Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

12.11.2026, 6:40 15

ТҰҚЫМ және КҮТІМ

«Тұқымы жақсы, жақсы өнім алуға болады» депті. Әрине, айтқаны орынды. Алайда, мәселе тұқымда ғана ма? Тұқымы жақсы болса да күтімі дұрыс болмаса, егін  де  қурап  қалмай  ма?

ТАҢНЫҢ  АТУЫ  мен КҮННІҢ  БАТУЫ

Таңның атуы күннің батуына ұқсайтынын көп кісі аңғара бермейді. Күннің батуы таңның атуымен бірдей екенін көпті  қөрген  қариялар  біледі.

БИІК  пен ТЕРЕҢ

Биікке шықтым деп қуанба. Биікте суық болатынын білемісің. Тереңге сүңгідім деп мәз болма. Тұңғиықта ауаның жоқ  екенін  білемісің.

ЖАҚСЫ  МА,  ЖАМАН  БА?

1776 жылы құрылған АҚШ тари­хында содан бері ресми дерек бойынша 47 президент болса, 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қырғыз елінде алты президент болған екен. Ал бізде бар-жоғы екі басшы. Бұл жақсы көрсеткіш пе?  Кім  анығын  айтады?

КӨЗІН ШЕЛ БАСҚАН БА?

Сонша шіренетіндей төбесі көкке тиіп тұр ма? Сонша күмпиетіндей кеу­десі ас жегенде семіретін қарын емес қой. Көзінің еті өскен бе, әлде көзін шел басқан ба?

ҚАЛАЙ СЫЙЫП ТҰР?

Совет Одағы кезінде Күн-Көсем деп бір адамды ғана айтатын секілді едік. Ол пролетариаттың  жоқтаушысы  Ленин болатын. Енді өзіміздің Күн-көсемдер пайда болыпты. Күн-көсем ғана емес, туған айлар мен толған айлар бар. Ал жұлдыздарға сан жетпейді. Әулекі әнші де, даурықпа ақын да, даңғаза шенеунік те – шеттеріннен жұлдыз. Жалғыз аспан­ға қалай сыйып тұрғанына таңғалмасқа шара  жоқ.

Кімнің ниеті?

Құрылтай қарсаңында неше түрлі сұмдық болып жатыр екен. «Құрұлтай» деп аталған арақ шығыпты. Сауатсыз жазылса да оқыған кісі «құры ұл, тай» деп түсінуі әбден мүмкін. Әлде бұл жымысқы біреулердің қазақты құртқан арақ Құрылтайдың төрінде тұрсын деген ниеті ме?

ЕСІҢДЕ БОЛСЫН

Он екі мүшесі түгел болса да, жүрегінде жылуы жоқ кісіден не қайыр? Көзі ашық болса да, құлағы бітеу болғаннан пайда бар ма? Мұрын иісті сезбесе, ауыз кез келген асты талғамай жей беретіні есіңде болсын.

САЙЛАУДА

Сайлауға біреу кинодағы Өрмекші адам кейпінде, енді біреу қуыршақтардың киімін киіп барыпты. Сайқымазақ­тарға ұқсап әлем-жәлем киініп келгендер де аз емес. Яғни, сайлау циркке айналған секілді. Дауыс берушілер өздерін  циркте  отырғандай  сезінбесе  болды.

КІМГЕ  САЛҒАН?

Түйеге салар бұйда, өгізге салар қамыт, жылқыға салар шідер мен тұсау, тарпаңға  салар  кісен, сиырға салар ноқта – осының бәрін билік белін бекем буған  адамға  салған  жоқ  па?!

ЖЕМ  БОЛАДЫ

Тірі кезінде құрт-құмырсқа құстарға жем болса, құстар өлген кезде құрт-­құмырсқаға  жем  болады.

АБАЙ  БОЛ!

Биікте орналасқан жайтартқышқа найзағай түседі. Биік ағаштың бұтағын жел тез сындырады. Сондықтан биікке шыққанда  абай  бол!

НЕНІҢ  ИІСІ  ШЫҒАДЫ?

Өскеменде күкірт, Жезқазғанда қор­ғасын, Қарағандыда көмір, Теміртау мен Рудныйда темір иісі шығады. Байқоңыр­да гептил иісі шығады. Семейде газдың және удың иісі шығады. Аралда тұздың иісі шығады. Жағымсыз иіс қазақтың даласы мен қаласында тағы шығып  тұр  әлі.

ҚАНДАЙСЫҢ?

Тікен жеп, ащы су ішкен түйедей бола алмайсың. Жейтінін тапқан тебіннен жылқыдай бола алмайсың. Гүлдерге қонып бал жиған арадай бола алмайсың. Өзінен де ауыр жүкті көтерген құмырс­қадай бола алмайсың. «Алма піс, ауызға түс!» дейсің. Айтшы, сонда сен өзің қандайсың?!

ЕЛДІҢ  ШЕРІН  ҚОЗҒАЙДЫ

Өзбектердің кернейі, түркіменнің дутары, башқұрттардың қурайы, ұйғырлардың тамбирі, татарлардың сорнайы, қазақтардың домбырасы мен қобызы, қырғыздар­дың қомызы, грузиннің пан­дуры, немістердің баяны, украин сырнайы, үнділердің ситары, ағылшынның флейтасы елдің шерін қозғайды, елдің мұңын жырлайды. Сол аспапта ойнаған өнерпазды, әрине, халық сүйіп тыңдайды.

КІМ  КІНӘЛІ?

Балалар кішкентай кезінде ересектерге сұрақты жиі қояды. «Анау не? Мынау не?» деген секілді. Оларға барлы­ғын тәптіштеп түсіндіре алатын үлкендер бар. Ересектер де жиі сұрақ қояды. Басшыларға, шенеуніктерге, т.б. Бірақ, сауал­дарына жауап алмайтын жайлар кездеседі. Оған  кім  кінәлі?

ҰҚПАДЫМ

Ішкені, жегені, үстіне кигені, біреудің қатынын басқаның сүйгені Өсектор (Ғаламтор) бетінде. Соны айтып жар салған, тірлікке тамсанған  жандардың  ұқпадым  ниетін  де.

ЖЕРДЕ  ҚАЛМАЙДЫ

Жұрт: «Тесік моншақ жерде қалмайды» дейді. Әрине, жерде қалмайды. Бірақ, бұрынғыдай әдемі моншақ бола алмайды. Алған кісі қандай қажетке жарата­ды?  Кейін  белгілі  болады.

МОЖАНТОПАЙЛАР

Құрылтай депутаттары ант беріп жатыр. Бірінің тілі күрмеліп, кібіртіктеп, енді бірі алдындағы қағаздағы жазуды дұрыс оқи алмай тұр. Тағы бірі сөйлер сөзінен жаңылып, бір айтқанын қайталап әлек. Сауатсыз ба, жауапсыз ба? Бұл можантопайларды депутаттар тізіміне енгізгендер олардың мемлекеттік тілді қор қылатынын білді ме екен, біле тұра әдейі  жіберді  ме  екен?!

БАР  МА?

Қаза тапқан жауынгердің анасына орыс полковнигі: «Сіз ұлыңызға лайық­ты тәрбие бердіңіз. Құтты болсын!» деді. Баласының ажал тапқанын құттық­тағанды да естідік. Соғысқұмар Ресейде «Поздравляю» дегенге «Обвиняю!»  деп  айта  алатын  кісілер  бар  ма?

ӨГІЗ  АЯҢ

Өгіз өлген жоқ. Арба сынған жоқ… Тиелген жүк, бірақ, уақытылы барған жоқ. Өгіз аяңмен, ескі арбамен діттеген жеріне  жете  алмай  қалған  көп.

АЙНА

Әйел айна секілді. Еркек әйелге қарап бойын түзейді, сақал-мұртын күзейді.

БІРГЕ  БОЛАЙЫҚ!

Қытайдан көшкен қазақ, Моңғол жерінен келген қазақ. Түркияда жүрген қазақ. Ресейде атақонысында қалған қазақ. АҚШ-та да, Батыста да қоныс тепкен қазақ. «Арғы атам ер Түрік, Біз қазақ еліміз!» деп Жүсіпбек Аймауытов бекер айтпаған. Барлығымыз қазақпыз! Бірге  болайық! Бірге  жүрсек  қана  азатпыз.

АУЛАҚ  ЖҮР!

Қылтың-сылтың, күңкіл-жырқыл, ыржың-тыржың, қылжың-мылжың, құнжың-құнжың дүркін-дүркін болса жүйкең жұқарады екен. Ондай жерден аулақ  жүр!

СӨЗ  ШЫҒЫН

Қытай тілін білмейтін қытай жоқ. Орыс тілін білмейтін орыс жоқ. Өзбек тілін білмейтін өзбек жоқ. Қазақ тілін білмейтін, білгісі де келмейтін қазақ көп. Оларға  не  айтасың?  Сөз  шығын.

ЖАҚСЫ  МАМАН  ЖАҚСЫ  АДАМ  БА?

Жақсы маман екенін білемін. Алайда, жақсы  адам  деп  айта  алмаймын.

БІЛМЕДІМ

Достарым да аз еместі, жақсы көріп кемшілігін  көрмедім.

Дұшпаным да аз еместі, жек көрген соң  жақсылығын  білмедім.

ТІЗІМДЕ  ЖОҚПЫН

Білмедім жиыны ма бұл тобыр ақылы көптің? Кім барар батылы жетіп ішіне жанған оттың. Келмеді сапында болғым билікке жағатын топтың. Таңдайы тақылдаған, әлдекім мақұлдаған  тізімде  жоқпын!

ҮНДЕМЕЙДІ

Көп жұрт қазір сөйлемейді, арыз айт­саң тауың қайтар, шенеуніктер көзін жұмып, алса бітеп тіл-көмейді. Биіктегі кабинетке кіргің келсе кір демейді, қолы жеткен жақсы жерге барғың келсе жүр демейді. Себебі айқын, үйдей пәле жоламасын деп ойлайды, сондықтан да  үндемейді.

КӨРДІК

Итті жеті қазынаның бірі деп есеп­теген, тазы мен төбетті, бөрібасар мен алабайды асыраған қазақтың канден жете­леп  жүргенін  де  көрдік.

СӨЗ  ТУРАЛЫ

Сөздің  семізі мен арығы болады. Сөз­дің ұзыны мен қысқасы болады. Сөз­дің сауы мен ауруы да болады. Сөздің шындығы  мен  өтірігі  де  болады.

БАҒЫМ  БОЛДЫ

Бай болу үшін мал болуы керек. Тым құрыса үй-ішіңді асырай алатын хал болуы керек. Азын-аулақ халім болды. Маған сүйеу болған сөз болды. Сол сөз еккен талым болды, жиған малым болды. Басқа қонған  бағым  болды.  Сөз  мені   асырады.

САҚ  БОЛАЙЫҚ

Абайдың: «Бетті бастым, қатты сас­тым, тұра қаштым жалма-жан» деп сипат­таған кейіпкерлері қазір де арамыз­да толып жүр. Махамбет Баймағамбет сұлтанға: «Қайраңнан алған шабақтай қия бір соғып ас етсем, тамағыма қыл­қаның кетер демес ем» десе, Ахмет Байтұрсынұлы өзіне жала жапқандарды көң тасыған көк есекке теңеді. Ғабит Мүсірепов: «Өзі таза адам өзгеге күйе жаға алмайды. Күйе жағу үшін өзінде күйе болу керек» деп жазды. Мұхтар Мағауин арада жүрген сілімтік – подоноктардың бет-бейнесін айнадан көргендей қылып көрсетті. Білсек, іргені аулақ салсақ жөн. Алайда, осындай кейіпкерлер басқа кейіпке еніп, түр-түсін өзгертіп келуі де мүмкін. Ондай құбылғыш кесіртке – хамелеон­дардан  сақ  болайық!

ҰНАЙДЫ

Ханымдар мен бикештердің қолын сүйген азаматтарды да көрдік. Рим папа­сының, араб шейхының, бір елдің патшасының қолын сүйгенді де көрдік. Еуропа мен Азияда қалыптасқан осы әдеттен көрі маған қазақтың қолға су құю  дәстүрі  ұнайды.

ӘДІЛЕТ  ҚАЙТСЕ  ОРНАЙДЫ?

Ертегідегі үш басты айдаһардай жалмауыздар алдына келгенді қылғытып, шық бермес Шығайбайлар мен Мыстан кемпірлердің дегені болып жатқанда, гербтегі екі басты құс секілді екі жүзді мемлекет құрымай тұрғанда жер бетінде әділеттің  орнауы  қиын.

ДҮДӘМАЛ

Біздің қазақ көтерме сөзге шебер. Әсіресе әдебиет сыншылары. Танымал ақын қыздардың бірін поэзия патшайымы деді, бірін хан-апа деді, бірін айдын жырдың аққуы деді, тағы бірін Жайық­тың қаршығасы деді. Сол айтқандары олардың мінез-құлқына,  талантына сәйкес  келе ме, ол  жағы  дүдәмал.

КІМ  БІЛСІН?!

Қазақ жазушылары туралы да аспа-­төкпе сөз жеткілікті. Бірі қара сөздің пайғамбары, бірі тарлан, бірі арлан, бірі дарабоз, бірі Құлагер, бірі топжарған деген­дей. Мүмкін оларды қамшылау үшін  әдейі  айтылған шығар. Кім білсін?!

ТҮБІМІЗ  БІР

Бір деген сан қазақ қана емес, түрік, саха, түркімен, қырғыз, өзбек, әзербайжан, татар, башқұрт, қарашай, ноғай, балқар тілінде кейбір ұлтта дыбысталуы жағынан ғана сәл-пәл өзгеріске ұшыра­ғаны болмаса осылай айтылады. Одан кейінгі сандар да бірдей. Бұл нені білді­реді? Түбіміз бір, тамырымыз бір деген ұғымға  меңзейді. Осы Бірден барып Бірлік  деген  әдемі  сөз  шығады.

КӨБІК

Судың бетіне шыққан көбік тұңғиық­қа төніп: «Бетінде жүрмін, — депті, – судың». Сонда тулаған толқын: «Қажеті жоқ қой шудың. Бір кезде жақсы көрініп бізден кеткен бөлініп пайдасы бар ма будың?» депті. Мұны естіген көбік көпіршіп  ағып,  ақыры  кеткен  секілді  өліп.

ЖАУ  БОЛДЫ

Дұшпандарың неге көп деймісің? Шындықты айттым, өтірікшілер жау болды. Ешкімге жағынбадым, жағымпаз­дар жау болды. Талантым болды, таланты жоқтар жау болды. Азды-көпті ақылым болды,  ақылы  кемдер  жау  болды.

АҚШАДА  БЕТ  ЖОҚ

Ақшада бет жоқ деген рас. Пәлен миллион тұратын ішікті кеудесінде жылуы жоқ келіншек киеді. Пәлен миллион тұратын көлікті жол ережесін білмейтін, білгісі де келмейтін әлдекім мінеді. Пәлен миллион тұратын сағатты көк тиындық құны жоқ білекке іледі. Қара басының бағасы жүз теңге де тұрмайтын тоғышар пәлен миллион тұратын үйге кіреді. Сондай­да: «Сол үкің азар болса жүз теңге­лік, Қалдырдың көңілімді мың теңгелік» деген  өлең  жолдары  есіме  түседі.

КІСІЛЕР  БАР

Әділ сөздің өзін сирек түсінетін кісілер бар. Таза жазудың өзін жиі өшіретін кісілер бар. Сөзін тыңдасаң, мінбеден  сүйреп  түсіретін  кісілер  бар.

НЕ  ДЕЙДІ?

Ешкіні апа, текені жезде дегендерге қой мен қошқары барлар ренжімей ме екен? Серкені көсем дегендер бұған не дейді  екен?

ЭКС  ДЕГЕН  НЕ?

Экс деген сөз тілімізге еніп кетіпті. Экс-чемпион, экс-депутат, экс-әкім деген  секілді. Ал экс-күйеу дегенді естідіңіз бе? Ия! Байдан шыққандар бұрынғы күйе­уін  солай  атайды  екен.

НЕ  КӨРСЕТЕДІ?

Диқан дәнін көрсетеді. Малшы малын көрсетеді. Кенші кенін көрсетеді. Еріккен, желіккен әйелдер ше? Олар жала­ңаш  санын  көрсетеді.

ӘЛІ ДЕ БАР

Сүйек берген қожайынға итше байланған, бақташыға қойша айдалған, құлақкесті құлға айналған мәңгүрттер әлі  де  бар.

МАҚТАЙМЫЗ

Біз әдетте жайнап тұрған гүлді, құлпырып тұрған өсімдікті мақтаймыз. Ып-ыстық болып жаңа піскен нанды мақтаймыз. Шөптің тамырына, нанның қамырына мақтау айтуды қажет деп таппаймыз. Сырт келбетіне қарап көңіліміз толмаған кісінің маңайынан жүрмейміз. Сол секілді тамырына үңілмей жақсының  қадірін  де  білмейміз.

АЛТЫН БАЛЫҚ

Бізде өзен де, көл де көп. «Олардың ішінде алтын балық болуы әбден мүмкін» деді бір досым. «Әттең, сол алтын балықтар әлдеқашан қармаққа немесе ауға ілініп, табаға қуырылып, тамақтан өтіп  кеткен  секілді»  деп  жауап  бердім.

ТӘН  мен  ЖАН

Кейбір халықта мощи, яғни, дене қалдық­тары арнайы сақталып, соларға табынатын әдет қалыптасқан. Ленин, Мао-Цз-Дун секілді кісілердің мәйіті қара жерге тапсырылмай, мавзолейде жатуы да – осындай дәстүрдің бір көрі­нісі. Тән жанның қабы ғана болса, онда не қасиет? Абайдың: «Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде, сонда ойла, болады не  сенікі?!»  деген  жолдары  ойға  келеді.

КІМНІҢ  БӘСІ  ЖОҒАРЫ?

Стадионда әйгілі футболшылардың жүз мыңдаған жанкүйері бар. Концерт залдары мен алаңдарда атақты әнші­лердің жүз мыңдаған тыңдаушысы бар. Белгілі қаламгерлердің оқырманы санау­лы ғана.

Алайда, бір кездері есімдері әлемге әйгілі болған Пеле мен Лев Яшинді енді бір ғасырдан кейін біреулердің еске алуы неғайбыл. Тыңдаушылар енді бір ғасыр­дан кейін Майкл Джексон мен Алла Пугаче­ваны ұмытып кетуі әбден мүмкін. Бірнеше ғасыр өтсе де Шекспир мен Бальзак, Толстой мен Әуезов ел жадында болады. Сонда  кімнің  бәсі  жоғары?!

ТІРІ  АДАМ  ТІРЛІГІН  ЖАСАЙДЫ

«Тірі  адам тірлігін жасайды» деген қазақ сөзі қалай тауып айтылған. Төлеген өлгеннен кейін Қыз Жібекке әмеңгерлік салтымен Төлегеннің інісі Сансызбай үйленеді. Шоқан қаза тапқан соң оның әйелі Айсараны Шоқанның туған інісі Жақып алады. Пушкин өлгеннен кейін жиырма төрт жасында төрт перзенті болған, жесір қалған Наталья отыз жасында генерал Петр Ланскойға тұрмысқа шығады. Мұндай мысалдар аз емес. Алайда, сүйген жарынан жастай қалса да, ғұмыр бойы күйеусіз өткен келіншектер  де  бар.

АЙЛА-ТӘСІЛДЕР

Мойнында қамыты бар өгіздің айда­ғанға көнуі, ауыздығы бар аттың иесінің бұйрығымен жүруі, қарғыбауы бар иттің қожайынға алғысы секілді көріністерді кейбір кісінің бойынан қазіргі уақытта да жиі байқаймын. Сонда бұйда, ноқта, кісен, тұсау, қарғы секілді жан-жануарларға қолданатын айла-тәсілдерді осы күнгі  адамдар да жақсы меңгерген  бе деп  қаламын.

ТАПТАУЫШ

Жол жөндейтін каток, яғни асфальт таптауыш топырақты, қиыршық тасты, құмды және асфальтты тығыздау және тегістеу үшін қолданылатын арнайы құрылыс техникасы екенін білемін. Дәл осы таптауышқа тән технологияны отарлаушы елдер пайдаланды. Шашты, басты, езді, таптады. Ең ақырында бұл қылықтарын  жол  салдық  деп  ақтады.

МҮМКІН

Нұрлан, Нұртөре, Нұржігіт, т.б. есіміне нұр сөзі қосылған азаматтар неге Нұрсұлтанды сынамайды деп ойлаймын. Әлде олардың санасын да НӘН атанған кісінің  «нұры» жаулап алған ба екен? Солай  болуы  да  мүмкін.

ӨЗ  ТІЛІМІЗДЕ  БАР

Кірме сөздерді қолдануға құмармыз. Дұрыс іздесек сол сөздердің баламасы өз тілімізде бар. Мәселен, манипуляция – мәймөңке. Симуляция – көлгірсу. Инициатива – ынта. Логика – қисын. Статус – мәртебе. Хаип – даңғаза. Фейк – жалған. Элита – таңдаулы. Айта  берсек  көп.

ТАМЫРЫ БІР БОЛСА ДА…

Орыс пен ақорыс (беларусь) және украин біздің шежіредегі Ақарыс, Бек­арыс, Жанарыс секілді тамыры бір болса керек. Алайда, орыстың озбырлығы олардың арасын алыстатып жіберген  секілді.

ҚИЫН

Болған кезде ауыз бен құлаққа ты­йым, жазып үйренуден көрі сөйлеп және тыңдап  үйрену  қиын.

СЕКІЛДІ

Ұлы жүздің Төле би біздікі дегені, Орта жүздің Қобыланды біздікі дегені, Кіші жүздің Сырым біздікі дегені орыс­тардың «Қырым – біздікі» деген секілді екен.

БӨЛІНДІК

Біз неге бүліндік? Өйткені бай және кедей болып бөліндік. Ол аз болғандай руға бөліндік, жерге бөліндік, дінге бөліндік. Бөлінгенді бөрі жейді деуші еді. Бөлінген соң әрқайсысымыз қорамызға тығылдық.

СОҒЫС  ҚАУПІ

Әлемге соғыс қаупі жайылды енді. Көп халық көтереді ауырды енді. Соғыс­ты кәсіп қылған қауым келді. Дрондар бронды  күл-талқан  қылатын  дәуір келді.

ЕРМЕКСАЗ

Біздің қазақ аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған кісілерді көргенде иленген қамыр секілді деп сипаттайды. Менің ойымша олардың көпшілігі ермексазға ұқсайды. Жұлмалауға да, жұмсартуға да оңай.

САУАЛ

ҚМДБ басшысы Наурызбай Таған­ұлы: «Қияметте әділ имамдар жәннатқа сұрақсыз кіреді» депті. «Сонда имамдардың басқа пенделерден қандай артық­шылығы  бар?» деген сауал көкейімде тұр.

ШЫДАУ  ҚИЫН

Жаман  сөзді  айтқым келмейді. Бірақ, жыртыңбайлар мен қыртымбайлар, ұртын майларлар, құлқын ойларлар кө­бейіп кеткенін  көргенде  шыдап  тұру  қиын.

КІМ  ТАНИДЫ?

Төле бидің шапанын, Мономахтың қалпағын, Шәмілдің де папағын көрген кісі бірден танып жатады. Шапан киген, қалпақ киген толып жатыр қазір де… Танитындар бірен-саран. Қай жер екен осылардың  Отаны?!

АТЫЛҒАНДАР мен САТЫЛҒАНДАР

«Халық жауы» деп аталған қанды қырғыннан кейін арыстарды жоқтап аһ ұрғандар атылғандар көп дейді. Оған дау жоқ. Алайда,  атылғандардан сатылғандар  көп. Әрбір игі жақсының үстінен донос  жазған  сатқын  біреу емес, бір­нешеу.

ІРІ  ҰРЫ

Елге есімі әйгілі үлкен Ұры бар. Ұрылардың ірісі. Ұрлығы дәлелденген. айғақтар жеткілікті. Оның бауырлары, туыстары, жерлестері, руластары, әріп­тестері, жекжаттары, құдалары бар. Жақсылық көргені бар, көрмегені бар, барлығы да Ұрыны қолдайды. Олай болса олардың пікірі өзгермейінше Ұрыны соттауға  болмайды.

(Жалғасы  бар)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: