АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық Nvidia компаниясының Blackwell чиптерін Қытайға сатуға қатысты ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, аталған чиптер ең озық технологиялар санатынан шыққан кезде экспорттық шектеулер қайта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды Halyqline.kz Lianhe Zaobao басылымына сілтеме жасап.
Bloomberg агенттігінің 19 қарашадағы мәліметінше, Трамп Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында Fox News телеарнасына сұхбат берген. АҚШ басшысы Blackwell чиптерін Қытай нарығына шығаруға мүмкіндік беру мәселесін технологиялық прогреспен байланыстырды. Оның сөзінше, мұндай шешім Nvidia компаниясы одан да жетілдірілген өнімдерді әзірлеген кезде қабылдануы ықтимал.
– Екі-үш жылдан кейін, егер мен әлі қызметте болсам, Blackwell чиптерін сатуға болады деп рұқсат берер едім. Себебі ол уақытта компанияда одан да жаңа өнімдер пайда болады, – деді Дональд Трамп.
Blackwell чиптері жасанды интеллектінің ірі модельдерін оқытуға және күрделі есептеулерді орындауға арналған. Мұндай технологиялардың экспорты АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекенің маңызды мәселелерінің бірі болып отыр. Әзірге Трамптың мәлімдемесі экспорттық шектеулерді алып тастау туралы ресми шешім болып саналмайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!