заңнамасына қаншалықты сәйкес келгені туралы монополияға қарсы органның түсініктемесі маңызды. Нарықта барлық компанияға бірдей жағдай жасалса, қызмет сапасы да, баға да бәсекенің ықпалымен қалыптасады, — деді  Досым  Бесбай.

Сарапшы көтерген жекелеген бәсекелестікке қатысты айыптауларды құқықтық тұрғыдан бағалау үшін компанияның сол кезеңдегі келісімдері мен монополияға қарсы органның тексеру нәтижелері қажет. Дегенмен, мұндай сауалдың қойылуының өзі платформалық нарықтағы бәсекелестік шарттарын зерттеу  қажет  екенін  көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл мәселеге бұған дейін де назар аударған. Агенттік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Яндекс Такси» компаниясының алгоритмдік баға қалыптастыру жүйесіне аудит жүргізген. Тексеру барысында бірқатар тәуекел анық­талып, компанияға қосымша міндеттемелер жүктелді. Атап айтқанда, ең көп сұранысқа ие «Эконом» тарифіндегі комиссияны әр қалада екі жылда бір реттен жиі көтермеу, сапар құнының базалық бағадан екі есе асатын бөлігінен комиссия ұстамау және жолаушыларға жол жүру ақысының толық құрылымын көрсету  талаптары  енгізілді.

Отандық такси платформасы тура­лы сөз қозғалғанда Қазақстанда мұндай бастамалар мүлде болмағандай пікір қалыптасуы мүмкін. Шын мәнінде, елімізде бірнеше жергілікті сервис  жұмыс  істейді.

Мәселен, қазақстандық APARU компаниясы өз тарихын 2009 жылдан бастайды. Компанияның ресми сайтында такси, жүк тасымалы, эвакуатор, жеткізу және қалааралық сапарға арналған қызметтері көрсе­тілген. Қазақстанның Көлік министр­лігі де бұған дейін елде Yandex Go, inDrive, Maxim, APARU, Tappy Taxi және басқа қосымшалардың  жұмыс  істейтінін  хабарлаған.

Олай болса, негізгі мәселе қосым­ша жасаудың мүмкін еместігінде жатқан жоқ. Қазақстанда мұндай өнім әзірленген және нарыққа шығарылған. Бірақ отандық сервистердің көбі ірі халықаралық ойыншылармен бірдей ауқымда бәсекелесе алмай отыр. Оның себебін бағдарламалау  деңгейінен  іздеу  жеткіліксіз.

Осы бағытта нақты қадам жасап жатқан кәсіпкерлердің бірі – Думан  Бақыткелді.  Ол Qajet Taxi жоба­сының алғашқы идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болғанын, алайда инвес­тиция мен картографиялық инфрақұрылым мәселесі жұмысты кейінге  шегергенін  жеткізді.

– Бала кезімнен әлемдік техноло­гиялық компаниялардың қалай құрыл­ғанына, олардың негізін қалаушылар­дың шағын идеяны үлкен бизнеске айналдырғанына қызығатынмын. «Яндекс» сияқты ауқымды экожүйе қалып­тастырған компанияларды көрген сайын Қазақстанда неге осындай жоба жасамасқа деген ой болды. 2020 жылдардан бастап осы бағытты зерттей бастадым. 2023 жылы елімізде танымал цифрлық жобаларды іске асырған IT-мамандармен кездесіп, такси платформасын жасау мүмкіндігін талқыладық. Сол кезде ең үлкен кедергілердің бірі сапалы карта екені белгілі болды. Бұған қоса, бағдарламалық өнімді әзірлеу, маркетинг жүргізу және нарыққа шығу үшін қомақты қаражат қажет еді. Бастап­қы есеп бойынша жобаға шамамен 50-100 миллион теңге көлемінде инвестиция керек болуы мүмкін деп қарастырдық. Инвесторлар іздедік, бірақ олардың көпшілігі салған ақшасына нақты кепіл­дік талап етті. Жаңадан басталатын технологиялық жобаның бола­шағына бірден кепілдік беру қиын. Сондықтан сол кезеңде басқа цифрлық жобалар арқылы тәжірибе жинап, аудитория қалыптастырып, кейін осы бастамаға қайта оралдық, — деді  кәсіпкер.

Бұл тұста аталған 50-100 миллион теңге нарықтағы барлық такси платформаларына ортақ ресми инвестициялық норматив емес, кәсіпкердің өз жобасына қатысты бастапқы бағасы екенін ескеру қажет. Ауқымды сервис құру шығыны қалалар санына, бағдарламалық архитектураға, карта лицензиясына, пайдаланушыларды тарту стратегиясына және жүйенің техникалық қуатына қарай өзгеріп  отырады.

Қазіргі уақытта Qajet Taxi командасы  қосымшаны пайдалану­шыларға ұсынуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба авторының сөзінше, сервистің ерекшелігі жергі­лікті пайдаланушылардың сұранысына және Қазақстандағы қызмет көрсету  тәжірибесіне бейімделуінде.

– Біз қазір қосымшаны App Store арқылы пайдаланушыларға ұсынатын кезеңге дайындап жатырмыз. Жобаның құрылымын барынша қара­пайым етуге тырыстық. Қосымшаның ішінде жүргізуші мен жолаушы өзіне қажетті қызмет түрін таңдай алады. Әлеу­меттік желілерде жобамыз туралы ақпарат тарағаннан кейін көптеген азамат жүк тасымалы, курьерлік жеткізу және өзге де қызметтерді қосуды сұрады. Әрине, болашақта сол бағыттардың бәрін дамытуға болады. Бірақ алғашқы күннен барлық қызметті бірден іске  қосамыз десек, негізгі жүйенің сапасына көңіл бөлу қиындайды. Сондықтан бірінші кезекте ең қажетті функцияларды тұрақты жұмыс істейтін деңгейге жеткізгіміз  келеді. Кейін нақты пайдаланушылардың ұсыныс­тары мен тәжірибесіне сүйеніп,  сервисті  кезең-­кезеңімен кеңейтеміз. Ең маңыз­дысы – адамдардың  сенімін  ақтау. Өйт­кені отандық қосымшаны қолдап кір­ген пайдаланушы карта ашылмай немесе төлем жүйесі дұрыс жұмыс істемей қалса, бүкіл жобаға деген көзқарасы өзгеруі мүмкін, — деді  Думан  Бақыткелді.

Кәсіпкердің алаңдаушылығы орынды. Отандық сервистің дамуы­на қоғамдық қолдау көмектескені­мен, оның нарықта тұрақты орнығуын күнделікті қызмет сапасы шешеді. Жолаушы үшін қосымшаның қай мемлекетте жасалғанынан бұрын көліктің уақытылы келуі, маршруттың дұрыс есептелуі және жол жүру құнының қолжетімді болуы маңызды. Такси агрегаторы үшін ең қымбат ресурс кей жағдайда технологияның өзі емес, қалыптас­қан пайдаланушылар желісі санала­ды. Жолаушы қай сервисте жүргізу­ші көп болса, соны пайдаланады. Жүргізуші тапсырыс көп келетін платформаға тіркеледі. Нарықта тұтынушы мен қызмет көрсетушінің саны артқан сайын платформаның тартымдылығы  өседі.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақ­станның IT-қызметтер экспорты 1,142 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ал Astana Hub резиденттерінің сол жылғы экспорты шамамен 634 миллион  долларды  құраған.

Бұл қазақстандық әзірлеушілер мен IT-компаниялардың халық­аралық нарықта жұмыс істей алатынын көрсетеді. Олардың арасында бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлейтін, цифрлық жүйелерді енгізе­тін, шетелдік тапсырыс берушілерге күрделі технологиялық қызмет көрсететін  кәсіпорындар  бар.

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Іс басқармасына қарасты Президенттің телерадиокешені кә­сіпорнының бас жүйелік бағдарламашысы Оралбек Абдуллаев та елімізде «Яндекс» деңгейіндегі жеке­леген технологиялық өнімдерді жасау­ға мамандар жеткілікті деп есептейді. Алайда ол бір қосымша әзірлеу мен тұтас цифрлық экожүйе қалыптастырудың айырмашылығын нақты  түсіну  керектігін  айтады.

– Қазақстан «Яндекс» деңгейін­дегі технологиялық өнім жасай алады. Бірақ бір сапалы карта немесе такси сервисін әзірлеу мен іздеу жүйесін, төлем қызметтерін, жасанды интеллектіні біріктіретін тұтас экожүйе құрудың айырмашылығы үлкен. Мұндай ауқымды жобаға қомақты инвес­тиция, білікті команда және бірнеше жыл қажет. Қазақстандық бағдарламашылар қосымшаларды, төлем жүйелерін, түрлі алгоритмді және қазақ тіліндегі жасанды интеллект сервистерін өздері әзірлей алады. Ал компьютерлік чиптер мен қуатты есептеу жабдықтары жағынан шетелдік өндірушілерге тәуелдіміз. Дегенмен, дайын технологияны пайдалану мамандарымыздың әлсіздігін көрсетпейді. Әлемдік алпауыт компаниялардың өзі барлық технологияны жеке өндірмейді. Сондықтан негізгі мәселе мамандардың қабілетінде емес, инвестиция мен ауқымды жобаны жүйелі ұйымдастыруда, — деді  Оралбек  Абдуллаев.

«Бес тиын». Қазақстанның өз «Яндексін» қалыптастыруға технологиялық әлеуеті де, білікті мамандары да бар. Бұған миллиондаған адам пайдаланатын Kaspi мен eGov жүйелері, миллиард доллардан асқан IT-қызметтер экспорты дәлел. Алайда ірі цифрлық экожүйе құру үшін бағдарламалық өнім әзірлеу жеткіліксіз. Оған үздіксіз жаңартылатын картографиялық инфра­құрылым, қуатты серверлер, үлкен аудитория, тұрақты инвестиция және жылдар бойы шығынды көте­ре алатын қаржылық мүмкіндік қажет. Индонезияның Gojek, халық­аралық нарық­қа шыққан inDrive компания­лары шағын бастаманың ауқымды бизнеске айнала алатынын көрсетті. Қазақстанда да мұндай мүмкіндік бар. Оралбек Абдуллаев ұсынған ортақ цифрлық карта негізінде бірнеше отандық сервисті дамытуға болса, Думан Бақыткелдінің Qajet Taxi жоба­сы жергілікті кәсіпкерлердің бұл  нарыққа шығуға  талпынып  жат­қанын  аңғартады.  Ал  экономист Досым Бесбай көтерген мәселе мұндай бастамалардың табыс­ты болуы үшін  әділ  бәсеке мен инвестиция­лық  орта  қажет  екенін көрсетеді. Қазан айындағы «Яндекс» қызметінің іркілісі шетелдік  технология­лық инфра­құрылымға тәуелділіктің эко­номи­калық  тәуе­келін де айқында­ды. Сондықтан Қазақстан үшін алдағы маңызды міндеттердің бірі – отандық әзірлеушілердің әлеуе­тін нарықтық мүмкіндікпен ұштас­тыру, цифрлық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ету және ірі платформалармен бәсекелесе алатын ұлттық технологиялық бизнестің қалып­тасуына жағдай жасау. Елдегі цифр­лық қызметтер нарығы кеңейіп жатқан шақта оның экономикалық игілігін қазақстандық кәсіпкерлер мен тұтынушылар қаншалықты пайдалана алатыны осы мәселелердің шешілуіне байланысты.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ.

Коллаж: автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: