Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанның киіктерді сақтау тәжірибесі Нью-Йоркте таныстырылды

17.11.2026, 11:30 95

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтіру бағытындағы тәжірибесі халықаралық ғылыми қауымдастыққа ұсынылды. Бұл туралы Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығы хабарлады, деп жазады Halyqline.kz.

12 қарашада Нью-Йоркте әлемге танымал The Explorers Club халықаралық зерттеушілер ұйымының Қазақстанда құрылған Орталық Азия бөлімшесінің (Central Asia Chapter) ресми ашылу рәсімі өтті. Жиында еліміздің ғылыми және табиғи әлеуеті таныстырылып, биоалуантүрлілікті сақтау, бірлескен зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру және Орталық Азияның тарихи мұрасын зерделеу мәселелері талқыланды.

Іс-шара барысында «Алтын Дала» табиғатты қорғау бастамасының өкілі Альберт Сәлемғараев Қазақстандағы киік популяциясын сақтау және қалпына келтіру тәжірибесін таныстырды. Бір кездері саны күрт азайып, жойылып кету қаупіне тап болған ақбөкендердің қайта көбеюі еліміздегі табиғатты қорғау жұмыстарының маңызды нәтижелерінің бірі ретінде атап өтілді.

Ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке сәйкес, ұзақ жылдарға созылған табиғат қорғау жұмыстарының нәтижесінде Қазақстандағы киіктер саны шамамен 21 мыңнан 2023 жылы 1,9 миллионға дейін жеткен. Бұған жануарларды заңсыз аулауға қарсы күрес, мекендеу ортасын қорғау, ғылыми зерттеулер мен тұрақты мониторинг жүргізу ықпал еткен. Киіктерді қорғау бағытындағы жетістіктер халықаралық деңгейде де мойындалып, «Алтын Дала» бастамасы 2024 жылы беделді Earthshot Prize экологиялық сыйлығын иеленді.

Нью-Йорктегі жиында Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына да назар аударылды. Британдық зерттеуші Ник Филдинг Сырдария өзені бойындағы ежелгі қалалардың тарихы мен олардың өркениеттер арасындағы байланыстарды дамытудағы рөлі туралы баяндады. Ол Қазақстан аумағында әлі де жан-жақты зерттеуді қажет ететін тарихи және табиғи нысандар көп екенін атап өтті.

— Қазақстан – жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы ел. Мұнда көретін де, зерттейтін де дүние көп. Мәдениеті мыңдаған жылдан бастау алады. Екі жарым мың жыл бұрынғы сақ өркениетін, оның өкілдерінің қорғандарынан табылған алтын бұйымдарды айтсақ та жеткілікті. Табиғаты да сан алуан: асқар таулар, көлдер мен өзендер, ұлан-ғайыр дала, – деді Ник Филдинг.

Іс-шараға Қазақстан Президентінің АҚШ-пен екіжақты ынтымақтастық мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов, The Explorers Club ұйымының бұрынғы президенті Ричард Уиз, сондай-ақ ғылыми және дипломатиялық қауымдастық өкілдері қатысты.

Ричард Уиз Қазақстанда халықаралық зерттеушілердің басын қосатын ауқымды ғылыми жиын өткізуге қызығушылық танытты. Оның пікірінше, жаңа бөлімшенің ашылуы қазақстандық ғалымдардың шетелдік әріптестерімен байланысын нығайтып, ортақ ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға жол ашады.

1904 жылы Нью-Йоркте құрылған The Explorers Club ұйымы әлемнің түрлі елдеріндегі ғалымдарды, саяхатшыларды, зерттеушілерді және табиғатты қорғау мамандарын біріктіреді. Қазақстанда оның Орталық Азия бөлімшесінің ашылуы бірлескен экспедициялар ұйымдастыруға, ғылыми тәжірибе алмасуға және жас зерттеушілерді халықаралық жобаларға тартуға мүмкіндік бермек.

Жиын соңында қазақстандық өнерпаздар ұлттық музыкалық шығармаларды орындап, қатысушыларға қазақтың дәстүрлі мәдениеті таныстырылды. Ұйым өкілдеріне атбегілік пен құсбегілік дәстүрін бейнелейтін естелік сыйлықтар табысталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: