Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Митингке шақырғаны үшін қамалған экологтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады

11.11.2026, 10:40 17

Астана қалалық соты Қазақстандағы Практик экологтар қауымдастығының басшысы Лаура Маликованы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Эколог әлеуметтік желіде митингке шығуға шақырғаны үшін жауапқа тартылған, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Бұл туралы «Власть» басылымына Маликованың адвокаты Мейіржан Досқараев мәлімдеді. Оның айтуынша, апелляциялық сот бірінші сатыдағы сот шешімін заңды деп танып, қорғау тарапының шағымын қанағаттандырмаған.

Еске салайық, 3 қарашада Астананың мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты Лаура Маликованы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 7-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамауға алған.

Іске экологтың 2 қарашада Instagram парақшасында жариялаған бейнежазбасы негіз болған. Онда Маликова мемлекеттің әлеуметтік саясатын, отбасылардың табысы мен мүліктік жағдайына қарай жәрдемақы тағайындау бастамасын және экологиялық мәселелерді сынаған. Сонымен қатар Маңғыстау мен Атырау тұрғындарын митингке шығуға шақырып, өзі де әкімдікке бейбіт жиын өткізу туралы хабарлама беретінін айтқан.

Сот бұл жарияланымды азаматтардың бейбіт жиналыстар өткізу құқығын түсіндірумен шектелмейтін әрекет деп бағалаған. Сот қаулысында Маликованың нақты қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша белгісіз адамдар тобына митингке шығуға үндеу тастағаны көрсетілген.

Алайда эколог соттың мұндай тұжырымымен келіспеген. Ол жарияланымында митингтің нақты күні, өтетін орны мен уақыты көрсетілмегенін алға тартты.

Қорғаушы Мейіржан Досқараев та сот шешіміне қарсы екенін жеткізді.

— Біздің Конституциямызда сөз бостандығына кепілдік берілген. Әрбір азамат өз пікірін білдіруге құқылы, – деді адвокат «Власть» басылымына.

Адвокаттың айтуынша, 2 қарашада Маликова полицияға куә ретінде шақырылған. Бірақ ол бөлімшеге барған кезде жауап алудың орнына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Бұған дейін экологтың ұсталуына алаңдаушылық білдірген әріптестері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокурорға ұжымдық үндеу жолдап, оның қамауға алыну мән-жайын тексеруді сұраған болатын.

Қалалық соттың апелляциялық шешімінен кейін Лаура Маликоваға тағайындалған 10 тәуліктік әкімшілік қамау жазасы күшінде қалды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: