Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елтаңбаға өзгеріс енгізілуі мүмкін

24.11.2026, 11:50 28

Өзбекстанда латын графикасына негізделген әліпбидің жаңартылуына байланысты мемлекеттік елтаңба мен мемлекеттік наградалардағы жазуларды өзгерту жоспарланып отыр. Соған сәйкес, елтаңбадағы «O‘zbekiston» атауы «Özbekiston» болып жазылуы мүмкін, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Тиісті құжаттарды 2027 жылдың маусымына дейін Үкімет қарауына енгізу көзделген.

Podrobno.uz басылымының хабарлауынша, бұл бастама елдің латын графикасына негізделген әліпбиін қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізу жөніндегі үкімет қаулысының жобасында қарастырылған.

Жобаға сәйкес, мемлекеттік органдар нормативтік-құқықтық құжаттарға қажетті өзгерістерді 2027 жылдың сәуіріне дейін әзірлеп, маусым айына дейін Министрлер кабинетінің қарауына ұсынуы керек.

Жаңа әліпбиде бұрын екі таңбамен берілген төрт дыбыс жеке әріптермен алмастырылады. Атап айтқанда, O‘ o‘ орнына Ö ö, G‘ g‘ орнына Ğ ğ, Sh sh орнына Ş ş, ал Ch ch орнына Ç ç таңбалары қолданылады.

Осы өзгерістерге байланысты мемлекеттік елтаңбадағы ел атауы да жаңа емлеге сәйкестендіріледі. Мемлекеттік ордендер мен медальдардағы жазуларға да түзету енгізу ұсынылған. Әзірге олардың жаңартылған нұсқасының нақты дизайны жарияланған жоқ. Қазіргі бастама елтаңба мен наградалардың сыртқы бейнесін түбегейлі өзгертуге емес, жазуларды жаңа әліпбиге сәйкестендіруге бағытталған.

Айта кетейік, Өзбекстанның латын графикасына негізделген әліпбиін жаңарту туралы заң 2026 жылғы 21 қазанда қабылданған. Жаңа нұсқада 28 әріп пен бір апостроф белгісі қарастырылған.

Өзбекстанның мемлекеттік елтаңбасындағы ел атауы бұған дейін де өзгерген. 2010 жылғы желтоқсанда кириллицамен жазылған «Ўзбекистон» атауы латын графикасындағы «O‘zbekiston» нұсқасына ауыстырылған еді. Егер жаңа ұсыныс мақұлданса, тәуелсіздік алғаннан бері елтаңбадағы мемлекет атауы екінші рет жаңартылады.


Сурет: president.uz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: