Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күн сәулесін іздеген көбелек (Ертегі)

12.11.2026, 6:20 18

Осы айдың басында Алматы қаласында Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, көрнекті ақын Қастек Баянбайдың туғанына 90 жыл толуына орай «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты «Балдырған» журналы жариялаған республикалық «Біз бақытты баламыз» әдеби байқауы мәресіне жетті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға бірыңғай кәсіби және танымал жазушылардан 150-ден астам шығарма түскен. Кереметі сол, сараптама қорытындысы бойынша мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар Болат Үсенбаев, Серік Қалиев, Сайлау Байбосын, Толымбек Әбдірайым, Көсемәлі Сәттібайұлылардың сапында қызылордалық мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әйкерім Оспанның еңбегі жоғары бағаланып, жүлдегер атанды.

Әйкерім Оспан – «BAITEREK SCHOOL» Жеке мектебі жанындағы облыстық «DARYNDY» балаларға арналған мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі. Аталған байқауға «Күн сәулесін іздеген көбелек» деген ертегісін ұсынған. Бүгінде балалар әдебиетін жазатын жазушылар аз, оның ішінде ертегіге қалам тербейтіндер некен-саяқ. Тіпті, ертегі айтатын да, оны тыңдайтын құлақ та сиреді. Сондықтан да, жерлесіміздің туындысының қазылардың тарапынан бағалануы – үлкен мәртебе. Біз бүгін балаларға арналған  «Тұсаукесер»  бетіне  Әйкерім  Оспанның аталған  ертегісін   жариялап  отырмыз.

Ерте, ерте, ертеде, жердің бір қиырында, адам аяғы баспаған, асқар таулардың аясына жасырынған ғажайып Сиқырлы аңғар болыпты. Бұл аңғардың гүлдері түнде жұлдызша жарқырап, өзен сулары тәтті шәрбаттай боп ағады екен. Осы жұмақ мекенде Тәттім есімді кіп-­кішкентай көбелек өмір сүріпті. Тәттім өзге көбелектерге еш ұқсамайтын еді. Аңғардағы өзге көбелектердің қанат­тары лағыл қызыл, зүбәржат жасыл, аспан көк түстермен құлпырып, күн көзіне шағылысып тұрса, Тәттімнің қанат­тары мүлдем түссіз, мөлдір, әйнек сияқты аппақ екен. Егер ол гүлдің үстіне қона қалса, өзгелер оны байқамай да қалатын болыпты.

Тәттім күн сайын таңертең гүл күлте­сіндегі шыққа қарап, өзінің бейнесін көріп, күрсінеді  екен  де:

– Шіркін, менің де қанаттарым мына қызғалдақтай құлпырып, күн нұрымен ойнаса ғой! Мені де бәрі алыстан көріп, сұлулығыма таңғалса, тамсанса екен, — деп  армандапты.

Қанаттарының түссіздігіне қарамас­тан Тәттімнің жүрегі өте мейірімді еді. Ол қанаты сынған құмырсқаны арқалап ұшатын, шөлдеген араларға гүл шырынын, өзеннен шәрбат су тасып беретін. Аңғар тұрғындары оны жақсы көргенімен, оның кішкентайлығына қарап, ешқашан үлкен істерді сеніп тапсыр­майды  екен.

Бір күні таңертең Сиқырлы аңғар әдеттегідей құстардың әнімен оянбады. Сұп-суық, ызғарлы жел соғып, аспанды қап-қара, ауыр, мыстан кемпірдің шашындай қатыгез бұлт торлап алды. Бұлттың үлкендігі сондай, ол Күнді толықтай жауып, жарық дүниені тас қараңғылыққа айналдырды. Күн көзі көрінбей қалған соң, аңғардағы сиқыр­лы гүлдердің бастары төмен түсіп, өңде­рі кетіп, сола бастады. Өзендер бетіне қабыр­шақ мұз тұрып, құстардың әсем әні пышақпен кескендей тыйылды. Суық пен қараңғылық бұл маңдағы бүкіл тіршілікті  үрейге  бөледі.

Аңғардың қақ ортасына орналасқан мың жасаған Кәрі Емен ағашы бұтақ­тары шайқала бүкіл тұрғынды жинады. Кәрі Еменнің  дауысы қарлығыңқы, мұңды. Ол:

– Тыңдаңдар, менің сүйікті балаларым! Күннің нұры болмаса, біздің сиқыр­лы әлеміміз мәңгілікке құриды. Суық бәрімізді қатырып тастайды. Кім мына қап-қара бұлттың үстіне шығып, Күн сәулесін алып келе алады? Кім бізге жарықты қайтарады? —  деп  жар  салады.

Кәрі Еменнің сөзінен кейін аңғар іші тып-тыныш бола қалды. Ең алдымен асқар таудың шыңында ұя салатын, өткір көзді, үлкен Қыран алға шықты. Ол аспанға қарап, қанаттарын қомдады да жабырқау  үнмен:

– Жоқ, бұл бұлт тым қап-қара, әрі суық. Менің қауырсындарым мұздап, жолымнан адасып, жартасқа соғылып өлемін  ғой, — деп  сапардан  бас  тартты.

Содан кейін ең ұшқыр Қарлығаш алға шықты. Ол аспанға бір сәт ұшып барып, бұлттан ескен суық ызғардан қорқып, бірден  жерге  қайта  қонды.

– Ол жақта дүлей дауыл тұрып жатыр! Жаңбыр мен найзағай менің қанат­тарымды қиратып тастайды, бара алмаймын!  — деп  бүрісе  қалды.

Аңғар тұрғындарының үрейі күшейе түсті. Ешкім де өлімге бас тігіп, әлгі қара бұлтқа жақындағысы келмеді. Дәл осы сәтте әлсіз, бірақ өте сенімді дауыс естілді.

– Мен  барайын!

Жұрт жалт қараса, гүлдің жапырағында отырған кіп-кішкентай, мөлдір қанатты Тәттім екен. Өзге көбелектердің бірі  оған  күле,  бірі  шошына  қарап:

– Сен  бе?! Сен сияқты титімдей  жәндік ол  жаққа  қалай  ұшпақшы? Жел  сені бір үрлегеннен-ақ ұшырып әкетеді ғой! — десті.

Бірақ Тәттім өз шешімінен қайтпады. Ол  Кәрі  Еменге  қарап:

– Тіпті қанаттарым күйіп, суықтан сынып кетсе де, мен барамын. Аңғардың  құрығанын  көріп  отыра  алмаймын, — деді.

Бұдан соң Тәттім кішкентай қанат­тарын жылдам қозғай жоғарыға қарай ұша жөнеледі. Ол төменге қарағанда, аңғар тұрғындарының өзіне үмітпен қарап тұрғанын көрді. Бұл оған күш берді.

Алайда, жоғарылаған сайын суық күшейе түсті, Қара бұлт оның жақындап қалғанын сезіп, қаһарланып, Тәттімге қарсы сұрапыл суық жел жіберді. Жел көбелекті оңға бір, солға бір лақтырып, жерге қарай құлатқысы келді. Тәттім кішкентай денесімен желге қарсы тұрып, алға ұмтыла берді. Содан соң Қара бұлт ірі, мұздай жаңбыр тамшыларын жаудырды. Әрбір тамшы Тәттім үшін үлкен тас сияқты еді. Бір ауыр тамшы оның оң қана­тына тиіп, қанатын майыстырып жібер­ді. Көбелек ауырсынып, төмен қарай құлдырай бастады. Бірақ, ол өзін тез қалыпқа келтіруге тырысты, іштей «Жоқ, мен берілмеуім керек! Менің артым­да бүкіл аңғар тұр!» деп ойлады.

Осы сәтте оның жүрегіндегі шексіз мейірім мен батылдық бойына ға­жайып күш құйды. Ол су болған, ауырлаған қанаттарын әзер қағып, найзағайдың жар­қылынан қаша отырып, қара бұлттың ең биік шыңынан, ең қалың қабатынан ары қарай  өтіп  шықты.

Шыға келсе, аспан әлемі ап-ашық екен! Төменде қап-қара бұлт қалыпты, ал жоғарыда алтын түсті, шұғылалы, ұлы Күн жарқырап тұр. Күн өзінің алдында дірілдеп, су болып қалған, бірақ көзінен от жалындаған кішкентай көбелекті көріп, қатты  таңғалды.

– Уа, батыл титімдей жәндік! Саған бұл биікке шығуға не күш берді? Сенің қанаттарың мөлдір әрі нәзік екен, сен қорықпадың ба? — деп сұрады Күн мейір­лене.

Тәттім Күннің жылуына жылынып, былай  деді:

– Уа, Ұлы Күн! Менің қанатым нәзік болса да, жүрегімде туған жеріме, аңғары­ма деген махаббат бар. Төменде гүлдер солып, құстар өліп барады. Маған өзіңіздің кішкене ғана сәулеңізді беріңізші,  мен  оны  аңғарға  жеткізейін.

Күн көбелектің сөзіне тебіреніп кетті.

– Сен өте кішкентайсың, бірақ жү­регің үлкен екен. Сен өзіңді емес, өзге­лерді ойладың. Сен нағыз сұлулыққа лайықсың! — деп, Күн өзінің ең жылы, ең сиқырлы жеті түрлі (қызыл, қызғылт сары, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін) сәулесін Тәттімнің мөлдір қанаттарына құйып  жіберді.

Сол сәтте ғажайып  оқиға  болды. Тәттімнің баяғыдан бері армандаған мөлдір қанаттары Күн сәулесін бойына сіңіріп, көз тартарлық кемпірқосақ түс­терімен құлпырып сала берді. Ол енді жай ғана көбелек емес, аспандағы ең әдемі, нұр шашқан  тіршілік  иесіне  айналды.

Тәттім Күнге алғысын айтып, төменге қарай сорғалады. Ол қара бұлттың ішіне еніп кеткенде, оның қанаттарынан шыққан жеті түсті шұғыла мен жылулық айналаны жарық қылды. Тәттім қанаттарын бар күшімен серпігенде одан тара­ған күннің ыстық нұры қара бұлтты қақ жарып, ыдыратып жіберді. Қара бұлт қорқынышты  түстей  ғайып  болды.

Сиқырлы аңғарға қайтадан алтын ұялы Күн нұры төгілді. Жер беті бір сәтте құлпырып, солып қалған гүлдер қайтадан шешек атып, хош иіс шашты. Өзендердің мұзы еріп, бұрынғыша сылдырлай жөнелді. Құстар аспанға ұшып, Тәттімді мадақтап,  ән  шырқады.

Қыран да, Қарлығаш та, Кәрі Емен де кішкентай Тәттімнің ерлігіне бас иді. Оның кемпірқосақтай жарқыраған қанат­тары аңғардың мақтанышына айнал­ды.

Сол күннен бастап Тәттім Сиқырлы аңғардың ең сұлу, ең сыйлы және ең қадірлі көбелегі болып өмір сүріпті. Ал, аңғар тұрғындары мына бір ұлы шындықты мәңгілікке жүректеріне тоқыпты: «Нағыз күш – дененің үлкендігінде емес, жүректің батылдығы мен мейірімділігінде. Батыл жүрек кез  келген  қараңғылықты  жеңіп,  әлемге  жарық  сыйлай  алады».

Әйкерім  ОСПАН

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: