Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәжілісте салық базасын кеңейту жолдары қаралды

24.11.2026, 15:25 9

Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтановтың төрағалығымен аудан бойынша салық базасын ұлғайту жөніндегі жұмысшы топтың мәжілісі өтті.

Жиынға аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы, жұмысшы топ мүшелері, дербес бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Мәжілісте аудан бюджетінің кіріс бөлігін қамтамасыз ету, салық түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.

Атап айтқанда, кәсіпкерлік қызметті заңдастыру, бақылау-кассалық аппараттарды пайдалану, тұрғын үй-жайларды жалға берушілерді есепке алу, кәсіпкерлік нысандарын түгендеу, жер және мүлік салығының толық есептелуін қамтамасыз ету, сондай-ақ жасырын жұмыспен қамту фактілерін анықтау мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар жеке тұлғалардың көлік салығы бойынша берешектерін өндіру, шаруа қожалықтарының салық есептілігін бақылау, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін анықтау және жер учаскелерін аукцион арқылы сату жұмыстарының орындалу барысы сараланды.

Жиында 4-деңгейлі бюджеттердің өз кірістерін толық орындау мәселесіне де баса назар аударылды. Бірқатар ауылдық округтер мен елді мекендерде белгіленген кіріс жоспарының орындалуында тәуекелдер бар екені айтылып, қосымша түсім көздерін анықтау қажеттігі ескертілді.

Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов жауапты бөлімдерге, мемлекеттік кірістер басқармасына, жұмысшы топ мүшелері мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне салық базасын кеңейту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды, анықталған кемшіліктерді жоюды және берілген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: