«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Қордың баспасөз қызметі қазіргі уақытта уәкілетті органдар тиісті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатқанын хабарлады. Ұлттық компания құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық орнатқанын мәлімдеді.
— Қор құқық қорғау органдарына жан-жақты жәрдем көрсетіп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қажетті өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді және сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынады, – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған. Олармен бірге өзге де адамдар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.
Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорын 2023 жылдың сәуірінен бері басқарып келген. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. ҰҚК қылмыстық істің өзге мән-жайларын жариялаған жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!