Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің туғанына 100 жыл толуына орай тағылымы терең, тарихи-танымдық және мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Ел дамуына елеулі үлес қосқан қайраткердің өнегелі өмір жолын ұлықтауға бағытталған тағылымдық іс-шаралар бағдарламасы 28 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді.
Алдаберген Бисенов – саналы ғұмырын туған жерінің өркендеуіне, ауыл шаруашылығының дамуына және ел игілігі жолындағы еселі еңбекке арнаған тарихи тұлға. Соғыс жылдарындағы жауынгерлік ерлігі мен бейбіт кезеңдегі қажырлы қызметі арқылы халық құрметіне бөленген қайраткердің өмір жолы – отаншылдықтың, табандылықтың және адал еңбектің жарқын үлгісі. Оның ел алдындағы еңбегі мен азаматтық болмысы бүгінгі ұрпақ үшін құндылығын жоймайтын рухани мұра болып қала бермек.
Еске алу іс-шаралары 28 қазан күні сағат 10:00-де Аққұм ауылында «Адал еңбектің ақтаңгері» атты облыстық жыр-мүшәйрасымен бастау алады. Әдеби-рухани басқосуда еңбек адамының биік тұлғасы, туған жерге деген сүйіспеншілік пен елдік мұрат көркем сөз арқылы дәріптелмек.
31 қазан күні сағат 10:00-де Аққұм ауылындағы «Бағдаулет» ипподромында ұлттық спорт сайыстары мен ат жарысы ұйымдастырылады. Ұлттық дәстүрді жаңғыртып, халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттауды мақсат еткен спорттық іс-шаралар атаулы күннің тарихи әрі рухани мәнін айшықтай түспек.
Тағылымды іс-шаралардың негізгі әрі маңызды бөлігінің бірі – 6 қараша күні сағат 11:00-де «Сыр болашағы» Құзыреттілік орталығында өтетін «Еңбекпен өрілген ғұмыр: Алдаберген Бисеновтің өнегелі жолы» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция. Тағылымды жиында қайраткердің өмірі мен еңбек жолы, ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесі, тарихи тұлғасы мен қоғамдық қызметінің маңызы кеңінен зерделенеді. Конференция өткеннің өнегесін бүгінгі ұрпақ санасына сіңіріп, еңбек құндылығын дәріптейтін маңызды пікір алмасу алаңына айналмақ.
6 қараша күні сағат 13:00-де «Дария» мейрамханасында еске алуға арналған ас беру рәсімі өтеді. Ал сағат 15:00-де «Ғасырлық ғұмыр – ұрпаққа өнеге» атты ақындар айтысы «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және инновация академиясы қосымша білім беру орталығының акт залында өтеді. Сөз өнерінің саңлақтары ел ардақтысының ерен еңбегін, Сыр өңірінің шежірелі тарихын және ұлт руханиятының асыл құндылықтарын жырға қоспақ.
Тағылымды іс-шаралар аясында Алдаберген Бисеновтің ел дамуына қосқан елеулі үлесі, азаматтық тұлғасы мен еңбек жолы кеңінен дәріптеліп, тарихи мұрасы жас ұрпаққа насихатталады. Елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен тұлғаның туғанына бір ғасыр толуы – еңбек ерлігін ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын маңызды тарихи, рухани белес.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!