Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда бала туу көрсеткіші бесінші жыл қатарынан төмендеп келеді

12.11.2026, 15:20 20

Елімізде дүниеге келетін сәбилер саны жыл сайын азайып барады. Соңғы екі жылда туу көрсеткіші 18,6 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстанда 226 990 сәби дүниеге келген. Былтыр осы кезеңде 249,3 мың, ал 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында 278,7 мың бала туған. Осылайша, екі жылдың ішінде нәрестелер саны 51,7 мыңға немесе 18,6 пайызға қысқарған. Тек өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл 22,3 мыңға аз бала дүниеге келген.

Қазақстанда бала туу көрсеткіші 2021 жылы шарықтау шегіне жеткен еді. Сол жылы 446 мыңнан астам сәби туған. Алайда пандемия кезіндегі демографиялық өсімнен кейін бұл көрсеткіш жыл сайын төмендей бастаған. 2022 жылы 403,9 мың, 2023 жылы 388,4 мың, ал 2024 жылы 365,9 мың бала дүниеге келген. Төмендеу үрдісі 2025 жылы да жалғасты.

Демографиялық өзгерістер Қызылорда облысында да байқалады. Ұлттық статистика бюросының өңірлік мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында облыста 9601 сәби туған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,9 пайызға аз. Өңірдегі халықтың табиғи өсімі де 8062 адамнан 6414 адамға дейін төмендеген.

Мамандар бала санының азаюын бірнеше демографиялық және әлеуметтік-экономикалық фактормен байланыстырады. Олардың қатарында пандемия кезеңіндегі туу көрсеткішінің ерекше жоғары болуы, отбасын құру мен балалы болуды кейінге қалдыру үрдісі, тұрғын үй мәселесі және отбасылардың қаржылық жағдайы бар. Дегенмен аталған факторлардың әрқайсысы қазіргі төмендеуге қаншалықты ықпал еткені жөнінде біржақты қорытынды жоқ.

Соған қарамастан, Қазақстан халқының табиғи өсімі әлі де оң көрсеткіште. Биылғы тоғыз айда 98,7 мың адам қайтыс болып, табиғи өсім 128,3 мың адамды құраған. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде табиғи өсім 151,6 мың адам болған. Демек, ел халқының саны өсіп жатқанымен, өсім қарқыны баяулаған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: