Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бұрын-соңды болмаған жағдай»: сарапшылар «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына пікір білдірді

12.11.2026, 15:35 42

Қазақстандағы екі ірі ұлттық компания басшысының ұсталуына саясаттанушылар пікір білдірді. Олар бұл оқиғаны квазимемлекеттік сектордағы жауапкершілік пен «Заң және тәртіп» қағидаты тұрғысынан бағалады, деп хабарлайды Halyqline.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуын бұрын-соңды болмаған жағдай деп атады. Оның айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының тарихында басшылықтың қылмыстық жауапкершілікке тартылуына қатысты оқиғалар кездескенімен, қор басшысының ұсталуы алғаш рет тіркеліп отыр.

— Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Заң және тәртіп» саясаты аясында елеулі қадам жасады. Квазимемлекеттік сектордағы жоғары лауазымды екі басшы ұсталды. ҚТЖ тарихында мұндай жағдайлар бұрын болған, ал «Самұрық-Қазына» басшысының ұсталуы бұрын-соңды кездеспеген оқиға, – деп жазды саясаттанушы Telegram арнасында.

Әшімбаевтың пікірінше, мұндай әрекеттер мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте лауазым мен саяси ықпалға қарамастан заң талаптарын қолдануға ұмтылатынын көрсетеді. Ол стратегиялық маңызы бар активтерді басқаратын тұлғалардың жауапкершілігі жоғары болуы қажеттігін атап өтті.

Ал саяси шолушы Ғазиз Әбішев мемлекеттік активтерді басқаратын топ-менеджерлердің қызметі барынша ашық болуы керек деп есептейді. Оның айтуынша, миллиардтаған қаржыға жауапты басшылардың шешімдері мен табыстары қоғам тарапынан үнемі назарда болады.

— Миллиардтаған долларды басқарып, мемлекеттік субсидиялар есебінен жүзеге асатын ірі жобалар туралы айтатын басшыларды көрген қарапайым адамның көңілінде күдік тууы мүмкін. Сондықтан мұндай адамдар барынша таза әрі ашық болуы керек, – деп жазды Әбішев.

Саясаттанушы соңғы жылдары «Самұрық-Қазына» қоры бірқатар маңызды жобаны іске асырғанын да атап өтті. Дегенмен оның пікірінше, бұл басшылардың тікелей қызметтік міндетіне жатады. Мемлекеттік ресурстарды басқару құқығы берілген тұлғаларға қойылатын талап та соған сай жоғары болуы қажет.

Әбішев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі қатаң ұстаным ел экономикасының дамуы үшін маңызды екенін жеткізді. Ол мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына жауапты басшылардың әрекеті заң аясында бағалануы тиіс деп санайды.

Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 11 қарашада «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің және өзге де адамдардың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғанын растады.

Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. ҰҚК тергеудің өзге мән-жайлары Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайтынын хабарлады. Ұсталған азаматтардың кінәсі сот үкімімен дәлелденген жоқ.

Коллаж: Халықлайн

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: