Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх мемлекеттік теміржол жобасына қатысты жемқорлық айыптауларынан кейін қызметінен кетуге дайын екенін жариялады. Ол тергеу органдарымен ынтымақтасып, өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге ниетті, деп хабарлайды Halyqline.kz Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
17 қарашада Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх елдегі саяси жағдайға байланысты арнайы мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы оппозицияның қызметінен кету және жемқорлыққа қатысты айыптауларды тергеу талабын қабылдайтынын айтты.
Саяси дау Таван-Толгой – Гашуунсухайт теміржол құрылысына байланысты туындаған. Оппозиция өкілдері жобаға бөлінген қаражатты пайдалану кезінде заңбұзушылықтар болуы мүмкін екенін айтып, жоғары лауазымды тұлғалардың әрекеттерін тексеруді талап еткен.
Associated Press мәліметінше, Ұлан-Батырдың бұрынғы мэрі Хишгээгийн Нямбаатар Хүрэлсүхті аталған теміржол жобасынан 25 миллион доллар көлемінде заңсыз қаржылық пайда көрді деп айыптаған. Бұл айыптау әзірге сот арқылы дәлелденген жоқ.
Әңгіме 2019 жылы Bodi International компаниясына Таван-Толгой – Гашуунсухайт теміржолын салуға келісімшарт беру туралы шешімге қатысты болып отыр. Сол кезеңде Хүрэлсүх Моңғолияның премьер-министрі қызметін атқарған. Айыптаушылар келісімшарт конкурссыз берілгенін және оған байланысты пара алу фактілері болуы мүмкін екенін алға тартады. Компания бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Мемлекет басшысы өз атына айтылған айыптаулардың негізсіз екенін мәлімдеді.
— Заң алдында бәрі тең. Демократиялық партия менің қызметтен кетіп, тергеуден өтуім керек деген ұстаным білдірді. Мен бұл талаппен келісемін. Президенттік міндетімді тапсырып, тергеуге қатысамын және абыройымды қалпына келтіремін, – деді Ухнаагийн Хүрэлсүх.
Президенттің айтуынша, соңғы бір айдан астам уақыт бойы оған қатысты айыптаулар айтылып, беделіне нұқсан келтірілген. Ол мемлекеттік қызметте жүрген кезінде халықтың қаржысын жымқырмағанын айтып, шындықтың анықталуына мүдделі екенін жеткізді.
16 қарашада оппозициялық Демократиялық партияның парламенттік фракциясы биліктегі Моңғол халық партиясының бірқатар жоғары лауазымды өкілдерін жемқорлық пен қызметтік байланыстарды жеке мақсатқа пайдаланды деп айыптаған. Оппозиция мәселені тексеру үшін парламенттік комиссия құруды және тергеу нәтижелерін ашық жариялауды талап етті.
Бұған дейін, 9 қарашада, Моңғолияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі президенттің соңғы бес жылдағы табысы мен мүлкі туралы декларацияларын тексеру нәтижесін хабарлаған. Агенттік оның кіріс пен мүлік жөніндегі мәліметтерді дұрыс көрсеткенін және декларация тапсыру тәртібін бұзбағанын мәлімдеді. Алайда бұл қорытынды теміржол құрылысына қатысты тергеудің аяқталғанын білдірмейді.
Моңғолияда президенттің отставкасы парламент мақұлдағаннан кейін ғана күшіне енеді. Сондықтан Хүрэлсүхтің мәлімдемесі оның өкілеттігі ресми түрде тоқтатылды дегенді білдірмейді.
Ухнаагийн Хүрэлсүх Моңғолия президенті қызметіне 2021 жылы кіріскен. Бұған дейін елдің премьер-министрі болған. Кейінгі уақытта Моңғолияда билік партиясының ішіндегі келіспеушіліктер күшейіп, тоғыз ай ішінде үкімет басшысы үш рет ауысқан.
Әзірге парламент президенттің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдаған жоқ. Ал теміржол жобасына байланысты тергеу жалғасып жатыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!