Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Студенттерге дропперлік пен есірткінің қаупі түсіндірілді

05.11.2026, 16:10 28

Қызылордада полиция қызметкерлері колледж студенттерімен кездесіп, дропперлік, синтетикалық есірткі саудасы және жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың салдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Профилактикалық кездесу Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінде өтті. Оған облыстық Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев пен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы Мақсат Баймағанбетов қатысты.

Кездесуде жастар арасында кездесетін бұзақылық, топтық төбелес және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру секілді құқық бұзушылықтардың салдары талқыланды. Полиция өкілдері студенттерге жанжалға араласпау, даулы жағдайларды ушықтырмау және қауіп төнген жағдайда құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарласу қажеттігін түсіндірді.

Басқосуда ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – дропперлік. Тәртіп сақшылары жастарға банк карталарын, есепшоттарын немесе жеке деректерін бөгде адамдарға берудің қауіпті екенін ескертті. Мұндай деректер алаяқтық жолмен алынған ақшаны аудару және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан студенттерге әлеуметтік желілердегі жеңіл табыс туралы күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес берілді.

Сонымен қатар синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы мен оның жастарға тигізетін зияны сөз болды. Полиция қызметкерлері есірткі заттарын сақтау, тарату және сатуға қатысқаны үшін заңда жауапкершілік көзделгенін түсіндірді. Әсіресе интернет арқылы жұмыс ұсынған белгісіз адамдардың хабарламаларына сақ болу қажеттігі айтылды.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылып, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Полиция өкілдерінің мәліметінше, мұндай профилактикалық шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында өткізіліп келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: