Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда жасалған Stadler вагондары алғашқы рейске шықты

11.11.2026, 15:43 12

Швейцариялық технологиямен құрастырылған жаңа вагондар Астана мен Алматы арасында күн сайын қатынайды. Ал 13 қарашадан бастап Семей бағытына шығарылады, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Бүгін, 11 қарашада Астанадағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан отандық Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты. Вагондар Қазақстанда швейцариялық компанияның технологиясы бойынша өндірілген.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, жаңа вагондар №3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» бағытында күн сайын қатынайды. Пойыз елордадан сағат 13:10-да аттанып, келесі күні таңғы 08:30-да Алматыға жетеді. Жол жүру уақыты 19 сағат 20 минутты құрайды.

Жаңа вагондар жолаушылардың жайлылығына бейімделген. Оларда Wi-Fi, климаттық бақылау жүйесі, жеке жарықтандыру құрылғылары, 220 вольттық розеткалар, USB және USB-C порттары орнатылған. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесі, багажға арналған орындар және мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қажетті жағдайлар қарастырылған. Пойыз құрамында вагон-буфет те бар.

Stadler вагондары Қазақстанның күрделі климаттық жағдайына лайықталған. Өндірушінің техникалық сипаттамасына сәйкес, олар −50 градустан +45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға есептелген. Вагондардың қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін жетеді.

ҚТЖ дерегінше, бүгінде «Жолаушылар тасымалы» компаниясы 100-ден астам Stadler вагонын қабылдаған. Келісімшарт аясында 2030 жылға дейін барлығы 557 жолаушылар вагонын жеткізу көзделген.

Ал 13 қарашада жаңа вагондар №153/154 «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша қатынай бастайды. Жолаушылар билеттерді ҚТЖ-ның ресми сайтынан және вокзал кассаларынан сатып ала алады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: