Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үш жылға сотталған журналист Александра Алехованың жазасы жеңілдетілді

12.11.2026, 15:50 42

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы журналист Александра Алехованың жазасын жеңілдетіп, кәсіби қызметпен айналысуына салынған тыйымды алып тастады. Алайда соттың айыптау үкімі күшінде қалды, деп хабарлайды Halyqline.kz «Власть» басылымына сілтеме жасап.

12 қарашада өткен сот отырысында журналистке тағайындалған бас бостандығынан айыру мерзімі үш жылдан екі жылға қысқартылды. Сонымен қатар оның үш жыл бойы журналистік қызметпен айналысуына қойылған шектеу жойылды. Жазаны өтеу 2031 жылғы 2 қазанға дейін, яғни журналистің кенже баласы 14 жасқа толғанша кейінге қалдырылды.

Апелляциялық сот журналистиканың Алехова үшін негізгі табыс көзі екенін ескерген. Сот алқасының пікірінше, оны кәсібінен айыру кәмелетке толмаған балаларын асырау мүмкіндігін шектейді.

— Сенцова журналист болып жұмыс істейді. Бұл оның кәсібі әрі табыс көзі. Сот алқасының пікірінше, бірінші сатыдағы сот оны осы табысынан айыруға құқылы болмаған, – деп түсіндірді судья.

Еске салайық, биыл 3 тамызда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Александра Алехованы Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған. Оған жеке өмір құпиясына жататын дербес деректерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы заңсыз таратты деген айып тағылған.

Қылмыстық іс журналистің 2022–2024 жылдары Алматыдағы «Кенжехан» базарының иелері мен жалға алушылар арасындағы жанжалды жариялауына байланысты қозғалған. Материалдардың бірінде саудагерлердің құқығын қорғаған белсенді әйелдің бұрын сотталғаны туралы мәлімет айтылған. Журналистің қорғаушылары аталған ақпараттың бұған дейін ашық дереккөздерде жарияланғанын алға тартқан.

Бірінші сатыдағы сот Алехованы үш жылға бас бостандығынан айырып, жазасын өтеуді бес жылға кейінге қалдырған еді. Сонымен бірге оның үш жыл бойы журналист болып жұмыс істеуіне тыйым салған. «Әділ сөз» халықаралық қоры бұл жазаны шамадан тыс қатаң деп бағалаған болатын.

Апелляциялық сот жазаны жеңілдеткенімен, журналисті ақтаған жоқ. Александра Алехова сот шешімімен келіспейтінін және істі кассациялық тәртіппен қайта қарауға ниетті екенін мәлімдеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: