Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұран елінің бас әскери қолбасшысы

12.11.2026, 7:00 16

Қазақ халқының тағдыр-талайында айбынын асырып, елдің қорғаны болған тарихи тұлғалар шоғырында батыр­лардың алатын орны ерекше. Сондай тұлғалардың бірі, бір кездері аласапыран замандардың өзінде шека­ралары бөлінбеген, төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ-­өзбек еліне ортақ перзенті, Самар­қан қаласының әмірі, Тұран елінің бас әскери қолбасшысы, Орта Азиядағы теңде­сі жоқ сәулет­ші Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұл­ұлының  биыл – 450  жылдығы.

Тарихшы Қ.Қатаев «Азия тарихында үш жолбарыс болды. Олар – Шыңғыс хан, Әмір Темір, Жалаңтөс» деген болатын. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев, жерлес жазушы Б.Ұзақбаев, академик М.Қозыбаев өз еңбектерінде «қазақ хандықтарында Жалаңтөстің тұсында қазақ­тың еш жерде бағы кеміп, сағы сынып көрмеген, ойға да, қырға да қожа бола білген ондай ерен қолбасшы оған дейін де, одан кейін де көп бола қоймапты» деп жазыпты.

Ол Сыр бойында, атап айтқанда, Сырдарияның Арал теңізіне құятын сағасына жақын жердегі Қазалы ауданында, бүгінгі Жалаңтөс батыр ауылында 1576 жылы дүниеге келген. Осы атамекеннен Сейіт­құл ұлының бес жасында қуаңшылыққа, ашаршылыққа ұшыраған елін құтқару үшін 60 мың үйлі ауылды бастап Жиде­лі Байсын жеріндегі Бұхар шаһарына жақын Нұрата өңіріндегі Қызкеткен тауы­ның аясын­дағы табиғаты жайсаң жайлауға көшіп барады. Балалық шақтағы досы Жәдікұлы Шығай хан көмектесіп, Алашқа белгілі қажы Сейітқұлға ұлан-ғайыр шұрайлы алқапты тарту етумен бірге, сол жердегі қазақ жұрты мен қарақалпақ елінің  ханы  етіп  сайлайды.

Сейітқұл қажы әрі батыр – шешендігімен, Алшын жұртының ортасында ерекше қамқоршы шапағатымен аты жайылған, әділ билік жүргізген, халқына қамқор болған адам. Ол екі әйел алған, бәйбішесі Сары кемпірден Сейітмәмбет, Төлеш, Ақша, тоқалы Қара кемпірден Жалаңтөс, Дүйсенбай, Матай, Түрікмен, Қоян  атты  ұлдары  өмірге  келеді.

Жалаңтөс жас кезінен білімге құштар болып, молдадан білім алады. Әкесінің жанында жүріп, ел басқару тәжірибесін санасына түйіп өскен, зерделі, көпшіл бала болады. Талай би, шешеннің, ел басқарған азаматтардың сөзін естіп, ақындардың өлеңдері мен айтыстарын тыңдайды. Баласының зеректігі мен аңғарымпаздығын байқаған әкесі келешегін ойлап, Тамды мен Қызылқұм қазақ­тарының ханы, өзара сыйластығы бар Дінмұхамедтің  сұрауымен  12 жасында қарамағына  беріп, қызметкеріне  баулиды.

Сейітқұл Жалаңтөс ұлынан үлкен үміт күтіп, Бұхарадағы басқару мектебіне бере­ді. Мұнда да ол білімді терең меңгеріп, әскери өнердің қыр-сырына қанығып, қатарластарынан әлдеқайда жоғары болады, Бұхара ханының көзіне түседі. Әкесі ойлап жүреді: «Мен қартайдым, мына Нұрата өңірін кім басқарады енді?» деп. Бұл ойынан Жалаңтөс жас болса да шығып, әкесінің  ұйғарымымен осы өңірге хан болып, әке үмітін ақтап қызметке кірісіп, үлкен халық сеніміне ие болады. Осы кездерде жан-жақтан ойрат, жоңғар, қалмақ біткен қаптап, қазақ жерін біртіндеп жаулап алып, орасан зор қауіп төндіріп тұрған. Осының алдын алу үшін Нұрата аймағынан әскери гарнизон ұйым­дастырып, жігіттерді көндіріп, солардың қаржысымен тұрақты 5 мың жасақ құрап, оның санын 10 мың жауынгерге жеткізіп, әскери дайындық жұмыстарын жүргізеді. Ол кезде Бұхара мен Самарқан шаһарларында тұрақты кәсіби жауынгерлер жоқтың қасы еді. Нұрата өңірін тез арада игеріп, халықпен тіл табысып, барынша өркендеткені жайлы жағымды әңгімелер Бұхара ханына жетіп, Жалаңтөсті өз жанына  алдырады.

Жалаңтөс  өмір  сүрген  замандарда  Алтын  орда, Әмір Темір империя­лары құлап, ыдырап, қыпшақ даласында қазақтардың алты Алаш болып бөлініп, ұлттық ордалар тігіп жатқан тұсы еді. Бұл кезде Хора­сан, Иран тарапынан да қауіп төніп, ол мем­лекеттің билеушілері осы өңірге қызығып, көз аларта бастаған. Бір жағынан Қытай, бір жағынан қызыл­бастылар  елі Иран, енді бір жағынан Орыс империясы бастап, қайтадан бас көтеріп, орда тіккен моңғолдардың бір қанаты Жоңғария, қырықпышақ болып билікке, жерге таласып, қырқысып жатқан хандықтар Қазақ хандығының болмысына қауіп төндірді. Бұл аймақтар – әлемге Тұран мемлекеті деген атаумен танылып  жүрген, оның аума­ғы батыс Кас­пий жа­ғалауы, Мұғалжар және оңтүстігінде Орал, солтүстігінде Сарыарқа мен шығысында Тянь-Шань мен Памир-Алтай таулары етегімен қоршаған шексіз аймақты қамтып  жататын  қалың  ел.

Міне, өркениетті деңгейдегі Орталық Азиядағы ұлы тұлға Жалаңтөс баһадүр 1590 жылы жоғары дәрежелі қолбасшылар даярлайтын әскери мектепте оқиды. Шыңғыс ханның қолбасшылық өнерін жете меңгеруге ерекше мән береді. Осы кезде Жалаңтөс Бағдаттан оқу бітіріп келіп, Тұран елінің қолбасшылығын қолына алып, ішкі тәртіпті қадағалайтын және шетелмен қарым-қатынас жасайтын жауапты қызметтерді қоса атқарады. «Имамқұл барынша қатал, қол астындағы билігін дөрекілікпен жүргізетін хан болса, екі адамнан жасқанып, айбынатын. Оның бірі Жалаңтөс болса, екіншісі Бадахшан әмірі Қатаған Мақмұт би еді» дейді сол замандағы шежірешілер. Имамқұл хан Бұхар хандығынан тәуелсіз Самарқан аймағын құрып, оған Жалаңтөсті әмір етумен бірге, бас қолбасшылықты да қосып береді.

Жалаңтөстің атағы жер жарған соғысы 1643 жылы Жәңгір ханның билігіндегі Жетісу өңіріне жоңғарлар 50 мың қолмен кіріп, 10 мың адамды тұтқындап әкеткенін тарихшы И.Я.Златкин өзінің «Жоңғар хандығының тарихы» атты еңбегінде атап өтеді. Жарбұлақта осы қанды шайқаста Жәңгірдің мыңға жетпейтін азғантай қолы тау шатқалында өтіп бара жатқан жоңғар қалмақтарына тосқауыл қойып, қырғынға ұшыратады. Ел аузындағы деректерге қараған­да жеңісті баянды ету қиын болатынын түсінген Жәңгір көмек сұрап Сасық биді Жалаңтөске жұмсаған. Тарихтан жеткен мәліметтерге қарағанда, Жәңгір сұлтан мен Самарқан билеушісі Жалаңтөс батырдың арасында айрықша адамдық әрі жауынгерлік достық болған. Жалаңтөс батыр парсы жаққа шабуыл жасаған­да, Жәңгір  оған үнемі көмекке келіп отырған. Сол көмектің қарымтасы деп жойқын 20 мың әскермен қайтарған. Батыр қон­тайшы жеңілгендігін мо­йындап, Жалаңтөске өзінің Қанза деген қызын жасаулап ұзатады. Жалаңтөс бұл қызды ағасы Ақшаға тарту етеді. Қанза аты қазақ ортасында келе-келе сіңісіп, Қаныс­бекке айналып, Төртқара руының бір аталығы бүгінде осы есіммен аталады. Бұл анамыздан Айдарбек, Ақылбек, Қалқаман, Шылым, Еламан деген ұлдар дүниеге  келді.

Күллі әлемге аты мәшһүр Жалаңтөс бабамыз бүкіл өмірінде елуге тарта соғысқа қатысып, бәрінде айтулы жеңіс­пен аяқтағаны аян. Соғыстың небір әдіс-тәсілін, алғыр айласын терең меңгерумен оздыра жүріп, жанқияр қаһарман батырлығымен де, қолбасшылық даңқты іскер­лігімен де заманындағыларды таңғалдарған Жалаңтөс баһадүрге сол кезеңдегі ең жоғарғы «Аталық» лауазымының берілуі оның аса көрнекті қолбасшылық келбетін таныта түседі. Самарқанды кемел де көреген кемеңгерлікпен басқару қызметінде Темірден кейінгі әйгілі әмірі ретінде Жалаң­төс 42 жыл бойы болғандығы, халыққа жайлы, ерлігіне ақылы  сайлы  ұлы тұлға екендігін дәлелдей түседі.

Жалаңтөс баһадүр ұлттың тәуелсіздігі мен жарқын бакыты үшін өлшеусіз тер төккен парасатты мәмлегер, сұңғыла сая­саткер, көреген де кемеңгер билеуші болды. Елдің өркендеп, дамуына зор үлес қосқан. Әлемдегі кереметтер қатарына жатқызылатын «Шир-Дор» мен «Тіллә-­Қари» медреселерін салдырып, Регистан алаңын озық өркениетке сай жаңғыртып, болашақ ұрпаққа көрікті де үлкен алаңды сыйға тартқан көрнекті сәулет өнерінің қолдаушысы, әрі жүзеге асырушысы болды.

Қорытындылай келе, түркі тілдес халық әлем тарихынан берік орын алған А.Македонский, Шыңғыс хан, Бейбарыс сияқты Жалаңтөс баһадүр бабасымен де мақтана алады. Оның сіңірген еңбегін бағалап, еліміздің Астана, Алматы сияқты бас қалаларында орталық үлкен көшелерге, орталық алаңдарға ескерткіштер орнатуды перзенттік парызымыз деп білеміз, сондай-ақ мұсылман елдеріне ортақ Самар­қан  қаласына  ескерткіші  орнатылса  деген  ұсыныс  бар.

Өтеубай  ҚОЖАҚҰЛЫ,

Қорқыт  ата  атындағы 

Қызылорда  университетінің  профессоры,

тарих  ғылымдарының  докторы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: