Өңір халқы соңғы он жылда 82 мың адамға көбейіп, биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 844,5 мыңға жетті. Облыс халқы санының табиғи өсімі тұрақты болғанымен, көші-қон көрсеткіштері алаңдататынын жасыра алмаймыз. Әсіресе, жыл басынан бергі сегіз айда облыстан кеткендер саны көшіп келгендерден едәуір көп. Осы қарқын сақталса, Сыр өңірі миллион тұрғын межесіне қашан жетуі мүмкін?
Осы орайда біз демограф Шынар Төлешованың пікірін білген едік. Сарапшы егер 2021 жыл «бейби-бум» кезеңі есебінде қалыптасса, одан кейінгі 2022, 2023, 2024, 2025 жылдары Қазақстанның барлық өңірінде туу көрсеткіші біртіндеп төмендей түскенін айтады. Бұл өз кезегінде табиғи өсімнің де төмендеуіне әкеп соғады.
– Сонымен қатар, табиғи өсімнің баяулауы аясында ішкі көші-қон үдерістері де күшейе түсті. Соңғы жылдары байқалған үрдіс бойынша, өңірлерден Астана мен Алматы қалаларына қоныс аударушылардың саны артып келеді. Халықтың облыстарды тастап, мегаполистерге бет бұруы урбанизация үрдісінің қарқын алғанын көрсетеді. Бұл жағдай Қызылорда облысының халық санының өсіміне де кері әсерін тигізуде.
Салыстырмалы түрде қарастырсақ, 2021 жылдың өзінде облыста халық саны 13 000 адамнан астам көрсеткішке өскен еді. Сол кезеңде табиғи өсім 18 000 адамды құраса, көші-қон салдарынан 4 600-ге жуық адам азайғанымен, таза өсім 13 000 адамды құрап, жақсы көрсеткіш тіркелген болатын. Десе де, бұл көрсеткіш сол кезеңдегі ең жоғарғы меже болды, — дейді сала маманы.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтановтың айтуынша, биыл қаңтар-тамыз аралығында облысқа тұрақты тұру үшін 29 876 адам тіркелген. Ал осы кезеңде өңірден 38 095 адам көшіп кеткен. Осылайша, кеткендер мен келгендердің арасындағы айырмашылық 8 219 адамды құрады.
– Соңғы 10 жылдың ішінде халық саны 82 мыңға өскені байқалады. Көші-қон әлеуметтік, экономикалық, саяси, экологиялық және сыртқы факторларға сәйкес өзгеріп тұрады. Биыл қаңтар-тамыз аралығында облысымызға тұрғылықты тұру үшін 29876 адам тіркелген. Ал 38095 адам өңірден кеткен. 2025 жылдың қаңтар-тамызымен салыстырғанда облысқа келгендер саны 8,6%-ға көбейгені көрінеді, — деді Қайрат Әбсұлтанов.
Ұлттық статистика бюросы Қызылорда облысы бойынша департаментінің мәліметінше, өңір тұрғындарының 47 пайызы қалада, қалған 53 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Демек, облыс халқының басым бөлігі әлі де ауылдық елді мекендерге тиесілі. Бұл – өңірдегі демографиялық ахуалды бағалағанда ескеретін маңызды көрсеткіштің бірі.
– Кейінгі жылдары облыс халқының жалпы өсімі төмендеу бағытын ұстанды. Мәселен, 2025 жылы Қызылорда облысынан көшіп кеткендер саны 12 000-ға жуықтады.
Ал 2025 жылғы табиғи өсім тек 12 000-нан аса ғана адамды құрады. Нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша Қызылорда облысы халқының саны небәрі 208 адамға ғана көбейген. Салыстыру үшін айтар болсақ:
– 2 022 жылы бұл көрсеткіш – 10 000 адамды,
– 2023 жылы – 8000 адамды,
– 2024 жылы – 4000 адамды құрап, жыл санап біртіндеп төмендеген де, 2025 жылы соңы келіп 208 адамға дейін күрт қысқарды.
Бұл үрдіс Қызылорда облысының халық санын миллионға жеткізу жоспарын артқа ысырып жатыр. Себебі, өңірдегі өсім қарқыны бәсеңдесе, ал көршілес Түркістан мен Жамбыл облыстарында халық санының азаю үдерісі тіпті ертерек басталған. Бұрын депопуляция (халықтың азаю процесі) көбіне тек солтүстік және шығыс өңірлерге тән болса, қазір бұл үрдіс оңтүстік аймақтарға да әсер ете бастады.
Демограф ретіндегі жеке болжамым бойынша, егер көші-қон ағыны осы күйінде қала берсе және ештеңе өзгермесе, Қызылорда облысының миллиондық межеге жетуі өте қиын болады. Туу көрсеткіші алдағы уақытта күрт көбейіп кетеді деу қиын, ол біртіндеп азаюы немесе тұрақты деңгейде қалуы мүмкін. Дегенмен, қазіргі уақытта туу көрсеткішінен гөрі көші-қон ағынының теріс әсері басым рөл атқарып тұр. Егер облыстан кетушілер саны осындай күйде сақталса, миллион тұрғыны бар аймақ атану мақсатына қол жеткізуі кешеуілдейді, — дейді Шынар Төлешова.
Сыр өңіріндегі демографиялық өсімнің негізгі тірегі – табиғи өсім. Биылғы есепті кезеңде облыста 9 601 сәби дүниеге келген. Оның 4 891-і ұл болса, 4 710-ы – қыз бала. Осылайша, 8 айда дүниеге келген сәбилер саны 9,6 мыңға жуықтады. Қызылорда облысы республика өңірлері арасында әрбір 1 000 тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші бойынша төртінші орында тұр.
– Жалпы, біздің өңірдің туу көрсеткіші және табиғи өсімі тұрақты. Облыстар арасында 1000 тұрғынға шаққанда туу көрсеткіші бойынша тұрақты төртінші орындамыз. Өңірде күніне орташа есеппен 40-45 сәби дүние есігін ашады. Ай сайын 1200-1300 балаға дейін дүниеге келеді, — деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтанов.
Көрсеткіштерге қарасақ, Қызылорда облысында халық санының өсуіне мүмкіндік беретін демографиялық әлеует бар. Дегенімен, миллион тұрғын межесіне жету тек дүниеге келетін сәбилер санына байланысты емес. Ол үшін өңірден көшіп кетушілер санын азайтып, сырттан келетін тұрғындар ағынын арттыру да маңызды.
Қазір облысқа миллион тұрғын болу үшін тағы 155,5 мың адам қажет. Десе де, мұны нақты демографиялық болжам дей алмаймыз. Соңғы онжылдықтағы өсім қарқыны сақталса, бұл межеге жетуге шамамен жиырма жыл уақыт керек. Бірақ демографиялық өсімнің жылдамдығы экономикалық мүмкіндіктерге, жұмыс орындарының санына, тұрғын үй жағдайына және көші-қон саясатына қарай өзгеруі мүмкін.
Рыскелді ЖАХМАН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!