Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түркияда 18 млрд еуролық қаржы дауы: Ердоғанның бұрынғы серіктесі қамауға алынды

17.11.2026, 10:50 70

Түркияда 456 мыңға жуық инвестордың қаржысына қатысты ірі дау туындады. Инвестициялық қорлар арқылы акция бағасын қолдан өсірді деген күдікпен жүздеген адам тергеліп жатыр. Олардың арасында биліктегі партияның бұрынғы басшыларының бірі де бар, деп хабарлайды Halyqline.kz BILD басылымына сілтеме жасап.

Түркияда қыркүйек айында басталған инвестициялық қорлар дауы елдің қаржы нарығына деген сенімге елеулі соққы болды. Германияның BILD басылымының мәліметінше, қаржы ұйымдарының күмәнді операцияларына байланысты 456 мыңға жуық инвестордың мүддесіне қауіп төнген. Даулы қорлардағы активтердің құны белгілі бір кезеңде 18 миллиард еуродан асқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, бірқатар инвестициялық қорлардың басқарушылары нарықта еркін айналымдағы акциялары аз шағын компаниялардың бағалы қағаздарын жаппай сатып алып, олардың құнын жасанды түрде көтерген. Акциялар қымбаттаған сайын сол бағалы қағаздарды иеленген қорлардың да есептік құны өскен. Жоғары табысқа қызыққан инвесторлар қаражат салуды жалғастырған.

BILD дерегінше, TLY деп аталатын инвестициялық қордың құны белгілі бір кезеңде 15 мың пайыздан астам өскен. Алайда инвесторлар қаржысын жаппай қайтара бастаған кезде акция бағалары күрт төмендеп, кейбір қорлар төлем міндеттемелерін орындауда қиындыққа тап болған.

Нәтижесінде Түркияның Капитал нарығын реттеу кеңесі (SPK) жеті басқарушы компанияға тиесілі 131 инвестициялық қорды тарату туралы шешім қабылдады. Ресми мәлімет бойынша, бұл қорларда 455 758 инвестордың қаражаты болған.

Қаржы дауының саяси салдары да байқалды. Тергеуге іліккендердің арасында Түркияның бұрынғы отбасы және әлеуметтік саясат министрі, президент Режеп Тайип Ердоған басқаратын Әділет және даму партиясы төрағасының бұрынғы орынбасары Фатма Бетүл Саян Кая бар.

Ол қарашаның басында Ыстанбұлда тергеуге тартылып, 6 қарашада қамауға алынды. Прокуратура бұрынғы министрге капитал нарығы туралы заңнаманы бұзу және қылмыстық ұйымға қатысу күдігін келтіріп отыр.

Тергеу материалдарына сәйкес, Кая 2026 жылдың сәуірінде Özata Denizcilik компаниясының акцияларын сатып алып, қыркүйектің 16-сында, яғни күмәнді қорларды тарату туралы шешім қабылданардан бір күн бұрын сатқан. Тергеушілер оның нарыққа жарияланбаған ақпаратты пайдалану мүмкіндігін тексеріп жатыр.

Алайда Фатма Бетүл Саян Кая өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарды. Оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған жоқ.

Түркиядағы қаржы дауы халықаралық сарапшылардың да назарын аударды. BILD басылымына пікір білдірген биржа сарапшысы Кристиан Рёль елдегі жоғары инфляция мен қымбат несиенің салдарынан азаматтардың жинақ ақшасын қорғау үшін қор нарығына бет бұрғанын айтты.

— Түркия үшін ең үлкен шығын – халықтың қаржы жүйесіне деген сенімінен айырылуы, – деді Кристиан Рёль.

Сарапшының пікірінше, акция бағаларын қолдан көтеруге қатысты күдік инвесторлардың сенімін одан әрі әлсіретуі мүмкін. Бұл жағдай ел экономикасына қосымша қиындық туғызады.

Даудың халықаралық салдары да болуы ықтимал. Әлемдік биржа индекстерін әзірлейтін MSCI компаниясы 15 қазанда Түркия акцияларына қатысты индекстердегі бірқатар өзгерісті уақытша тоқтатты. Компания нарықтағы акциялардың еркін айналымдағы үлесін есептеу мен сауда операцияларының ашықтығына байланысты алаңдаушылық білдірді.

MSCI Түркия билігі 2027 жылдың маусымына дейін қаржы нарығындағы ашықтық пен бақылауды жақсартуда жеткілікті нәтиже көрсетпесе, елдің мәртебесін дамушы нарық санатынан төмендету мүмкіндігін қарастыратынын ескертті.

Мұндай шешім қабылданған жағдайда дамушы нарық индекстеріне сүйеніп жұмыс істейтін халықаралық инвестициялық қорлар түрік акцияларының бір бөлігін сатуға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл елден капиталдың сыртқа кету қаупін арттырады.

Әзірге MSCI Түркияны дамушы нарықтар тізімінен шығарған жоқ. Ал инвестициялық қорларға қатысты қылмыстық тергеу жалғасып жатыр. Құзырлы органдар инвесторлардың нақты шығын көлемін, күмәнді операцияларға қатысқандардың жауапкершілігін және қаржыны қайтару мәселесін анықтауы тиіс.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: